12 Қаңтар, 2010

ӘЛЕМДЕ ОН АЛТЫНШЫ ОРЫНДА ТҰРМЫЗ

3256 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Бүгін Канаданың Ванкувер қаласында қысқы ХХІ Олимпиаданың алауы жағылады. Бүкіл әлем жанкүйерлері тағатсыздана тосқан бұл оқиға Канада тарихындағы үшінші Олимпиада ретінде тарих жылнамасына тіркеледі. Бұған дейін жазғы Олимпиада ойындары 1976 жылы Монреаль қаласында өтсе, 1988 жылы Калгари қаласында қысқы Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мамандардың пікірінше, Ванкувер ойындары бұған дейінгі қысқы Олимпиадалар тарихындағы ең үздік Олимпиада болуға тиіс. Соңғы деректерге сүйенсек, Канадаға 80-нен астам мемлекеттен 5500 спортшы мен маман келуге тиіс. Қазірдің өзінде Олимпиада ойындарының сайтына 75 миллионнан астам адам назар салыпты. Қысқы Олимпиада ойындарын 3 миллиардтан астам жанкүйер тамашалайды деген болжам бар. Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі. ӘЛЕМДЕ ОН АЛТЫНШЫ ОРЫНДА ТҰРМЫЗ Тәуелсіздік алғаннан бері қатарынан бес қысқы Олимпиадаға дербес құраммен қатысқан біздің ұлттық құрама команда Канададағы бәсекеге 37 спортшы қосқалы отыр. Біздің олимпиадашылар спорттың тоғыз түрінен сынға түседі. Ең көп жол­дама шаңғымен жарысушылардың үле­сінде. Олар 11 жолдамаға ие болса, биатлоншылардың еншісінде 9 жолдама бар. Кейінгі екі жылда қысқы спорт түрлері бойынша Еуропадан бірнеше білікті маман шақырып, ұлттық құрама­ның оқу-жаттығу жиындарының сапалы өтуін жіті қадағалап отырдық. Біздің құраманың орта жасы 23-тен аспайды. 2011 жылғы Азия ойындарында құрама команда құрлықтағы ең мықты құрама­ның бірі болады деген үмітіміз бар. Се­бебі, құрама сапындағы Креч, Полта­ранин, Черепанов секілді бозбалалар жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлері. Бұлардан басқа білікті мамандардың назарына іліккен бірнеше жас спортшы бар. Бір қуанатын жай, қысқы спорттан ұлттық олимпиадалық құрамаға алғаш рет 4 қазақ спортшысы еніп отыр. Олар: биатлоншы Диас Кеңешов, мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рақымғалиев, шорт-тректе жарысушы Айдар Бекжанов және фристайлда сынға түсетін Жібек Арап­баева. Жазғы биатлоннан әлем чемпио­натының күміс және қола жүлдегері, 24 жастағы Диас Кеңешов бүгін Олим­пиаданың ашылу салтанатында Қазақ елінің туын ұстап шығады. Екі апта бойы дүние жүзі жұртшы­лығының делебесін қоздырып, назарын аударатын Ванкувер олимпиадасында қанжығамызға бір жүлде байланса деген үмітіміз бар. Енді әңгіме арнасын өткен жылдағы қол жеткен жетістіктер мен өзекті мәселелерге бұрсақ. Бүкіл әлемді қамтыған дағдарысқа қарамай, 2009 жылы ел спортына жет­кілікті дәрежеде қаржы бөлінді. Соның арқасында бұл саланың материалдық базасы едәуір нығайып, қалың бұқараны саламатты өмірге тарту ісі ілгері басты. Мұндай жағдайда спорттық нәтижелердің өсуі де заңдылық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты қолдауының, тікелей көмегінің арқасында 2009 жылды сәтті аяқтадық. Қазақстан Республикасының “Дене шынықтыру мен спорт туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Еңбек сіңірген спортшылар мен бапкер­лерге берілетін төлемақы мөлшері 8 ең төменгі есептік көрсеткіштен 24 есептік көрсеткішке дейін өсті. 2009 жылдың үлкен олжасы – “Жол картасы” аясында жоспарланған 54 ғимараттың орнына үнемделген 40 млн. теңге қаржы есебінен 56 ғимарат жөн­делді. Еліміздің 10 аймағындағы жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл спорт ғимараттарының 44-і қалада, 12-сі ауылда орналасқан. 2010 жылы респуб­ликамыздың 12 өңірінде 1,7 млрд. теңгеге 55 спорт ғимаратын жөндеу көзделіп отыр. 30-40 жыл жөндеу көрмеген спорт залдары мен мектептерін көріп жүрміз. Екі жылда 111 спорт ғимараты жаңғырып, түрленіп, көркейіп жатса, бұл дегеніңіз қалың бұқараның несібесі емес пе. 2011 жылғы қысқы Азия ойындары өтетін тоғыз ғимараттың біреуі – Аста­надағы 30 мың адамдық жабық стадион былтыр пайдалануға берілді. 2010 жылдың аяғында қазақ спор­тының материалдық базасы едәуір ны­ғайып, ТМД кеңістігіндегі ең бір қуатты спорттық елге айналады. Қалған 8 ғи­мараттың жұмысы кесте бойынша жүріп жатыр. Астанада жаңа коньки стадионы, әлемдік стандартқа сай велотрек салынып жатыр. “Қазақстан” спорт сарайының іргесінде мұз айдыны бой көтереді. Алматыдағы “Медеу” мұз айдыны, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, “Шымбұлақ” тау шаңғысы базасы қайта жаңғыртылып, озық технологиямен жабдықталып, жасанып, түрленіп келеді. Алматы облысы, Талғар ауданы, Солдат шатқалындағы жаңа шаңғы-биатлон стадионындағы құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайызға орындалған. 