ОНДАҒЫ ЫҚТИМАЛ ОҚИҒАЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ БАСТЫ КІЛТІ – ТИЯНАҚТЫ ӘЗІРЛІКТЕ
Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі, қоғамдық қатынастардың барлық негіздерінің терең бетбұрысы халық пен аумақтарды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жүйесін қайта құру қажеттілігін талап етті. Осы орайда еліміздің төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінде не жасалды, қандай шаралар қолға алынды, жалпы, тәуелсіздік жылдарында не істелінді деген сұрақпен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкоға жолығып, атқарылған және алда тұрған келелі міндеттер туралы сұқбаттасудың сәті түсті.
– Владимир Карпович, төтенше жағдайлардан қорғану жүйесінің қазіргі деңгейіне көтерілу кезеңі Тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келгені анық. Осы орайда оның қалыптасу жолдарына көз жүгіртіп өтсеңіз?
– ТЖ-ның алдын алудың және оларды жоюдың тиімді жүйесін жасау ісіндегі алғашқы қадам «Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесін құру туралы» Президент Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 21 тамыздағы Жарлығынан басталды. Соған сәйкес республика халқы мен аумағын авариялардан, апаттардан және дүлей зілзалалардан қорғау ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларының бірі болып танылды. Осы Жарлықпен Төтенше жағдайлардың мемлекеттік комиссиясы туралы ереже бекітілді.
Мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесін қайта құру барысында 1995 жылғы 19 қазанда еліміздің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті (ТЖМК) құрылды. Бұрынғы мемлекеттік қалалық техникалық қадағалаудың функцияларын және өкілеттігін ТЖМК-ға беру, одан әрі Мемлекеттік өртке қарсы қызметін ТЖМК құрамына енгізу саланы қайта қалыптастырудың келесі кезеңі – ТЖМК функцияларының кеңеюі және оның құрылымының нығаюы кезеңінің бастамасын білдіреді. Сонан кейін ТЖМК Төтенше жағдайлар комитеті, одан кейін Төтенше жағдайлар агенттігі болып қайта құрылды. Президенттің тапсырмасы бойынша 2008 жылғы 22 қаңтардағы Қауіпсіздік кеңесі отырысында 2008-2009 жылдары ТЖМ жүйесінде әкімшілік реформа болып, ол орталық аппарат және облыстардағы дара басшылық рөлін үйлестіруді барынша күшейтіп, жаңа, функционалды ұтымды құрылым құруға мүмкіндік берді.
Тәуелсіздік жылдарында бірқатар ірі жобалар ойдағыдай іске асырылды. Олардың арасында Алматының тау бөктеріндегі Медеу шатқалындағы сел бөгеті, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзенінде су тасқынына қарсы Көксарай су реттегіші алғашқы кешенінің іске қосылуы, «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суы басуынан қорғау» кешенінің жобалық қуатқа шығуы, Щучье-Бурабай курортты аймағында үш заманауи өрт сөндіру депосының және Астанада ТЖМ спорт кешені құрылысының пайдалануға берілуі ерекшелене түсті. Төтенше жағдайларда шұғыл медициналық ден қою жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізілді. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-пен бірге «Денсаулық» және «Жәрдем» емдік-диагностикалық пойыздар жіберілді. Ал ағымдағы жылы үшінші медициналық пойыз жіберу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы ТЖМ еншілігіне апаттар медицинасының емдік базасына айналған 16 госпитальды беру туралы шешім қабылдады. Еліміздің барлық аймақтарында апаттық медицинаны құру, клиникалық базаны жасау төтенше жағдайлар кезінде зардап шегушілерге жедел көмек көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді. ТЖМ авиапаркін күшейту жөніндегі Президенттің шешімі уақтылы және орынды болды. Мемлекет басшысы министрлікке еліміздің стратегиялық объектілері және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Осы тапсырмалардың орындалуы біздің мемлекетіміздің жоғарғы құндылығы ретіндегі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардан халықты сенімді қорғау бойынша басты міндетті шешеді.
– Құтқару және өрт техникаларының саны және сапасына жиі сын айтылып жатады, өртке қарсы қолданылатын арнайы мақсаттағы техникалардың сапасы қандай?
– Бүгінгі күні өрт-құтқару бөлімшелердің техникалық қайта қарулануы бойынша белгілі нәтижелерге қол жеткізілді, бұл, сөз жоқ, жедел ден қою және халыққа қызмет көрсетудің сапалы көрсеткіштерін жоғарылатуға міндетті түрде әсер етеді. Астана және Алматы қалаларының, облыстардың өртке қарсы қызмет органдары бөлімшелерінде әртүрлі мақсаттағы 2591 техника, оның ішінде негізгі және арнайы 1769 өрт автомобильдері және қосалқы 822 техника бар.
