Ас атасы – нан. Қазақтың қасиетті кең даласы елімізді астықтан тарылтып көрген емес. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері жомарт даланың берекесі де еселеніп тұр. Сонау кеңес кезеңінде ерен ерлік саналатын миллиард пұт астық жинау құбылысы қазір қалыпты игілікке айналды. Биылғы жылы да еліміздің егіні бітік шығып, ел ырзығы молайғалы тұр. Жақында астықты өңірлерді аралау сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде 18-20 миллион тонна астық жиналады деген болжам жасады. Ал енді сол мол астықты дер кезінде жинап, сақтап, кептіріп, игілікке асыру да ұшан-теңіз жұмыс. Биылғы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жиналған астықты кептіріп, сақтау мәселесі де үлкен жауапкершілікті қажет етіп тұр. Осыған байланысты еліміздегі астық қабылдау кәсіпорындарының жағдайы, дайындығы, жаңа егін астығын сақтау технологиялары туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрағасы Асқар ЖАҚЫПБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Асқар Шәкенұлы, биылғы жылы елімізде қанша егіс көлемі бар, егін шығымдылығының ерекшеліктері қандай?
– Астық өндірісінің деңгейі кез келген мемлекетте әрқашан оның экономикалық дербестігі мен әлеуетінің басты көрсеткіштерінің бірі болған. Осы маңызды өнімнің стратегиялық сипатының болуы бір жағынан, астық өндірісіне мемлекетттің шынайы мүдделілігін анықтаса, екінші жағынан, бүкіл агроөнеркәсіп кешені дамуының негізі болып табылады.
Қазақстанда 2011 жылы дәнді дақылдардың егіс көлемі 16,3 млн. гектарды құрады. Еліміздің негізгі астық өндіруші аймақтарында егіс науқаны кезеңінде қалыптасатын ауа райының жай-күйіне байланысты егу мерзімі созылыңқы болып келеді. Осының салдарынан күзгі кезеңде егінді жинап алу мерзімдерінің ұзаққа созылуы да әбден мүмкін.
Астықтың бүгінгі күнге пісіп-жетілуіне дейін қалыптасқан ауа райының қолайлы жағдайы алдағы жиналатын өнімінің көлемі айтарлықтай болатынын болжамдауға негіз береді. Cоған қоса, маусым айында ашық қызулы күндердің аз болуы, шілдедегі астықтың пісіп-жетілуін 7-10 күнге дейін шегеріп отыр.
Алдыңғы барлық цикл кезеңдердегі шығындардың орны қаншалықты толатынына байланысты болатын, астық өндірісін аяқтауда ең қиындық келтіретін үдерістердің бірі егін орағынан кейін астықты өңдеу болып табылады.
– Диқан қауымының еңбегі жанғалы тұр екен. Енді сол мол астықты сақтау мәселесі қалай болмақ?
– Иә, егін шаруашылығы қызметкерлерінің алдында жаңа егіннің астығын жетік өңдеуді және сақтауды тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Технологиялық үдерістерді дұрыс ұйымдастыру және жақсы материалдық база астықты 5 жылға дейін сапалы сақтауға мүмкіндік береді. Бұл үрдістің әлемдік рынокта астық бағасының маусымдық ауытқуы және тұрақсыздығы жағдайында маңызы зор.
АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің 2011 жылғы 25 шілдедегі мәліметі бойынша, республикада 214 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары бар. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының барлық астық сақтау сыйымдылығы 13,4 млн. тоннаны құрайды. Қоймалар құрылымында сыйымдылықтардың ең үлкен көлемі элеваторларда – 7,0 млн. тонна, одан кейін қоймалық сыйымдылық – 6,0 млн. тонна және металл құрылымдарының сыйымдылығы – 0,4 млн. тонна.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің жедел ақпараты бойынша, 2011 жылғы 12 тамызда жаңа егін астығын қабылдау қоймаларының 74 пайызы дайын екені анықталды.
Жаңа егіннің астығын қабылдауға қоймаларды дайындау мәселесі Жамбыл (100%), Солтүстік Қазақстан (87%), Батыс Қазақстан (84%), Алматы (78%), Қарағанды (77%), Қостанай (76%) және Шығыс Қазақстан (70%) облыстарында жоғары қарқынмен жүргізілуде. Қазір республикамызда жаңа астықты сақтау сыйымдылықтарын қамтамасыз ету деңгейі 83 пайызды құрайды. Дегенмен, негізгі астық өндіруші аймақтарда астық сақтайтын сыйымдылықтар 3 млн. тонна көлемінде жетіспейді, керісінше, басқа аймақтарда бұл көрсеткіш 1,3 млн. тоннаға артық.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Қазақ ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша, өңірлерде алдын-ала жөндеу жұмыстарын қажет ететін астық қоймаларының үлесі 10 пайызды немесе 1,3 млн. тоннаны құрайды. Астық сақтауға арналған сыйымдылықтардың техникалық ахуалына байланысты алаңдатарлық жағдайлар Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасып отыр.
