23 Тамыз, 2011

Орақ – 2011

561 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бітік егін берекесімен жиналса игі Биыл Қостанайда егін өте бітік шықты. Ол 2007 жылғы мол астықты еске салады. Егін­нің шығымы облыс өңірінің қара топырақты солтүстік аудан­дарында ғана емес, шөлейтті оңтүстік аудандарында да жақ­сы. Ал дәнді ылғал сақтау тех­но­логиясымен егетін ғалым-аг­роном Валентин Двуречен­ский­дің егіс алқабындағы әр шаршы метрде 550 бидай сабағы өсіп тұр! Облыста биыл дәнді да­қыл­дар себілген 4,3 милион гек­тардың 90 пайызы ылғал сақтау немесе нөлдік технологиямен өңделген. Оның үстіне биыл Табиғат ана да жомарт­тығын көрсетті. Маусым, шілде айлары жаңбырлы болды. Нау­ыр­зым, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласының аума­ғында ылғал биыл көпжылдық орташа нормадан әлдеқайда көп түсті. Ендігі міндет, осы мол астықты шашпай-төкпей, жау­ын-шашынға ұрындырмай, ысырапсыз жинап алу болып отыр. Ауылшаруашылық тауарла­рын өндірушілердің үстіміздегі жылдың егін орағына дайын­дық барысы қаралған кеңесте облыс әкімі Сергей Кулагин мол астықты жинаудың қиын­дықтары да аз болмайтынын ескертті. Әдетте, қыркүйек айы­ның 10-15 жұлдызынан әрі қарай еліміздің солтүстік өңірінде күзгі жаңбыр, лайсаң басталады. Күз шуақты, құрғақ болса, тіпті, жақ­сы. Бірақ ауа райын болжау­шы­лар диқандарды батыл сендіріп отырған жоқ. – Диқан, өзіңе ғана сен. Би­ылғыдай егіннің жылда шыға береріне де ешкім кепіл бола ал­май­ды. Сондықтан бар мүмкін­дікті пайдаланып, астықты қам­баға құйып алу керек, – деді об­лыс әкімі. Көктемнің жауынды-шашын­ды болуына байланысты облыста дән сіңіру жұмыстары кешеуілдеген болатын. Кеңесте баяндама жасаған облыс әкімінің орын­ба­сары Нұралы Садуақасов биылғы астықтың мерзімінен кешеуілдеп пісіп отырғанын және өте бітік екенін айтты. Дегенмен, тамыз айының екінші онкүндігіндегі бір аптаға созылған 30-35 градус ыстық әлі уыз күйінде тұрған дәннің қатуына көп септігін тигізді. Күн ашық болып, жауын-шашын болмаса облыс аудан­дарындағы астық алқаптары­ның 90 пайызы аз күнде орақ салуға дайын болып қалады. Сондықтан диқандар дәннің пісуіне байланысты алқаптарға орақты қашан салуды, қалай жи­науды өздері шешетін бола­ды. Қазір көптеген шаруашы­лық­тар сұлы мен арпаны ора бастады. Шаруашылығының бар­лығын ылғал сақтау техно­ло­гиясына негіздеген Заречный ғылыми-зерттеу институтының директоры Валентин Двуреченский жиналғандарға слайдтан өзінің орып, дестеде жатқан арпа алқабын көрсетті. Ол биыл гектарынан 40 центнерден арпа жинап жатқанын жеткізді. Ал өзге шаруашылықтар бұл дақылды гектарына 16-17 центнерден асырмайды. – Бір нәрсені ескертемін. Ас­тықты неғұрлым ерте, тез жинасаңдар элеваторларда орын болады. Олар астықты 16-17 пайыздық ылғалмен қабылдай алады. Ал кешіккендерге мұн­дай мүмкіндік болмайтыны белгілі, – деді Сергей Кулагин. – Облыста астық қабылдауға лицензиясы бар 40 кәсіпорын науқанға материалдық-техни­ка­лық жағынан сақадай сай отыр. Элеваторларда 4 миллион тоннадай астық сақтауға болады. Бір­ақ биылғы егіннің бітік шы­ғуына байланысты жиналатын астық мұнан бір жарым еседей көп болатын түрі бар. Сон­дықтан егін орағы қызған шақ­та элеваторларға ылғалды астық көп мөлшерде түсіп, орын жетпеген жағдайда қызыл дәннің ысырап болмауы үшін оны елі­міздің өзге аймағындағы қой­ма­ларға жеткізу жағы да қарас­ты­рылатын болады. Оны Пре­мьер-Министрдің өкімімен құ­рыл­ған Ауыл шаруашылығы ми­нистрі жетекшілік ететін жұмыс тобы жағдайдың қалып­тасуына қарай шешеді. Мол астық қамбаға оңай­лық­пен