«Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы керек», деген болатын Елбасы өзінің «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында, облыс әкімдігі мен облыстық сот және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен бұдан екі жыл бұрын облыстық сот өткізген «Билерге тағзым» велошеруі дәстүрлі түрде жалғасын тауып, Ордабасы алаңынан басталды. Бұған облыстық, аудандық соттардың судьялары мен облыс әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылары және жергілікті мәслихат депутаттары мен жастар, барлығы 120-дан астам адам қатысты.
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов: «Биылғы шеру Мемлекет басшысының мақаласындағы рухани жаңғыруды іске асырудың нақты бір көрінісі әрі «Мәңгілік Ел» идеясы аясында Ұлы Даланың тарихын, соның ішінде 1726 жылы қазақ баласының басын біріктірген Ордабасы тауындағы тарихи жиынды насихаттайтын маңызды іс-шара екені анық», деді.
Түске таяу велосипедшілер республикалық «Ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетіп, оларды Ордабасы ауданының басшылығы мен ауыл тұрғындары салтанатты жағдайда қарсы алды.
Одан әрі Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументінде жиын өтіп, Е.Садыр, А. Мамытбеков, Н.Шәріпов, Ө. Мелдеханов маңызды жобаның Ұлы Даланың тарихын, соның ішінде бұдан 291 жыл бұрын өткен Ордабасы тауындағы тарихи жиынды насихаттаудағы маңыздылығына және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі мәніне айрықша тоқталып өтті. Шара соңында ауылдың имамы Айдос Абылайханұлы бабалар рухына арнап Құран бағыштады.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ
Шымкент