– Ауа райы жағдайына байланысты биылғы жылы жиналатын астық біршама ылғалды болуы мүмкін. Осыған орай жиналған астықты дер кезінде және сапалы кептіру жағдайы қалай болмақ?
– Биылғы астық ылғалды болады деп күтілуде. Осы орайда, егін орағынан кейін астықты өңдеуде астық кептіру шаруашылықтарының маңызы зор, сол себепті барлық астық кептіргіштерді алдын-ала дайындау қажет.
Дегенмен, қолда бар кептіргіштердің көбінің техникалық ахуалы қанағаттанарлықсыз болуының салдарынан тиісті мөлшерде жеткізілетін астықты дер кезінде кептіруде кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде технологиялық желінің жүйелілігін бұзып, астық қабылдау кәсіпорындарының алдында астық тиелген жүк көліктерінің топталуына әкеліп соғады. Яғни, егінжайдағы астықты тасымалдауға қажетті техника бос тұрып қалып, соның салдарынан орақ жұмысына қажетті тасымалдау техникалары жетіспей жатады. Бұл олқылықтың орнын толтыру қазіргі таңдағы басты міндет.
Бүгінде лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарындағы 503 дана астық кептіргіштердің жалпы өнімділігі 19,1 мың жоспарлы тонна/сағатты құрайды. Астық кептіргіштердің негізгі қуаттары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланған. Республикадағы астық кептіргіштер қуаттарының 90 пайызы аталған облыстардың үлесіне тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, астық кептіргіштер паркінің 18 пайызы жөндеуді қажет етеді. Ең көп тозығы жеткен астық кептіргіштердің саны Павлодар облысында. Осы облыста астық кептіргіштер қуаттарының 42 пайызы жөндеуді қажет етеді. Республикамызда астық кептіргіштер қуаттарының жетпіспеушілігі шамамен 8 мың жоспарлы тонна/сағат мөлшерін құрайды.
Сондай-ақ, жалпы өнімділігі 2,5 мың жоспарлы тонна/сағат астық кептіргіштердің 90-ға жуығы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үлесіне келетінін атап өту қажет. Астық қабылдау кәсіпорындарында бүгінгі күнге жаңа орылған және сақталып тұрған астықтың сапасын бақылау мәселесі әлсіз буын болып отыр. Осы орайда, 2006 жылғы дайындау науқанында ауа райының қолайсыз жағдайы әсерінен, атап айтқанда, астықты жинау және жиын-терін кезеңдерінде жиі жауған ылғалдан өсіп тұрған, дестедегі және ашық алаңдарда сақталған астық дәнінің өсіп-өнуі орын алатынын ұмытпау керек. Дәннің өсіп-өнуінен оның пайдалы құрамы биохимиялық ыдырауға ұшырап, нәтижесінде нан және нан өнімдерін пісіру сапасын төмендетті. Сондықтан кәсіпорындар бұрын орын алған мұндай ахуалдың биыл қайталануына жол бермеу үшін барлық шараларды қолдануы және бидай дәнінің амилолитикалық белсенділігіне ұдайы бақылау жүргізуге қажетті құралдармен жан-жақты қамтамасыз етілуі қажет.
– Диқанның маңдай терімен өсірілген астықты жинап алғаннан кейін оны қайта өңдеу жұмыстары да ауқымды. Осы орайда бұл саланың кәсіби мамандармен қамтамасыз етілу әлеуеті қандай?
– Егін орағынан кейін астықты өңдеу жұмыстарында маманданған кәсіби кадрларға жүктелетін жауапкершілік үлкен. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдары және астық қабылдау кәсіпорындары білікті мамандармен толықтыруды қажет етеді. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында «Астық, ұн, жарма және құрама жемдер технологиясы» мамандығы бойынша инженер кадрлар даярланбайды. Ал колледждерде орта буын салалық мамандар даярлау мәселесі де төмен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу Қазақ ғылыми-зерттеу институты қалыптасқан мәселені шешу үшін орта буынның салалық мамандарын – сепараторшыларды, астық кептіру шеберлерін, өндірістік-техникалық зертханалардың қызметкерлерін дайындау бойынша жыл сайын көшпелі қысқа мерзімді курстар өткізуде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі 22 шілдеде астық қабылдау кәсіпорындарының астықтың жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындығын тексеру бойынша Ақмола облысында көшпелі отырыс өткізді. Отырыс өткізу барысында кадрлық және зертханалық қамтамасыз ету, егін орағынан кейін астықты өңдеу және сақтауға қатысты барлық өзекті мәселелер қаралып, сондай-ақ, оларды шешу жолдары белгіленді. Атап айтқанда, астықты полиэтиленді қоймада сақтау технологиясын ендіру және астық кептіру шаруашылықтарының тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар ұсынылды.
Қорыта айтқанда, барлық мүдделі органдардың бірлескен күшімен астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын дер кезінде дайындық сапына қою арқылы біз болашақ мол астықты дұрыс және сапалы сақтау мүмкіндіктеріне қол жеткіземіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.