Жедел құтқару жасақтары жоғары өтімді арнайы құтқару техникасымен қамтамасыз етілуде. Төтенше жағдайлар орнына құтқарушы бөлімшелер мен жабдықтарды жеткізуге, тіркемені тіркеуге алуға, адамдар мен жүкті тасымалдауға арналған КамАЗ базасында авариялық-құтқарушы 14 автокөлік, топырақта, шалшықты жерде, сусымалы құмда және қалың қарда жүретін Нива (Бронто-Марш 1992) базасында жоғары өтімді құтқарушы 9 автокөлік, жолсыз, су тасқыны, қарлы боран, құлама және жаппай қирау жағдайында төтенше жағдайлар орнына құтқарушы бөлімшелер мен жабдықтар жеткізетін, тіркеуге алатын, сүйрегіш жыланбауырлы 14 тасымалдағыш бар. Сонымен қатар «Пегас» ауа жастықты 5 кеме де бар. Біздің министрліктің ерекше мақтанышы – авиация. Дәл осы бөлімше қиын жерлерден азаматтарды көшіруде, қайырымдылық көмек жүгін жеткізуде халықаралық операцияларды жүргізеді. Қазіргі уақытта ТЖМ «Қазавиақұтқару» РМК балансында 18 бірлік авиациялық техника, оның ішінде 9 ұшақ, 9 тікұшақ бар.
2011 жылы «ТРЭКОЛ» тобындағы жолсызда, батпақта жүретін 4 көлік сатып алу жоспарланды. Бұлар жолсызда, су тасқынында, боранда, зілзала және жаппай қирау жағдайында халықты ол аймақтардан жылдам көшіруге, құтқарушыларды, дәрігерлер мен азық-түлік жеткізуге қысылтаяң жағдайда іздеу және авариялық-құтқару жұмыстары кезінде пайдаланылатын болады.
– Астана, Алматы қалаларының биік ғимараттарындағы өрт кезінде өртті сөндіру және азаматтарды құтқару мәселелері қалай шешілуде?
– Бүгінде республикада 566 биік ғимараттар мен құрылыстар бар. Біздің елімізде де жақын және алыс шетелдердегідей өрт қауіпсіздігі мәселелері құрылысты жобалау кезінде назарға алынады, олар өрттерді уақтылы аңғару мен сөндіруге, халықты қауіпсіз көшіруге бағытталған. Соның ішінде түтіндемейтін басқыш алаңы, түтінге қарсы қорғау жүйесі, көтергіш сорғымен іштегі өртке қарсы су құбыры, автоматты өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйесі бар.
Сонымен қатар биік ғимараттар өрт бөлімшелері және өрт сөндіру құралдарын жоғарғы қабаттарға жеткізу үшін жеделсатымен жабдықталған. Өрт сөндіру қызметінің қолында 85 автобаспалдақ және 21 автоиінді көтергіштер бар, оның ішінде 14 бірліктің 50-ден 88 метрге дейінгі биіктікте құтқару жұмыстарын жүргізуге және өрт сөндіру құралдарын жүргізуге мүмкіндігі бар. Министрліктің 2011 жылға арналған бюджеттік қаржыландырылуы шеңберінде түрлі мақсаттағы өрт автомобильдерінің 80 бірлігін сатып алу көзделіп отыр, оның ішінде автомобильдердің 14 бірлігі жұмыс жасау биіктігі 30 метрге дейін жететін өрт автобаспалдақтары.
– Сіздің ойыңызша, өрт сөндіру қызметтерінің бөлімшелері Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұлттық байлығын қорғау бойынша алға қойылған міндеттерді орындауға әзір ме?
– 2009 жылы Женевада 187 елдің қатысуымен өткен зілзалалар қаупін төмендету бойынша жаһандық платформаның 2-ші сессиясында зілзалалар қаупін төмендету бойынша қазақстандық платформа ең көп функционалды және тиімділердің бірі болып танылғаны төтенше жағдайларға ден қою саласындағы Қазақстан рөлінің артып келе жатқанын айғақтайды. Тәжікстан, Қырғыз Республикаларының төтенше ведомстволары, БҰҰ гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы Қазақстанның Дүлей зілзалаларға ден қою және қауіпті төмендету жөніндегі орталықты құру бастамасын қолдады, оның қызметі 2010 жылы басталған болатын. Сөйтіп, соңғы жылдары республиканың өрт-құтқару бөлімшелерін инновациялық-техникалық қайта жарақтандырудың белгіленген нәтижелеріне қол жеткізілді. Қазіргі заманғы талаптарға сай келетін өрт сөндірудің жаңа және тиімді технологиялары енгізілді.
Өртке қарсы қызметті қайта жарақтандыру іс-шараларының іске асырылуы жедел қызметтердің өрттерге және басқа төтенше жағдайларға ден қоюының ұтқырлығы мен жеделдігінің артуына алып келді, ол өз кезегінде өрттерді оқшаулау мен жою уақытын қысқартуға, олардың салдарынан адам және материалдық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.
– ТЖ мамандарының даярлық деңгейі жөнінде айтып өтсеңіз?
– Бүгінгі таңда Қазақстанда өртке қарсы қызмет үшін білікті мамандарды даярлауды жүзеге асыратын жалғыз білім ордасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты болып табылады.
