Жұмысшы мамандары қат
Ірі өндіріс ошақтары шоғырланған Теміртаудағы кәсіпорындар жұмыс қолына аса зәру. Зейнеткерлікке шығушылардың орнын толықтырушылар аз. Жақында өткен бос орындар жәрмеңкесіне 16 ғана жұмыс іздеуші келді.
Осы жайға байланысты «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысындағы тілшісі Айқын Несіпбай «Қазақмехмонтаж 2» ЖШС кадрлар бөлімінің бастығы Елена Калиновскихке:
– Сіз не дейсіз?
– Иә, біз аталған жәрмеңкеге үлкен үміт артқан едік. Мәселен, кәсіпорнымызға бүгінгі күнде 80 монтажшы, 40 электрмен дәнекерлеуші, 20 слесарь құрастырушы керек. Алдын ала жарнамалар, хабарландырулар арқылы құлақтанған жұрттың жұмыссыз жүргендері еңбекке тартылуға тілек етіп келер дер ойлағанбыз. Өкінішке қарай, олай болмады. 6 адам ғана өтініш білдіріп келді. «Арнаулыөнеркәсіпқұрылыс», «Авангардқұрылыс», «Бетонқұрылыс» сияқты» кәсіпорындардың өкілдері тіптен ешкімді қабылдай алмай, бос қайтты.
Қаладағы қай өндіріске де, құрылыс ұйымына да жұмысшылар тапшылығы мәселесі қиындық келтіріп отыр. Әсіресе, жастар жағының жоғарыда аталған кәсіптерді меңгеруге құштарсыздығы алаңдатады. Шындығын айтқанда, қай-қайсысына бұған жол ашық. 13 және 24 кәсіптік лицейлерде қалаулы мамандық бойынша тегін оқуға болады. Мұның үстіне 12 мың 188 теңге шәкіртақы төленеді. Бірақ соған қарамастан өндірісте еңбек етуге ұмтылушылар өте аз. Сондықтан көп ретте ауыл жастары есебінен тартылып келеді. Алайда бұлай бола берсе егін егетін, мал бағатындар азаяды.
Осы жайға байланысты қалалық мектептерде оқушыларға кәсіптік бағдар беру тәрбиесін мықтап қолға алу керектігі уақыт ұсынып отырған талап. Жұмысшы мамандығы беделі көтерілуі, оны қалаушыларға қолдау жасалуы қажет. Жалпы, бұл бағытта мемлекеттік деңгейде тиісті бағдарлама белгіленсе артық та болмас еді. Қазіргі заман талаптарына сай білікті, шебер жұмысшыларды көптеп даярлау өркендеулі өндіріске қор көмек.
Қарағанды облысы.