Әлем • 10 Мамыр, 2017

АҚШ президенті ФТБ басшысын қызметінен босатты

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Федералдық тергеу бюросының директоры Джеймс Комиді қызметінен босатты. Ақ үйдің мәлімдеуінше, президент бұл шешімді бас прокурор Джефф Сешнса мен оның орынбасары Род Розенстиннің кеңесіне сүйеніп қабылдаған.

АҚШ президенті ФТБ басшысын қызметінен босатты

Джеймс Коми Дональд Трамптың сайлау алды штабының Ресеймен мүмкін болған байланыстарын тергеу жұмыстарына жетекшілік еткен. АҚШ президентінің Джеймс Комиге жолдаған хатында оның елдің жетекші құқық қорғау ведомствосын «тиімді басқара алмайтыны» айтылған. 
Бұдан бұрын Хиллари Клинтон президент сайлауында жеңіліске ұшырауына ФТБ басшысын кінәлаған болатын. 
3 мамырда АҚШ сенатының заң комитетіне жауап беру кезінде Джеймс Коми Клинтонның көмекшісі Хума Абединнің өз күйеуіне «мыңдаған» электронды хат жолдағанын, олардың арасында құпия ақпараттар болғанын алға тартты. Алайда, бір аптадан кейін ФТБ Абединнің ондай көлемде хат жібермегенін, тек екі тізбек хат жолдағанын мойындады. Оның поштасынан жіберілген 49 мың хаттың көбісі телефоннан резервтік көшірме жасау нәтижесінде пайда болған. 
АҚШ президенті мен Әділет министрлігі мәлімдегендей, Джеймс Комидің қызметінен босатылуына оның Хиллари Клинтонның жеке поштасына қатысты дауды дұрыс тергемегені себеп болған. Алайда, демократтар бұл мәселеге қатысты өз ұстанымдарын білдіруде. Олардың пікірінше, Хиллари Клинтонға қатысты даудың барлығы жай ғана көзбояушылық. «Бұл әрекет арқылы Трамп командасының Ресеймен арадағы байланысына қатысты тергеуді тоқтату көзделіп отыр», – дейді демократтар.