24 Тамыз, 2011

Белгілі, беймәлім бейне

468 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жазушы Ахат Жақсыбаев! «Егес», «Бө­гет», «Қорған» сияқты шығармала­ры­мен елге жақсы таныс әріптесіміздің таяуда «Иса ақын» романы баспадан жеке кітап болып жарық көріпті. Бірден айтайық, шығарма ойымыздан шықты. Туындыны оқи отырып,   жазушының суреткерлік шеберлігіне, эсте­ти­­калық тал­ғам­паздығына, әсіресе өткен ғасыр ба­сындағы ауыл адам­дарының пси­холо­гия­сын, заман сырын жетік білетініне, жетік біліп қана қоймай оны жанды бейнеге айналдырып,  шынайы суреттей алғаны­на тәнті болдық. Мына жолдарға зер салалық. «Кешеден бері күн бұзылып, аспан жер бауыр­лаған қара бұлттан арылмай қойды. Күздің қара суығы ерте түскенге ұқ­сайды. Түске таман сіркіреп жауған жауын төңіректі тұмшалап, адамдар­ды еріксіз үйге қамады.  Бүрсең қаққан әйел­дер су тиген тезектерді отқа салғанда түтіннен көздері жасаурап, әлекке түсті. Қазизаның пешін көрші әйел тұтатып, қора­ның бұрышынан құрғақ тезекті тапқа­нына қуанды. Белі ауырлап, көтерт­пеген соң Қазиза біржола төсекке жатып қалды. Шашы жалбырап, Зылиха қасынан бір елі шықпай, шай-суын жалыныш­ты түрмен жиі-жиі ұсы­нады. Есті қыздың  анасының халін түсінерлік жасқа жеткені, анасының сырқаты жанына бататыны қабағынан, мұңды жүзінен аңғарылады». Жазушының осы тақылеттес әр құбы­лысты қалт жібермей шынайы суреттеу шеберлігі романның басынан аяғына дейін менмұндалайды. Сол себепті біз Ахат Жақсыбаевты суреткер жазушы деп тағы да бір  мойындай түстік. Екінші айтарымыз, автор Иса ақын­ның өскен орта, ауыл-аймақ сырын, әсі­ресе Исаның ата-анасының, нағашы әже­сінің, нағашы ағасының, кіндік шеше­сінің қандай жандар екенін  танытатын оқиға­ларды тамаша таңдай білген. Жазу­шы олардың іс-әрекетіне, арман-мүдде­сіне романда мол орын берген. Оның бұл шешімі өте дұрыс. Олай дейтініміз,  онсыз  Исадай сұңқар ақын­ның толық­қанды бейнесін жасау мүмкін емес екенін автор терең түсінген. Роман бетін ашқаннан  қазақы тәр­бие­де өскен, үй шаруасына мығым, ауыл-аймағына берекелі келін атанған, күйеуі Байзақтың қас-қабағына қарап тірлік кешкен,   бір емес, екі емес 14 сәбиін жер қой­ны­на берсе де, қолындағы үш пер­зентінің тілеуін тілеп, келешектен үмітін үзбеген  Қазиза ананың бейнесімен таны­са­мыз. Жазушы оны қолаң қара шашты, қыр мұ­рынды, аққұба өңді, жүріс-тұрысы ширақ, той-жиындарда суырып салма ақындық, әншілік дарынымен  көзге түсіп, жұрт арасында кішкентай Исаны «анасына тартса ақын болады» дегізерлік ой туғызған ерекше өнерлі жан ретінде суреттейді. Әсіресе Қазизаның  Исаға деген аналық мейірімінде шек жоқтай. Мұны автор: «Баласын қапсыра құшақ­тап, кеудесіне қыса түсіп, екі жағына кезек шайқалып, ыңылдай бастады. Иса көзін жұмып-ашып,  тербелгенін ұнатып, тыңдай берді. Бір мезетте анасы сың­ғырлаған әдемі нәзік даусымен кеудесін кернеген толқынды сыртқа шығарып, күтпеген жерден әнге басты. Демін ішіне тартып, Иса тырп етпестен тыңдап отыр», деген жолдармен нәзік аңғартып өтеді. Осындай өнерлі, ақылды ана баласы Иса­ның шаруаға икемсіз, ақындық, әншілік өнерге бейім екенін ерте сезініп,  оған жәрдемдесіп, дұрыс бағыт беруге аналық бейім-қабілеті барын танытады. Ұл балаға әкенің өнегесі ерекше екені анық. Бұл ретте Исаның әкесі Байзақтың тұлғасы да  өз биігінде табиғи, шынайы көрі­не алған.  