Аймақтар • 18 Мамыр, 2017

Солтүстік Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендер баспаналы болды

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алғашқылардың қатарында Ғ. Мүсірепов ауданы Рузаевка ауылының тұрғындары қуанышқа бөленді.

Солтүстік Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендер баспаналы болды

Аудан әкімі Владимир Дудовтың айтуынша, облыстық әкімдіктің қорынан табиғи апаттың залалын өтеу үшін 53,5 миллион теңге бөлінген. Бұдан тысқары көмек қорына 19 миллион бюджеттен тыс қаржы түскен.

Су тасқыны кезінде Рузаевка бұл елді мекенінде 12 үй жарамсыз болып қалған. Олардың иелеріне бюджеттік және бюджеттен тыс қаржы есебінен баспаналар мен пәтерлер сатып алып берілді. Төтеннен төнген оқиға кезінде Эльвира Сералина құжаттарын ғана алып үлгерген, дүние-мүлкін су ағызып әкеткен. Енді жаңа үйдің кілті табыс етілді.

«Үйіміз үлкен, кең, әрі барлық жағдай жасалған: көлікжай, монша, бақша бар. Үйдің бұрынғы иесі бізге барлық жиһаздар мен техниканы қалдырып кетті. Бізге қолұшын созған барлық адамдарға алғыс айтамыз», - дейді Сералиндер отбасы. Лилия Афанасьева да жаңа пәтерде қоныс тойын тойлады. Жалғызілікті әйелге бір бөлмелі пәтер тиді.

Ал, қайырымдылық іс-шаралардан жиналған 9 миллион теңге азық-түлік, киім-кешек, аяқ-киім, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника сатып алуға жұмсалды. Рузаевка ауылдық округінің әкімі Игорь Кобялконың айтуынша, ауылда 88 отбасы қиын жағдайға тап болған. 

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда су тасқыны кезінде 120 үйді су шайып кеткен.

Өмір Есқали.

«Егемен Қазақстан».