Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» жұмыс істеп келеді. Осында оқитын студенттермен жиі кездесіп, әртүрлі шараларға қатысып тұратын Олжас Омарұлының әдебиет пен мәдениет, руханият пен бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі төңірегіндегі пайымдаулары былайғы жұрт үшін қол жете бермейтін дүние екені анық. Университет ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов кездесуде: «Жастардың заманға сай, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игеруіне, рухани биікке көтерілуіне барынша жағдай жасап отырмыз. Сондықтан, университет жастарын Олжас ақынның рухында, оның зор тұлғасы мен азаматтық, адами қасиеттері үлгісінде тәрбиелеуді таңдадық. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарымыз өз жемісін беріп келеді», деді.
«Олжас және жастар» тақырыбында өткен поэзия фестивалінде ақынның өлеңдері оқылып, шығармашылығы негізінде көріністер қойылды. Студенттер өз кезегінде ақынға сұрақ қойып, сұхбат құруға да мүмкіндік алды.
Поэзия кешінен 8 жасар қызды педофилден құтқарып алған оқушы Тимурбек Жамаладдиновті кездестірдік. Сөйтсек, Білім және ғылым министрлігі арнайы тағайындаған ЖОО грантына осы ҚазҰАУ-ды таңдапты. «Олжас және жастар» фестиваліне ақынмен бірге қонақ ретінде қатысқан 11-сынып оқушысы ақынның өз қолынан сыйлық алды.
Сондай-ақ, 19-21 мамыр аралығында университеттің үлкен спорт кешенінде ардагерлер арасында волейболдан дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» турнирі өтеді. Ақынның өзі де ойнайтын бұл жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің командаларымен қатар, Тараз, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда қалалары, Еуразия технологиялық университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің командалары қатысады.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