Оқу тегін, оқудың бүкіл кезеңіне курсанттар нысанды киіммен, тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Үміткерлерді оқуға қабылдау талапкерлердің аумақтық Бірыңғай ұлттық тестілеу орталықтарында алған сертификаттарының негізінде және кешенді тестілеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ талапкерлер дене шынықтыру бойынша сынақтар тапсырады және медициналық тексерістен өтеді. Курсанттың институттың күндізгі бөлімінде оқу мерзімі мерзімді әскери қызметтің өткерілуіне теңестіріледі және 4 жылды құрайды. Бітіргеннен кейін курсантқа өрт сөндіру қызметінің лейтенанты-арнайы әскери атағы беріледі. Сондай-ақ осы жоғары оқу орнының сыртқы бөлімінде министрлікте жұмыс істейтін қызметшілер оқиды.
Сонымен бірге өрт сөндіруші-құтқарушыларды кәсіби даярлауда өрт сөндіру мемлекеттік мекемелерінің кәсіби даярлау және оқу пункттерінің мектептері маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі органдарына қызметке алынатын адамдар кәсіби даярлау мектептерінде алғашқы әскери оқудан өтеді.
– Түрлі табиғи апаттар, мысалы, жер сілкінісі ықтимал жерлерде қандай алдын алу шаралары жүргізіледі?
– Министрлік күн сайын негізгі мәліметке енгізілетін және басқару органдарына дейін жеткізілетін болжам алады. Егер ТЖ алғашқы хабары пайда болса комиссия жиналып, өз қорытындысын шығарады, жер сілкінісінің қаупі болған жағдайда ол осындай оқиғаларға ден қою жоспарына енгізіледі. Министрлікте ден қою жоспарына сәйкес барлық іс-шаралар пысықталған. Шын мәнінде қауіп төнген жағдайда министрлік тұрғындарды хабардар ету шешімін қабылдайды. Ол үшін дабылдар жұмыс істейді, қажетті арналарды ұстау жүйесі бар.
Сонымен қатар министрлік жыл сайын «Қыс», «Көктем» атты республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізеді. Аталған оқу-жаттығулар төтенше жағдайлардың мемлекеттік жүйесінің және тұрғындардың қысқы және көктемгі кезең жағдайларында ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жоюға дайындығы мен мүмкіндігін арттыру, көлік магистралдары мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс істеу қабілеттері бұзылған жағдайларда қол астындағы күштерді басқару бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы үйлесімділікті жетілдіру; қысқы және көктемгі кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының санын, құрамын, мақсатына сәйкестігін және іс-қимылдарға дайындығын, сондай-ақ материалдық-техникалық ресурстар, энергия жабдықтаудың резервті көздерінің бар болуын және жай-күйін тексеру мақсатында өткізіледі.
– Сізді қандай мәселелер алаңдатады?
– Проблемаларға қатысты айтатын болсам, ол бірінші кезекте, республика аумағының табиғи төтенше жағдайларға жоғары ұшырағыштығы: 2700 мұздық, 596 мұздақ және мұздық көлдері, 5650 сел ошақтары, 800-ге жуық көшкін ошақтары, 120-дан астам сырғыма қауіпті учаскелер, 852 су тасқыны қаупіне ұшырауы мүмкін учаске бар. Министрлік маусымдық су тасқындарына, селдерге, сырғымалар мен көшкіндерге, өрттер мен жер сілкіністеріне қарсы тұру инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын аумақтарды дамытудың бесжылдық бағдарламаларына, сондай-ақ облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің стратегиялық жоспарларына енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Осы жұмыс оң әсер береді деп сенеміз.
– Тәуелсіздік бізге не берді?
– Президент еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы дамуын қорытындылағанда өзінің 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ел прогресінің жарқын мысалы ретінде 1994 жылмен салыстырғанда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 12 еседен артық өсіп, бүгінгі күні 9 мың АҚШ долларынан асып түскенін келтірді. Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмаған. Бұл сандар дамудың қазақстандық жолының – бостандық, бірлік, тұрақтылық, өркендеу секілді құндылықтарын айғақтайды. Уақыттың осындай қысқа тарихи мерзімінде Қазақстанның төтенше қызметі де елеулі дамуға қол жеткізді. Осыдан 20 жыл бұрын Министрлер кабинеті жанындағы комиссия түріндегі төтенше ведомствоның саны 4 адамды құрайтын. Бүгінде ТЖМ құрылымы өзінің толықтырылуы бойынша алғанда кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте оған теңестер мұндай құрылым жоқ. Министрлік құрамына табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, Азаматтық қорғаныс, мемлекеттік материалдық резерв, апаттар медицинасы қызметі, құтқару авиациясы саласындағы маңызды мемлекеттік функциялар біріктірілген. Осы көп функционалды құрылым мемлекеттің азаматтары мен экономикалық әлеуетінің қазіргі заманғы табиғи және техногендік қауіптерден қорғалуын қамтамасыз етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.