2009 жылы республикадағы спорт ғимараттарының саны 483-ке өсті, бұл ғимараттардың 104-і ауылдың үлесіне тиеді. Бір ғана Павлодар облысында бір жылда 58 спорт ғимараты бой көтерді. Нақтылай айтсақ, 6 спорт кешені, 4 хоккей корты, 28 спорт алаңы, 20 спорт залы көпшіліктің игілігіне берілді. Елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар қатары 2009 жылы 95 мың адамға өсіп, 2,5 млн. адамға жетті. 2009 жылы жаңадан 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (БЖСМ) ашылып, БЖСМ саны 425-ке жетті. 425 спорт мектебінде 230 мыңнан астам бала спорттың әр түрімен шұғылданады. Республика бойынша 2 млн. 486 мың оқушы болса, олардың 508 мыңы спортқа ден қойған. Бұл – елдегі барлық оқушының 20,5 пайызы. Ұлттық спортпен шұғылданушылар қатары 200 мың адамнан асты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы Қазақстан халқына Жол­дауындағы: “Туризм және спорт минис­трлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-ша­раларды анықтап, оларды нақты іске ай­налдыруы тиіс. 30%-ға дейінгі қазақ­стандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек”, – деген нақты тапсырмасын басшылыққа алатын боламыз. Министрлік тарапынан мүгедектер спортына да қамқорлық жасалып отыр. Былтыр Павлодар қаласында мүгедек­тердің республикалық спартакиадасы өтті. Елдегі спортпен тұрақты шұғылданатын мүгедек спортшылар саны 12 мың адамнан асты. Осының бәрі елдегі тыныштықтың, тату тірліктің арқасында болып отыр. 2009 жылғы спорттық нәтижелер қалың жанкүйердің жанын жадыратып, мәртебесін өсірді. Қазақ елінің спорт саңлақтары олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионатында 5 алтын, 6 қола медальға ие болып, әлемдегі 202 мемлекеттің ішінде 16-орынға табан тіреді. Біздің спортшылар мұндай биікке тұңғыш рет жетіп отыр. Спорттың олимпиадалық емес түрлерінен әлем чемпионаттарындағы жүлде саны 93-ке жетті. Олимпиадалық емес спорт түрлері 17 алтын жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан спортының тарихында мұндай олжалы жыл бұған дейін болған емес. Ауыр атлетикадан Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем чемпионатында командалық бас бәйгені жеңіп алса, біздің ерлер және әйелдер командасы жалпы есепте Қытай құрамасынан кейін 2-орынға ие болды. Светлана Подобедова үш бірдей әлем рекордын жаңғыртты. Аймақтар арасында Алматы облы­сының табысын айрықша атау керек. Бұл облыстың ауыр атлетшілері бүтін бір мемлекеттің жүгін көтерді, бір елдің мерейін өсірді. 2009 жылғы әлем чемпиондары С.Подобедова, М.Манеза, З.Чиншанло, В.Седов және грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Н.Теңіз­баев – Алматы облысының өкілдері. Бұрын әлемдік спорттағы жетістіктерімізді айтқанда, боксшылар алдымен ауызға ілігуші еді. Кейінгі екі жылда ауыр атлетшілердің бәсі биік болып тұр. Ауыр атлетшілердің алдына қойыла­тын ендігі мақсат – Лондон олим­пиадасында ел сенімін ақтау. Ал Алматы облысының биылғы тамаша жеңісі тәуелсіздік жылдарында әлем чемпиона­тында бірде-бір медаль алмаған облыс­тардың спорт басшыларына ой салуға тиіс. Қашаннан спорттық дәстүрге бай Қарағанды облысының спортшылары әлем чемпионатындағы жүлде бойынша республикада екінші орында тұр. Қазақстан жанкүйерлері дзюдо күресінен әлем чемпионын табаны күректей 36 жыл күтті. Қазақ елінде дзюдоның тұсау кесуі 1973 жылдың үлесіне тисе, 2009 жылы қарағандылық Максим Раков біздің дзюдошылар арасынан бірінші болып әлем чемпионы атанды. Яғни, 2009 жылы қазақ дзюдосының жаңа, тарихи кезеңі басталды. Максимнің жеңісімен рухтанған біздің балуандар Лондон олимпиадасында алтын тұғырға қол жеткізсе, ғажап болар еді. Атырау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қа­ласының спортшылары әлем чем­пионатында бір-бір қола медальге ие болды. Ел спортының мерейі өсіп, мәртебесі көтерілгені баршамызға абырой. Әлемдегі мойны озық 20 мемлекеттің қатарына енген Қазақстан спортшыларының ендігі міндеті – қол жеткен биікті сақтап қалу. Қазақстанның грек-рим күресі ба­луандары 1998 жылдан бері әлем чемпионатында алтын медаль алған жоқ. Ал алпыс жылдық тарихы бар еркін күрестен біздің