Ол да   өнерлі жан, жас кезін­де өлең жазып, кейін шаруаға ден қойған, егде тартқанда «кіші молда» атанған,  Исаға ұстаздық етіп, хат таныт­қан ойлы әке. Бала Исаның ерте ақындық жолға түсуіне нағашы әжесі Жанбаланың да, нағашы ағасы Рахметтің де, кіндік шешесі Күнімайдың да, құдасы Нұртазаның да, сол өңірдегі  көргені, түйгені көп атақты ақын Құдайбергеннің де әсер-ықпалы  аз емес.  Олардың да ақындық, ән­шілік, ұстаздық дарынын  жазушы арнайы суреттей отырып,    Иса талантының толы­сып, ақын болып қалыптасуына қосқан үлестерінің мол, әсіресе Құдайберген ақынның орны ерекше екенін  оқиға дамуы барысында терең аңда­тады. Құдайбергеннің тұңғыш рет Абай өлеңдерін жатқа айтқан Исаның тұлғасынан жас кезіндегі өзін көргендей жаны жады­рап, өз өмір жолын әңгімелеуі жас дарын­ның ұйықтап жатқан ойын оятып, қиялын қанаттандыруды көздегеннен туған шешім еке­нін оқырман іштей сезіп, сүйсініп отырады. Шығармада Исаның заман сырын тани түсуіне Уфада 7 жыл оқып кеп, көрші ауылда мұғалім боп жүрген Құсайынның үлесі де үлкен. Ол Исаға да, айна­ласындағы халыққа да дұрыс бағыт сілтеп,  бай, кедей деп тапқа бөлу­дің негізсіз екенін,  байлардың  ешкімге еш­қандай жаман­дық жасамағанын, бай болам деушілерге ешкімнің қой демейтінін, оларға  кедергі жоғын, кедейлер малын көбейтіп баюға мүмкіндігі барын, дәулет­тілердің әрқай­сысы қарама­ғындағы  бір қауым елді еңбек­пен қам­тамасыз етіп, асырап келе жат­қанын,  сон­дықтан кедейді байға қарсы қоюдың зиян­дылығын, үкімет алам десе, дәулеттілердің малын алып, өздеріне ты­ныштық беруін әңгімелеуі де оқырманды талай астарлы сырға жетелеп,  терең толғанысқа түсіреді. Жалпы қазақ қоғамы үшін тап күресі шешуші рөл атқармағаны, кедей мен бай арасында  ірі талас тумағаны тарихи шындық. Мұны автор Семен,  Шекен, Жұмабек тәрізді байлар іс-әрекеті арқылы дәлелді ашқан. Шындыққа жүгінсек, қазақтың байла­ры мейірімді, ақылды болған, айнала­сындағы­ларға қолдан келген қамқорлығын аямаған, кісісі өлген қаралы үйдің абыройы төгілмесін, біреу-міреу қайыршы боп қалма­сын деп барлық уақытта көмек қолын соза білген. Бұған  Семен байдың жалшы үйіне тиісті жалақысынан тыс ай сайын бір қойдан беріп отырғаны дәлел. Сондықтан жалшылар ондай байды жер бетіндегі өздерінің жарылқаушысындай сыйлаған. Мұның ғылыми негізі бар. Жазушы 1916 жылы 25 маусымда 19 бен 31 жас аралығындағы қазақтарды майдан қара жұмысына шақырған патша жарлы­ғының  ел арасында үлкен толқулар туғыз­ғанына да,   қайсыбір аймақта қару­лы көте­рілістер орын алғанына да көңіл бөледі. Ол дүрбелең Иса ауылына да жетеді. Ашу-ызаға булығып, неге де болса тәуекелге бел буған  елге мұғалім Құ­сайын Әлихан Бөкей­хановтың, Ахмет Байтұрсы­нов­тың, Мір­жақып Дулатовтың алаш азаматтарына  арнаған үндеу хатын оқып беріп, патша жарлығына бағынып, майдан қара жұмы­сына бару керегіне, он­сыз босқа қырғынға ұшырайтынына көз­дерін жеткізіп, жұртты сабасына түсірген, сол дүр­белең арасында   16 жасар Иса да жүр­ген көрі­ніс­ті орынды таңдай білген. Әсі­ресе,   ағасы Арын үшін майдан қара жұ­­мы­сына бара­тындар тізіміне Иса ақынның өз еркімен  жазылуы оқырман­ды түрлі ойға қалдырып, бұдан асқан адамгершілік, бұдан асқан бауырға деген жанашырлық бола ма, сірә, деген терең  толғаныс құ­шағына енгізеді.  