23 Тамыз, 2011

Салиқалы таңдау салтанаты

279 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Халықаралық байқаушылар не дейді? Өткен жұма күні Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы болып өтті. Аталған үдеріс бойынша ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ, деп жария етілді. Осыған үндес халықаралық байқаушылар пікірлері беріліп отыр. Вадим ГУСТОВ: Ақмола облысындағы Степногор қаласында дәрігер болып жұмыс істегенмін. Өңірдегі бүгінгі өзгерістерге тәнті болып отырмын. Сайлау мен дауыс беру үдерістері жоғары ұйымшылдықпен, кәсіби тұрғыда әрі демократиялық сипатта өтті. Эллада ФРОЛОВА: Сайлаудың жоғары деңгейде өтуі Қазақстан заңдарының халық мүддесімен сабақтас­тығын көрсетеді. Биыл өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан сайлауларды ұйымдастыру мен өткізудің оңды үлгі-тәжірибесін қалыптастырған. Оның нәтижелерін елдің өркендеген тіршілігінен де көруге болады. Ақмола облысы. Анатолий МОИСЕЕВ: Байқаушы ретінде басқа республикаларда өткен сайлауларды да көріп жүрмін ғой. Сондықтан бұл сайлау жоғары ұйымшылдықпен әрі шынайы демократиялық негізде өтті деп сеніммен айта аламын. Сайлауалды науқаны кезінде де, сайлау бары­сында да бірде-бір заң бұзушылықтар байқалған жоқ. Алматы облысы. Александр НАЛЬВАДОВ: Сайлауды ұйымдастыру үдерісімен жете таныспын. Бұл шараға қатысты ақпарат­тар алуда ешқандай кедергі болған жоқ. Сайлау Қазақстан­ның «Сайлау туралы» Заңына, ел Конституциясына және Президенттің Жарлығына сәйкес өтті. Дауыс беру бары­сына ешқандай ескерту жоқ. Бәрі байқаушылардың және үміткерлердің көз алдарында болды, ашықтық, жариялы­лық және демократиялық талаптар қатаң сақталды. Ақтөбе облысы. Елена ШУБИНА: Менің сайлау өткізуде 15 жылдық тәжірибем бар. Байқаушы ретінде Қазақстандағы президенттік сайлауға да келген болатынмын. Ал Сенат сай­лауын ұйымдастырудан да ешқандай мін тапқан жоқпын. Барлығы да ашық, жариялы негізде өтті. Бюллетень жәшігі мен кабинаның сахнаға орналастырылуында да ашықтық пен демократиялылыққа аса мән берілгені байқалды. Қостанай облысы. Антонина ГАЛЯШКИНА: Сайлаудың ұйымдас­ты­рылу деңгейі өте жоғары бағаға лайықты. Мұнда бәрі де қамтылған, бәрі де ескерілген. Парламенттің жоғарғы палатасы сайлауына қатысушылар өз таңдаулары мен еріктерін толық білдіре алатынына көзіміз жетті. Өйт­кені, ол жабық, жасырын дауыс беру жолымен жүргі­зіл­геніне куә болдық. Мұндайда қандай да бір болмасын әкімшілік кедергілер жасауға мүмкіндік қалмайды. Людмила ЖУКОВСКАЯ: Парламент Сенатына депутаттар сайлау демократиялық тұрғыдан өзге көршілес мемлекеттердің көбінен биік тұр деп ойлаймын. Мұнда Сенат депутатын сайлауға ең төменгі аудандық дең­гей­дегі депутаттар да қатысады екен. Бізде, Ресейде басқашалау. Мұндай ұстаным бізді де қызықтырады. Батыс Қазақстан облысы. Владимир ПУГИН: Өз басым, Қазақстанда сайлау науқандарының заңнама, демократия талаптарына сәйкес өткізілетінінің куәсі болып жүрмін. Биыл Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің сайлауына бастан-аяқ қатыс­тым. Аудандарға дейін барып, сайлаудың ашықтығына көз жеткіздім. Солтүстікқазақстандықтардың Сенат де­пу­таттарын сайлауға да жан-жақты әзірленгенін анық байқадық. Әріптестерім де науқанның ұйым­дас­ты­рылуы­на жоғары баға берді. Таңдаушылардың түгелге жуық жиналуы олардың өз міндеттеріне зор жауапкершілігін аңғартады. Солтүстік Қазақстан облысы. Гүлнар ЖОРАБАЕВА: Мен өзім Қырғыз Респуб­ли­касы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орын­ба­сары болып табыламын. Қазақстанда өткізілген Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға байланысты мынаны айтқым келеді. Елде осы үдеріске дайындық жан-жақты жасалғаны, таңдаушылардың көтеріңкі көңіл-күйі анық байқалып тұрды. Бәрі Қазақстанның заңнамаларына сәйкес өтті. Өз басым Оңтүстік Қазақстанның елін де, жерін де жақсы білемін. Жетістіктеріңіз көбейе бергей. Оңтүстік Қазақстан облысы. Азат АХТАРЕЕВ: Біз сайлаудың қандай да бір жолсыздыққа мүмкіндік бермей таза, жоғары ұйым­шылдықпен өткеніне куә болдық. Өзіміз байқаушы ретінде қатысқан Маңғыстау облысында Қазақстан Пар­ламенті Сенаты депутатын сайлау жоғары дең­гей­де өтті. Сайлаудың заңдылықтары мен ережелеріне нұқсан келтіретін бірде-бір факті болған жоқ. Маңғыстау облысы.