Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Астана процесінің 4-раунды: үміт отын үрлеген күндер

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

3-4 мамырда елордада Сирия мәселелері бойынша Астана процесінің аясындағы жоғары деңгейлі халықаралық кездесулердің төртінші раунды өткені белгілі.

Астана процесінің 4-раунды: үміт отын үрлеген күндер

Келіссөздерге, бұған дейін хабар­лаға­нымыздай, Сирия үкіметінің, Сирия қарулы оппозициясының деле­гациясы, ұрыс іс-қимылдарын тоқ­тату режімінің кепіл мемлекеттері – Иран Ислам Республикасы, Ресей Фе­де­рациясы мен Түрік Респуб­ли­касы­­ның делегациялары, Біріккен Ұлт­тар Ұйымы, Иордан Хашимиттік Король­­дігі мен Америка Құрама Штат­­тары­­­ның жоғары деңгейлі өкіл­дері қатысты.
Екі күнге созылған кездесу бары­сында қол жеткізілген қорытындылар барлық ­тараптардың қатысуымен өткен пленарлық отырыста жасалды. Пленарлық отырыста сөз алған елі­міздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен және толық қолдауымен басталған Астана процесі Женева келіссөздерін мазмұндық жағынан толықтыратын маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
«3 наурызда Астана процесінің үшінші раунды өткеннен бергі уақыт ішінде Сирияда бірқатар қайғылы оқиға орын алды, Сириядағы ахуалға қысым күшейді. Сонымен қатар, Астана процесінің де рөлі айтарлықтай өсті. Сириядағы ахуалдың одан әрі ушығуы тараптардың ешқайсысының мүддесіне сай келмейді. Қазіргі таң­да, ең бірінші кезекте атысты тоқ­та­ту режімін сақтау, Астанада қол жеткізілген келісімдерді жүзе­ге асы­ру өте маңызды деп санай­мыз. Осы жолы келіссөздердің төр­тін­ші раун­дына барлық кепіл мем­лекет­тер­дің және барлық мүдделі тарап­тар­дың жоғары деңгейдегі жауапты тұлғалары қатысқанын атап өткім келеді», – деді министр. 
Қайрат Әбдірахманов айтып өткен­­дей, Астана процесінің басты әрі жалғыз мақсаты – атыс қи­мыл­дарын тоқтату режімін қолдау әрі нығайту арқылы Сирияда қантөгісті тоқтату болып табылады. 
Халықаралық келіссөздер бары­­сында Сириядағы зорлық-зом­­бы­лықты тоқтату, бірлік пен аумақ­­тық біртұтастықты сақтау, сон­дай-ақ, жа­нжалды саяси рет­теуге ба­­ғы­т­­тал­ған «Сириядағы жан­жал­­ды тежеу ай­мақтарын құру туралы ме­мо­рандумға» кепілгер-мемлекет­тердің қол қоюы кездесудің басты нәтижесі болды.
Қол қойылған құжатта Идлиб провинциясын және Латакия, Хама, Алеппо провинцияларының бір бөлігін, Гутаның шығысын төрт қауіп­сіздік аймақтары шегінде дау­лас тараптар арасында ұрыс іс-қи­мыл­дарын тоқтату, авиациямен қоса, барлық қару түрлерін пайда­лану­ға тыйым салу міндеттілігі, гума­ни­тарлық көмек пен дәрі-дәрме­ктер жеткізу қамтамасыз етілетін­дігі, халық қажеттіліктері үшін негіз­гі инфрақұрылымды қалпына ке­л­тіру мен босқындардың еркін және қауіпсіз қайта оралуы, тағы бас­қа жұмыстар үшін жағдай жаса­латындығы белгіленген.
Аст­анадағы кездесуде қатысу­шылар күшпен ұсталып отырған адамдармен алмасу жөніндегі жұмыс тобын құру мәселелерін қарастырып, тиісті құжаттың жобасын талқылады. Кепілгер-мемлекеттер Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық біртұтастығына өздерінің бейіл екендіктерін, сонымен қатар, мәселені саяси жолмен ғана шешу мүм­кін екендігіне сенімдерін растады. 
Сондай-ақ, Астанада Сирия бойын­ша халықаралық кездесудің ұйым­дас­тырылуына байланысты келіссөздерге қатысушылар Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевқа және еліміздің Үк­і­метіне өз риза­шы­­лықтарын білдірді. Қай­рат Әбдірах­манов атап өткендей, Астана мүдделі тараптардың баршасы өздерінің көзқарасын, ұстанымын кең аудиторияға жеткізе алатын плат­форма ретіндегі тиімділігі мен өзек­тілігін дәлелдеді. Елордадағы маңыз­ды форумға қатысқан кепіл мемле­кеттердің өкілдері Сирия мәселелерін реттеу жөніндегі кезекті кездесу өте­тін мерзімнің межесін белгілегені де осының бір көрінісі деуге болады.
Кездесу қорытындысы бойынша, келіссөздер жұмысына қатысқан барлық тараптар жоғары деңгейдегі келесі кездесуді 2017 жылғы шілде айының ортасында Астанада және оған дейінгі екі апталық мерзімде сарапшылар деңгейіндегі алдын ала консультацияларды Анкарада өткізу туралы шешім қабылдады.
Сыртқы істер министрлігі хабар­лағандай, Қазақстан тарапы Сирия бойынша Астанада өткен төртін­ші халықаралық кездесудің қоры­тынды­ларын Сирияда бейбітші­лік орнату жолындағы кезекті сапа­лы қадам ретінде бағалап, бар­лық тараптарды бүкіл келісімді орын­дауға шақырды және жанжалды саяси реттеудің әртүрлі жолдарын іздестіру бағытындағы халықара­лық күш-жігерге, оның ішін­де, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, өз үлесін одан әрі қосуды жалғастыруға әзір екенін атап көрсетті.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»