Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул Азиз әл-Саудтың арасында қалыптасқан шынайы достық пен сыйластық қарым-қатынастың арқасында бүгінде екі ел халықтарының барыс-келісі мен жан-жақты байланыстарының арта түсетіндігіне үміт артатынын білдірді.
«Бүгін елордамыздың төріндегі Ұлттық музейде Сауд Арабиясының аса көрнекті басшысы болған ұлы мәртебелі король Фейсал ибн Абдул Азиз әл-Саудтың тұтынған жеке заттары мен кезінде оның бастамасымен өндірілген өнімдер көрмесінің ашылу салтанатын өткізіп отырмыз. Экспонаттар қатарында ұлы мәртебелінің түрлі қару-жарақтары мен наградалары, архивтік құжаттар мен фотосуреттері бар. Әр мемлекеттің тарихында сол елдің саяси-экономикалық және рухани айырықша із қалдырған үлкен тұлғалары болады. Достас Сауд Арабиясына 1964-1975 жылдар аралығында кемел басшылық жасаған бірқатар саяси және экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып, елдің әлеуетін арттыруда үлкен із қалдырған ұлы мәртебелі король Фейсал ибн Абдул Азиз әл-Саудты біз сондай тұлға ретінде танимыз. Біз король Фейсал жүргізген ауқымды реформалар қоғамды жан-жақты дамытып, оның сапалық жаңа деңгейге көтергендігінен хабардармыз. Ұлы мәртебелінің бастамашылдығымен көп заңдар қабылданып, жоспарлау жүйесі енгізілген. Олар Сауд Арабиясының халқына күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді. Король Фейсалдың күш-жігерінің арқасында Сауд Арабиясы әлемдік жетекші державалардың қатарына қосылғанын үлкен құрметпен атап өтуіміз керек. Әрине, осындай дарынды басшы, дара тұлғаның елі үшін тындырған әрбір ісі халықаралық деңгейде терең танып, білуге, зерттеп зерделеуге лайық. Ал ол тұтынған жәдігер бұйымдардың көзге ыстық, көңілге жақын болуы заңды. Мұның өзі қазақстандықтардың араб халқының мәдениеті мен қолөнер туындыларынан көбірек хабардар болуына септігін тигізетіндігі сөзсіз. Елімізде EXPO–2017 халықаралық көрмесі ашылар қарсаңында Астанада король Фейсал тұтынған бұйымдар көрмесінің жұмыс істей бастауы еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, бұл көрме елорда тұрғындары мен қала қонақтарының тарапынан үлкен қызығушылық тудырады деген үміттеміз. Мұндай шаралар дініміз бір, діліміз жақын, осыған байланысты тілімізде де ортақ сөздер жиі ұшырасатын Сауд Арабиясы Королдігімен Қазақстан халықтары арасындағы өзара достық пен ынтымақтастық байланыстардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді деп ойлаймын»,– деді Г. Әбдықалықова.
Ай соңына дейін жалғасын табатын көрме экспозициясы сауд қоғамының барлық саласына ықпал еткен ауқымды реформаларды бастап берген король Фейсал басқарған (1964-1975 жж.) Сауд Арабиясының өткен кезеңіне арналады. Сондықтан да Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған король Фейсал атындағы Исламды зерттеулер орталығының басқарма төрағасы, ханзада Түрки әл-Фейсал әл-Сауд мұндай көрме ТМД бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Осындай ғажап ғимараттағы керемет көрменің ашылу салтанатына қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғалы Сауд Арабиясымен байланыс нығайып, екі жақты қарым-қатынасымыз қарышты дамып келеді. Ал енді Арқа төріне салынған Астананы көріп, біз Қазақстанның кемел келешегіне зор сенім артамыз. Сонымен қатар, король Фейсал көрме залының шет елде ең алғаш рет ашылып отырғанын да атап өткім келеді. Осыған қарап, екі ел халқын тек қана сауда, дипломатиялық қатынастар ғана байланыстырмайтындығын байқауға болады. Сондай-ақ, халықтар арасында діни наным-сенім түсінігі ғана емес, мәдени, рухани байланыстар да өзара үндесіп жатқандығы айқын аңғарылады»,– деді ол.
Айта кетейік, көрменің ресми ашылу салтанатына Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков пен Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Сауд Арабиясы Королінің кеңесшісі, Фейсал орталығының ауқымды делегациясы, Қазақстандағы Сауд Арабиясы Корольдігі елшілігінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар шара аясында қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Әл-Фейсал: Әділдік және батылдық жолы» атты кітап оқырман қауым назарына ұсынылды.