23 Тамыз, 2011

Жанашырлар көбейе түссе...

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс әкімі Бергей Рысқалиев болашағынан үміт күттіретін талантты спортшылардың өзі қалаған спортымен алаңсыз шұғылдануына, жаттықтыру­шылардың бастаған ісін әрі жалғас­тыруына ұдайы қолдау білдіруде. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшыларына өңірдің әр аудан орта­лығында бір спорт кешенін салып беруге ұсыныс жасады. Сонымен бірге, ол 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпия ойындарына қатысқан аты­рау­лық спортшылар жүлдегер, не же­ңім­паз болғанда қаржылай сый ұсы­нуға ұсыныс білдірді. Бұл тек спорт­шыларға ғана қанат бітіріп қоймай, өңір жұртшылығын да елең еткізді. Осы әлемдік спорттық додадан таэ­к­вондошы Арман Шылманов қола жүл­дегер атанып, мұнайлы өңірдің ғана емес, ел спортының дамуына ай­рықша үлесін қосты. Бұл – Атырау спорты тарихындағы алғашқы Олимпиада медалі. Осылайша, спортшылары үшін Олимпиаданың медалін алуға жол салынды. Арман Шылмановтың осы­нау ақжолтай медалінің сыңғыры өзге спортшыларға қанат бітіріп, келешекте өңірде Олимпия ойындарының жүл­дегерлер қатары толыға түсеріне сенеміз. Соңғы жылдары Атырауда да спорттың бұқаралығын арттыруға қол ұшын созатын кәсіпкерлер қатары да көбейе түсуде. Мәселен, Индер ауда­нында Бағытжан Иманбаев, Атырау қа­ласында Владимир Пак сияқты кәсіп­кер жігіттер спортшылардың түрлі респуб­ликалық, халықаралық чемпио­нат­тарға, турнирлерге қатысуына демеу­шілік таны­тып, қаржылай қолдауын білдіріп келеді. Бұлардан өзге әр спорт түрлері бойынша құрылған федера­цияларды басқарып, атыраулық спорт өрен­дерінің танылуына меценаттық көмегін аямайтын жанашыр азаматтар шоғыры қалыптасуда. Өйткені, елінің ертеңін ойлайтын отаншыл азаматтар жас­тар­дың патриоттық рухын оятатын спорт­тың өркен жаюы тек талантты  спорт­шының шеберлігін шыңдауымен ғана дамымайтынын, талантты спорт­шы­ларға моральдық та, материалдық та қолдаудың қажет екенін біледі.   Сол себептен спортшыларға жанашырлық танытар меценаттар қатары бүгінгіден де көбейе түссе, қазақ елінің абыройы мен айбынын асқақтатар спорт­шы­лардың бабына қоса бағы жанары даусыз. Гүлжамал ҚАЛЕНОВА, Атырау облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары. Атырау облысы.