Бизнес • 18 Мамыр, 2017

«Сынаққа толы PR жылы»

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстандағы PR күндер аясында жыл сайынғы ХІІІ Халықаралық PR-форум өз жұмысын бастады. Алматыдағы Intercontinental қонақ үйінде өтіп жатқан биылғы Форум «Сынаққа толы PR жылы» тақырыбын талқыға салуда.

«Сынаққа толы PR жылы»

Осымен он үшінші рет өткізіліп отырған отандық PR-саланың осынау ірі оқиғасы аясында екі күн қатарынан Қазақстандағы және әлемдегі коммуникациялық индустрия трендтері, мәселелері мен міндеттері ортаға салынады.

Дәстүрлі форумға әдеттегідей еліміздің PR-саласының жетекші мамандары, мемлекеттік және бизнес-құрылымдардың топ-менеджерлері, маркетологтар, журналистер қатысады. Пікір алмасады, жаңа жарнама берушілерін табады, мықты PR-шылармен дидарласады. 

Бүгін басталған Форум соңғы әлемдік трендтер мен халықаралық PR-нарықтың сын-тегеуріндеріне, ел мен бизнестің бет-бейнесі мен абырой-атағын басқару мәселелеріне, халықаралық брендтердің жаһандануы мен локализациясына, жергілікті ерекшеліктерге қарай ілгерілеудің тиімді құралдарына арналмақ.

Қазір нарықтың жетекші мамандары қоғамдық кампаниялар, зерттеулерді ұйымдастыру, әлеуметтік желілердегі жұмыс ерекшеліктері мәселелерін ортаға салып, өткен жылы PR-ортада және одан тыс та кеңінен танымал болған PR-кейстерді қарастыруда. Бұл жылы PR-форумға ICCO президенті Максим Бехар қонақ болып, PR нарықтың халықаралық трендтері турасында әңгіме қозғайды.

«Бұл жылы форум тақырыбы аздап қорқыныш шақыратындай көрінуі де мүмкін. Кібісе жыл – PR саласы үшін сынаққа толы болды, - дейді PG 2 Communications басқарушы серіктесі, PR-шы Клубының ортақ құрылтайшысы және ҚР ҚБҰҚ Кеңесінің Төрайымы Әсел Қарауылова.

– Жыл тек күнтізбек бойынша ғана емес, нарық үшін де күрделі болып шықты. PR-бюджеттерді қысқартудан бөлек, біз PR және дағдарыстарды басқару салаларында жеткілікті түрде ойластырылмаған жұмыстың нәтижесі болған коммуникациялық «сәтсіздіктердің» едәуір жағдайларының куәсі болдық. Жалпы, біздің сала біршама «дауылды жағдайды» бастан өткеріп жатыр, және Форум сарапшылары оны тұрақтандыру бойынша өздерінің кәсіби ұсыныстарын алға тартады».

Форумның ашылу салтанатында PR-шы Клубының президенті Аида Досаева: «Біздің Клуб PR-Форумды осымен он үшінші рет қатарынан ұйымдастырып жатыр, ол коммуникациялар саласындағы ең негізгі және асыға күтетін уақиғаға айналды. Бүгінгі таңда PR-шы Клубы Алматы мен Астанада белсенді түрде қызмет ете отырып, кәсіби нарықты дамытуда және саланың стандарттарын түзуде», - деді

Биылғы Форумның маңызды тақырыптары қатарына желідегі дағдарысты басқару, компаниялардағы PR мен НR өзара ықпалдастығы, мәдениет саласындағы коммуникациялар, жаңалық контентін құру, вирусты контент, желідегі троллинг және көптеген басқа да мәселелер кіреді. 

Биыл алғаш рет GR – government relations тақырыбы барынша толық ашылып көрсетілмек. Сарапшылар бұл тақырыпты түстен кейін, Қазақстандағы қалай қабылданатыны мен ерекшелігін талқыға салады. Пиаршылар үшін психологиялық лайфхактар ұсынылады. Бұл өз брендімен толық интеграцияланғандар үшін аса пайдалы. Кәсіби психолог аса жоғары психологиялық жүкті қалай жеңілдетуге болатыны турасында тәжірибелік кеңестерін береді.

Жыл сайын өтетін іс-шараны – Қазақстан Республикасының қоғаммен байланыс жөніндегі Ұлттық Қауымдастық (ҚР ҚБҰҚ) мен ICCO (International Communication Consultancy Organization) қолдауымен қазақстандық PR-3 кәсіпқойларының бейресми Клубы «PR-шы», PG Communications агенттігі тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