Білім • 17 Мамыр, 2017

Қостанайда тілдерді жеделдете үйретуге арналған семинар-тренинг өтті

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семинар-тренинг Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің, Қостанай облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Қостанайда тілдерді жеделдете үйретуге арналған семинар-тренинг өтті

Семинар  тілдерді қысқа мерзімде оқытудың қазіргі технологиясын дайындау мен енгізу арқылы Қазақстан халқы бірлігінің маңызды факторы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін арттыруды, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруды мақсат етіп қойды.  Игі мақсаттағы басқосуға Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ өкілі Камал Әлпейісова,  «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім, «Жағдаяттық қазақ тілі» оқулығының авторы Қанат Тасыбеков, «Язык и культура – казахский для всех» қазақ тілін үйрету оқулығының авторы Раушан Көшенова келіп қатысты.

«Мұндай семинар-тренинг алдыңғы жылы Алматы облысында, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында, биыл Қостанайда өтіп отыр. Семинардың Қостанайда өтуінің маңызы бар. Облыстың, оның ішінде қала халқының  басым бөлігі орыс тілінде сөйлегендіктен, мемлекеттік тілге басым назар аударту керек. Ал тілді меңгеру үшін қазір инновациялық тәсілдер қажет болады. Тіл үйретуде озық әдістемесі бар ғалымдар семинарда  тәжірибелерімен бөлісті. Қазақ даласындағы алғашқы мектеп ашылған  аймақта мемлекеттік тілдің салтанат құруы осы облыстағы басымдық шаруаның бірі болуы керек деп ойлаймын. Біздің мақсат – жақсы бастамаға көмек беру», деді Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ өкілі Камал Әлпейісова.

Семинарда  орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің мұғалімдері,  Достық үйі жанындағы этно ағарту кешендерінің әдіскерлері мен оқытушылары,  тіл саласының мамандары семинар қонақтарының лекциясынан көп мағлұмат алды.

«Мұндай семинар ізденістерге бастайды. Оның сыртында мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер еңбек етуі керек. Өйткені сөздік қорды молайту тек еңбекпен келеді. Семинар мемлекеттік тілге деген жастардың қызығушылығын оятады деп ойлаймын», деді Федоров ауданы орталығындағы №1 орта мектептің қазақ тілі мұғалімі Дмитрий Ромащенко.

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»