түспейді. Өткен жыл­да­ры ауа райының құрғақ болуы­нан астықтың 80-90 пайызы комбайнмен тікелей орылып, жи­налып, элеваторларға тасыл­ды. Ал биылғы мол астықты олай жинауға мүмкіндік жете ме, ауа райы кедергі келтірмей ме – ол жағы да диқандарға әзірге бей­мәлім. Техника демекші, облыста биылғы орақ науқанына 12 мың астық жинайтын комбайн қа­тыс­пақ. Оның ішінде 2,6 мыңы өнімділігі жоғары, шетелдік техникалар, олармен барлық астық алқабының 2,9 миллион гектары, яғни 68 пайызы жиналады. Оның сыртында 3 мың жатка, 8 мың жүк машинасы, 18 мың трактор тіркемелері астық алқабында жұ­мыс істейтін болады. Өткен жыл­дары облыс шаруашылықтары техниканы жаңартуға күш салды. Несиелік мүмкіндіктерді де пай­даланды. – Биыл бізде де астық шы­ғы­мы жақсы. Гектарынан 15 центнерден аламыз деп отырмыз. Об­лыстың оңтүстігінде жатқан Науырзым ауданы үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Техникамыз түгел дайын, егін орағына тағы да жаңа бес комбайн қосамыз, – дейді «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Өмірзақ Ихтиляпов. Ал Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов басқаратын «Каркен» шаруашылығы техни­ка­ны түгелдей жаңартқан. Об­лыс­та мұндай мысалдар аз емес. Биылғы егін орағы науқанына сақадай-сай отырған диқандарды жанар-жағармай мәселесі жү­рек­с­ін­діреді. Астық жинау науқаны үшін Қостанай облысына 75 мың тонна дизель отыны бөлінген болатын. Ол Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарынан тасылады. Оператордың қыз­ме­тін санамағанда диқандар оның бір литрін 79,5 теңгеден алады. – Биыл жеңілдікпен берілген дизель отынының бағасы нарық­тан әлдеқайда арзан. Бұл облыс шаруашылықтарына 2,5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді, – дейді облыс әкімінің орын­басары Нұралы Сәдуақасов. – Сұраныстағы жанар-жағармай­дың 45 пайызы ауылшаруа­шы­лық кәсіпорындарының қолына тиді. Ал тамыз айына 47 мың тонна жанармай бөлінген. Зауыт­тар соның 19 мың тоннасын артқанмен, облысқа әзірге 7 мың тоннасы жетті. Операторлар әлгі 47 мың тоннаның 37 мың тон­насын төлеп қойды. Жанар-жа­ғар­майдың шаруашылықтарға то­лық жетуі үнемі бақылауда отыр. Орақ науқанына сақадай- саймыз, техника дайын. Тек орақ қызған кезде жанар-жағармай уақытылы жетпей қала ма деген қауіп жоқ емес. Жанар-жағармай уақытылы келсе, жауын-шашын болмаса, астықты элеваторлар кідіріссіз қабылдаса диқанның маң­дай тері ақталады, дейді Са­рыкөл ауданындағы «Ақ­киік» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Аман­гелді Жалғасов. Тамыздың 23-нен бастап облыс диқандары егінге орақ сала бастайды. Осы айдың 26-27 жұлдызында облыста науқан жаппай басталады. Кеңесте облыс әкімі Сергей Кулагин көлік инспекциясының лауа­зымды тұлғаларына орақ нау­қаны кезінде көліктерді ретсіз тоқтату болмау керектігін ескертті. Орақ науқаны сәтімен қы­зыл дән де қамбаға түсер. Бірақ оның сатылуы мен бағасы ди­қандар көңіліндегі күдікті сейілтпейді. Осы жөнінде түскен сұрақтарға Сергей Кулагин әзір астықтың бір тоннасының бағасы 170 АҚШ доллары бо­лады деген болжам бар екенін айтты. Өткен қуаңшылық жыл­дың өзінде еліміздің солтүстік облыстары арасында астық тап­сырудан мемлекеттік тапсы­рыс­ты орындаған Қостанай оны сыртқа сатуда да көш бастаған болатын. 2004-2010 жылдары орта есеппен алғанда Қостанай астығының 40 пайызы экспортқа шығарылды. Биылғы мол астықты жауынға шірітпей, ысырапсыз қамбаға құйып алса, оны сатудың да бір жөні болар. Қазекем «бардың есебі табылады» деген емес пе. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.