елден әлі күнге дейін Олимпиада, әлем чемпионы шыққан емес. Осы екі күрес түрінен Лондон олимпиадасына дейін әлем чемпиондары шыға ма? Ауыр атлетшілердің тамаша жеңісі біздің балуандарды қамшыласа игі еді. 2009 жылғы табыстарымызды та­разылай келе, Қазақстан спортшыл­ары­ның 2010 жылғы жазғы Азия ойын­дарында, 2012 жылғы Лондон олим­пиадасында табысты өнер көрсетуі үшін барлық алғышарттардың бар екеніне күмән жоқ. Көптің назарындағы өзекті мәселенің бірі – 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін VІІ қысқы Азия ойындарына әзірлік барысы дер едік. Қазіргі уақытқа дейін Азиада ұйымдастыру комитетінің 13 мәжілісі өтті. Осы мәжілістер Азиадаға дайындықтың жүйелі, тиянақты жүруіне тікелей ықпал етті. Қазіргі кезде Азия ойындарына қатысуға үміткер 156 спортшы спорттың 11 түрі бойынша іріктелді. Спорт­шылардың жағдайын, бабын үнемі қада­ғалап отырамыз. Қазақстан мен Ресейден 25 ғылым докторын жұмылдырып, кешенді ғылыми топ құрдық. Бұған дейінгі екі қысқы Азия ойын­дарында төртінші орынға ие болған ұлттық құрама VІІ қысқы Азия ойындарында командалық екінші орынды межелеп отыр. Күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі – спортшылардың ас-су мәселесі. Олимпиада мен әлем чемпио­натына қатысатын спортшының елдегі күндік тағамы 1140 теңге көлемінде ғана. 1140 теңгенің ас-суы 2300 килокалорияны құрайды екен. Ал спортшы күнделікті екі мәрте жаттығуда 6000 килокалория қуат жұмсайды. Осы мысалдан-ақ бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенін біле беріңіз. Себебі, жарты құрсақ спортшының денсаулығы, күш-қуаты қаншаға жетуі мүмкін. Құнарлы тамақ ішпеген спортшының биік белестерді бағындыруы да неғайбыл нәрсе. Сонымен бірге, Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ауруханаларға тегін тіркеу туралы мәселе көтеріп, Үкімет мен Парламенттің назарына ұсындық. Спорттағы ең бір өзекті мәселе – ғылыми-зерттеу институтының жоқтығы. Бұл мәселені біз дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына енгіздік. Министрлік 2009 жылы ғылыми-зерттеу институтын құру туралы Үкіметке ұсыныс жасады. Бірақ республикалық бюджет комиссиясы біздің ұсынысы­мызды қолдаған жоқ. Министрліктің биылғы қаңтар айында болған алқа мәжілісінде осы мәселені Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Парламент депутаттарының алдында тағы да көтердік. Қазіргі спортты ғылымсыз, творчестволық ізденіссіз дамыту мүмкін емес. Сөздің тоқ етері, бізге білімді, спорттың оқу-жаттығу жүйесін ғылыммен ұштастыра білетін білікті мамандар керек. Қадірлі, жанкүйерлер! Биылғы жылдың ең басты спорттық бәсекесі бүгін Ванкуверде ресми түрде басталатын қысқы Олимпиада ойындары екені даусыз. Бұған дейінгі қысқы Олим­пиадаларда 2 алтын, 5 күміс, 5 қола медальға ие болған біздің спортшылардың кейінгі екі Олимпиадада қоржыны бос болғаны белгілі. Спортшыларымыздың Канада топырағындағы қадамы сәтті болсын, деп тілейік, ағайын. Олимпиадалық спорт түрлерінен 2009 жылғы әлем чемпионаттарындағы мойны озық 16 мемлекеттің нәтижелері Орын     Мемлекет             Алтын   Күміс     Қола       Барлығы 1              Қытай    44            23            28            95 2              АҚШ      42            30            23            95 3              Германия             23            15            23            61 4              Россия   22            26            27            75 5              Ұлыбритания      12            15            9              36 6              Австралия            12            12            15            39 7              Италия   12            6              14            32 8              Оңтүстік Корея   10            6              11            27 9              Франция               7              17            18            42 10            Испания               7              12            10            29 11            Жапония              7              6              12            25 12            Венгрия                7              5              11            23 13            Ямайка 7              4              2              13 14            Польша 5              8              4              17 15            Жаңа Зеландия   5              3              2              10 16            Қазақстан             5              0              6              11