Оның осын­дай ізгілікке толы жан дүниесі сырқат ұстазы Құ­сайынға деген қалтқысыз сенімі мен сүйіс­пеншілігі арқылы да молынан ашыла түскен. Туған ауылына келісімен «Құ­сайын қайтыс болыпты» деген суық хабарды естіп, тез жолға жиналуы, көрші Тайсоймас ауылына қайта барып, «маңа­йына сәуле шашып, қараңғыны жарық қылған өзгеше бір бекзат едің, сенің де сөнгенің бе?» деп қайғыруы Исаның қандай азамат боп жетілгенін айғақтай түседі. Исаның оң, солын танып, сыналар шағы – 1916 жылғы патша жарлығының жария­ланған тұсы екенін автор нәзік аңғарып,  ол кезеңді роман желісіне ұтым­ды енгізген. Әсіресе, айтқан сөзінде тұрып, Иса ағасы Мұса,  жасы алпыстан асса да «сендерден қалмаймын» деп қалың көпке ерген әкесі Байзақ  үшеуі  Ресейдің Кемерово облысы­нан бір-ақ шығуы роман оқиғасын қою­ландыра түскен. Шахтада жұмыс істеп, шошқа етін жемей азып-арыған, алды ауруға ұшырай бастаған ауылдас­тары­ның мүшкіл халіне жаны күйзелген Иса шахта бас­шыларына барып, жағдайды айтпақ болғаны оның батыл­дығын, өзінше ойлана білетін алғырлығын әйгілеп тұр. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей оған шахта қызмет­керлерінің бірі, патша саясатына қарсы Николайдың жолығып, көрші қыстақтан арзан бағаға жыл­қы сатып алып, ауылдас­тарын тамақ­тандыруға ақыл әрі ақша беруі халық­тарды  достыққа, бауырмалдыққа тәр­бие­лей­тін  ұлы адамгершілік деуге болады. Бұл тәрізді жан сүйсінер, жұрт жүрегіне ізгілік дәнін егер оқиғалар шығармада көп. Ұлттық дәстүр, балаға ат қою, бесікке бөлеу, қонақ күту, бәйгеге ат қосу рәсімдері  де шығармада  жастар  тәлім алатындай өреде  суреттелген. Осы орайда: «Қандай адам болсын, мейлі асқан данышпан, мейлі терең ғалым, мейлі көмейі жоқ ақын – бәрі де өз заманының жемісі, өз ортасының құлы болуы керек, Әлеу­мет әсері тимейтін, әлеуметтен құрық алып шығып кететін ешбір адам болмақ емес. Олай болса, ол заманның ақыны сол замандағы әлеуметтік тұрмысымен, әдет-ғұрпымен, мақ­са­тымен, рухымен, салт-санасымен суарылып, әлеу­ме­тімен біте қайнап өсіп шықпақшы», деген Жүсіпбек Аймауытов ескертпе-тала­бын жазушы Ахат Жақсыбаев әрдайым есте ұстағандай. Біз тұшынған тағы бір негізгі ерекшелік – шығарма композициясы жинақы. Жа­зушы Исаның дүниеге келгенінен бастап азамат атанғанға дейінгі  өмір жолын қам­тыса да, оқырманын жалықтырып алмау жағын көздеп, бас кейіпкерінің бейнесін сомдауға қызмет етерлік мәнді оқиғаларға ғана иек артқан, эпизодтық көріністердің өзін жинақ­тай бейнелеген. Сол себепті роман өте тартымды, ә деп  оқығаннан бас көтер­мейсің. Автор тілі де көркем, бай,   жібек орамалдай жұмсақ,  кез келген  көрініс, оқиғаны әр қырынан суреттеуге бейім. Сөз соңында айтарымыз, романды оқып шығып, әсем ән тыңдағандай, әсем жыр оқығандай әсер алдым. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы.