23 Тамыз, 2011

Миссия оң бағасын берді

323 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы болып, оған көптеген халықаралық ұйымдар мен шетелдердің байқаушылары қатысты. Солардың бірі, яғни ТМД Байқаушылар миссиясы сайлау болған күннің ертесіне баспасөз мәслихатын өткізіп, өздерінің ойға түйгендерін және көріп білгендерін ортаға салды. Сайлауға дайындық барысын саралау жұмыстары әлдеқашан  басталып кеткендігімен бөліскен  миссия жетекшісі Сергей Лебедев бұған интернет мүмкіндік бергендігін айтты. Миссия штабы ТМД ПАА-ға мүше мемлекеттер азаматтары­ның сайлау құқын қорғау, парламентаризм және демократия да­муы­ның халықаралық мониторингі инс­ти­тутымен бірлесе оты­рып, Қа­зақ­стан Республикасы Сенаты де­путат­тарын сай­лауды реттейтін заңна­ма­ны сара­ла­ған және оны халықаралық та­лаптарға сай деп тапқан. Сонымен қатар, миссия өкілдері саяси науқан алдындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал­дың тұ­рақты болуы сайлаудың ашық та әділ өтуіне өзіндік оң әсерін берді дейді. Қазақ­станға келгенде де миссия бас­шы­лары еліміздің бірқатар билік құры­лым­дары бас­шыларымен жемісті кездесулер өткізіпті. Осы орайда сайлауға қатыс­ты түсіндіру-ақ­параттық жұмыстар­дың жо­ғары деңгей­де жүргізілгені де назардан тыс қалмаған. ТМД Байқаушылар миссиясы құра­мына Армения, Белоруссия, Қырғыз­стан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбек­стан, Украина, ТМД-ға мүше мемлекеттер ПАА және ТМД Атқару комитеті кіреді.  Сенат депутаттарын сай­лау­ға бай­қау­шы ретінде  8 елден 68 өкіл келгені де белгілі.  Молдова мен Әзер­бай­жан  өз өкіл­дерін байқаушы ретінде жібермеуі миссия өкілдері үшін әзірге түсініксіз. Қызылордадан өзге барлық облыстарды аралағандығымен бөліскен ТМД Байқау­шылар миссиясының жетекшісі сайлау­дың ашық та әділ өткендігін ерекше атап өтті. «Жәшікке бюллетень салудан санақ жүргізуге дейін барлығы көз алдымызда өткізіл­ген­діктен, бұрмалау да мүмкін емес еді», деді ол ашығын айтып. Сайлау науқаны кезінде заң бұзушы­лықтарға жол берілмеген. Депутаттық  орын­ға таласуға 96 адам ниет білдірсе, Ор­талық сайлау комиссиясы солардың тоғызы өз кандидатурасын алып тас­тауы­на байланысты тіркемепті. Заңда көр­се­тілген мерзімде тиісті құжаттарын тап­сыр­маған 27 үміткер де додадан шығып қалған. Ал тіркеуге ілінгендердің ішінен де жиыр­маға тартасы өз рай­ларынан қайтатын­дықтарын білдіріпті. Бір үміткер кіріс декларациясын дұрыс толтырмай, тір­кеуге алынбаған. Сонымен, 16 депу­тат­тық орынға 39 адам­ның талас­қанын орын­ды атай кеткен жөн. Миссия өз тарапынан Солтүстік Қазақстан облы­сында дұрыс тіркемеу, ал Батыс Қа­зақ­стан облысында үгіт-насихат жұмыс­тарының алдын ала басталып кеткен фактілері бойынша заң бұзушылықтар анық­тал­мағандығын қуат­тады. Миссия өкілдерінің пікірінше, ТМД-ға мүше мемлекеттердің сайлау заңнамасы жылдан жылға жетілдіріліп келеді. «Ха­лық­­аралық нормаларға тақап қалдық, кейбір тұстарда озып та кеттік десек болады. Кейбір ұлттық нормалар батыс­тық заңнамамен қабыса бермейді, оның басты себебі ұлттық ерекшеліктерде жатса керек. Әрине, ұлттық ерекшеліктерді ескермеуге де болмайды. Толықтай алғанда, біз сайлау барысында Орталық сайлау ко­миссиясының ұйымдас­қан іс-әрекетін көрдік», деді Сергей Николаевич ағынан жарылып.  Ал өз кезегінде ресейлік бай­қаушы Вадим Густов ТМД ау­мағында сайлау үдерістері байқалуда екен­дігімен бөлісті. Ресейде сайлау науқаны бас­таларын ортаға салған ол бір қыркүйек айының өзінде сегіз сайлау өткізілетінін жеткізді. Көршілес Қырғызстанда президенттік сайлау екі айдан кейін басталады. Қазақстан тәжірибесі  көршілес жатқан қырғыз еліне тиімді болмақ. Сондай-ақ, миссия  мүшелері Қазақстандағы жағдай­дың бұ­рын­ғыдан да жақсарып келе жат­қан­дығына жан-жақты тоқталды. Қорыта айтқанда, ТМД Байқаушылар миссиясы сайлаудың баламалы әрі бәсе­ке­лестік жағдайда,  сондай-ақ Қазақстан заңдарына сәйкес өткендігін жеткізді. Олай болса, бұл  Қазақстан заңдарының демо­кратиялық құндылықтарға құрылған­дығын көрсетеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.