Елбасы Н.Назарбаевқа арналған жаңа кітаптың өзегіне айналған
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында “Нурсултан Назарбаев: гуманизм и политическая воля” (Нұрсұлтан Назарбаев: гуманизм және саяси ерік-жігер) атты жаңа еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторлары – Парламент Сенатының депутаты, Жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, философия ғылымдарының докторы, профессор Гурий Хан және философия ғылымдарының кандидаты, ҚазГЗУ профессоры Ирина Хан.
“Егер де дүниеге жаңа шығарма келіп жатса, бұл – әрқашан жақсы оқиға. Бұл кітаптың ерекшелігін, маңызын жіктеп, бөліп айтуға болады. Біздің саясаттану ғылымында, жалпы тарихнама ғылымында жеке тұлғаның тарихи рөліне арналған шығармалар соңғы кезде жеке бір бағытқа айналып келеді. Жыл басынан бері бірнеше еңбек жарық көрді. Бірақ бұл кітаптың орны ерекше. Себебі, белгілі ғалымдар мен тәжірибелі саясаткердің саяси тұлғаны әр түрлі қырынан көрсетуі, еліміздің күрделі саяси, экономикалық, қоғамдық үдерістердегі рөлін айқын белгілеуі көп нәрсені аңғартады. Еңбек гуманизм және саяси ерік-жігер деген ұғымдармен бекер байланыстырылмаған. Бұл Елбасының тұлға ретіндегі болмысын айқын көрсететін ұғымдардың бірі”,– деді тұсаукесер кезінде “Нұр Отан” ХДП хатшысы Ерлан Қарин. Оның сөзіне қарағанда, аталған кітапта философиялық, тарихи, саяси әдістер сәтті үйлесім тапқан. Бұл ретте Елбасының тұлғасы мен болмыс-бітімі белгілі ғалымдар мен тәжірибелі саясаткердің көзімен ортақ бір жүйеге келтірілген. Сол себепті кітапта Мемлекет басшысының баяндамалары, мақалалары, еңбектері негізінде оның барлық саяси және мемлекеттік қызметіне ғылыми пайымдау мен жүйелі талдау жасалыпты.
Мәселен, кітап авторларының бірі, белгілі саясаткер Оралбай Әбдікәрімов өз сөзінде Елбасы туралы көптеген кітаптың жазылғанына, әлі де жазыла беретініне тоқталып өтті. “Жалғыз біздің қазақстандық ғалымдар ғана емес, әлемдік ғалымдар мен жазушылар тарапынан да айрықша қызығушылық бар. Кезінде мен Ұлыбританиядан, Америкадан келген ғалымдармен кездестім. Бір еске салатын жайт, Елбасы туралы шығарма кеңестік кезеңде жарық көрген болатын. “Феномен Назарбаева” деген атпен. Одан бері жүздеген еңбек дүниеге келді. Ал бұл кітаптың өз орны, өз ерекшелігі бар дер едім. Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен 1970 жылы, яғни 40 жыл бұрын танысқан едім. Ал бірге қоян-қолтық жұмыс жасағанымызға 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бұл да өз кезегінде кітаптың жазылуына көп көмегін тигізді дер едім. Бұл кітаптың негізгі авторы – Гурий Хан. Мен оған қажетті ақпараттар беріп, көмектестім. Сол себепті ол кісіге алғысымды білдіремін”, – деді О. Әбдікәрімов.
Бұдан кейін философия ғылымдарының докторы Гурий Хан авторлық ұжымның атынан тұсаукесердің ұйымдастырылуына ұйытқы болған “Нұр Отан” партиясына алғысын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, үш автор өз тараптарынан ғылыми-философиялық талдау жасай отырып, Елбасының әлемдік аренадағы орнын халықтық және мемлекеттік мүддемен байланыстыра отырып көрсетуге тырысқан.
“Бұл – менің жетекшілігіммен Елбасы туралы шыққан екінші кітап. Мұның алдындағы еңбек “Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның тәуелсіз сыртқы саясатының негізін қалаушы” деген атпен жарық көрген еді. Бұл кітаптың ерекшелігі неде? Біз, яғни авторлар Елбасы туралы жазылған кітаптардың барлығын жан-жақты, тиянақты зерттеп шықтық. Саяси тұлғаның көпқырлы қызметін қалай айқын көрсетуге болады деп көп ойландық. Бірақ біз өзіміздің стилімізді таптық. Бұл ретте тұлғаның болмысын гуманизм және саяси күш-жігер ұғымдары негізінде ашып көрсетуді, бірінші кезекте осы ұғымдарды басшылыққа алып жазуды жөн көрдік. Яғни, кітаптың өзегі – ол кез келген экономиканың тек қана адамның қызығушылығы және мүддесімен, яғни адамгершілік ұғымымен байланысты даму қажеттігін, сол кезде ғана оның ілгері жылжитындығын көрсету. Мәселен, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы да әлеуметтік салаға арналған. Бұл уақыт өте келе мемлекеттік назардың әлеуметке, яғни қоғамның дамуына айрықша бұрыла түскендігін көрсетеді”, деді Г.Хан. Сондай-ақ, ол бұл кітаптың жазылуына Елбасының “Дағдарыстан шығу кілті”, “Бесінші жол” деген мақалалары да түрткі болғандығын атап өтті.
Тұсаукесер кезінде өз ой-пайымын жеткізген Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Әміржан Әлпейісов “кітапты белгілі бір нақты деректерге сүйене отырып жазу бар да, оны ғылыми, философиялық негізде жазу бір басқа” екендігіне тоқталып өтті. Кітап жеңіл оқылады. Онда айтылған ойлар адамның есінде тез сақталады. Бұл да оның артықшылығын көрсетеді, – деді Әміржан Қайырұлы өз сөзінде. – Десек те, жаһандану үдерістеріндегі Қазақстанның геосаяси орнын әлі де айшықтап көрсетуге болар еді”. Сондай-ақ, Ассамблея өкілі аталған еңбектің ең алдымен қазақ тілінде шығуын назарда ұстау қажеттігін және жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, жас саясаткерлер үшін оқу құралы ретінде енгізу керектігін тілге тиек етті.
Бұл күнгі басқосуға жиналған билік партиясының өкілдері мен Парламент депутаттары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері кітапта Елбасының қазақстандық қоғамды жүйелі модернизациялау, Қазақстанның әлемдік сахнадағы орнын нықтау, мемлекеттік, елдік, қоғамдық мүддені қорғау бағытында атқарған қызметінің нақты көрініс тапқандығына тоқталды.
Тағы бір атап өтерлігі, бұл еңбекте Елбасының әлемдік сахнаның төрінен орын алған елдермен жүйелі әріптестік байланыс орнату, саяси жүйені модернизациялау, дүние жүзінің белді де беделді ұйымдарымен ынтымақтастық орнату аясында жүргізген бастамаларына ғана баға берілмеген. Онда Мемлекет басшысы туралы Маргарет Тэтчер, Жак Ширак, Абдулла Гүл, Цзян Цземинь, Евгений Примаков, Джордж Робертсон, Джон Барроу, Азиз Әл Сауд, Эмомали Рахмон, Никита Михалков, Франсуа Трюси секілді әлемдік деңгейдегі белгілі саясаткерлер мен ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлері, бағалаулары көрініс тапқан.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.