Қазақстан • 22 Мамыр, 2017

Маңдайалды мақтанышымыз

420 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қай халықтың болсын қатарынан қарқынды дамып, желдей жүйрік жүйемен жетілуіне, өркендеп өріс жаюына оның сапалы білім беруі басты назарда болуы шарт. Бұл орайда еліміздегі жастардың ойлау жүйесін әлемдік деңгейге арттырып отырған бірегей білім ордасы – Назарбаев Университеті екені дау туғызбаса керек.

Маңдайалды мақтанышымыз

Беделі зор, берері мол «Назарбаев Университеті» 2010 жылдың 28 мау­сымында тікелей Елбасының қатысуы­мен ашылған болатын. Оған себеп, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2006 жылғы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы. Атап айтқанда, Елбасы Н.Назарбаев «біздің елордада бірегей академиялық ортаны қалыптастыру үшін халықаралық деңгейдегі беделді университет құру қажет» деген ұсыныс жасады. Университеттегі оқу процесі халықаралық білім беру стандарт­тары негізінде құрылған, бұл Қазақстан Рес­пуб­ликасы білім және ғылым жүйе­сінің қарқынды дамуына және әлем­дік деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл – қызметі дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы ең алғашқы университет. Аталмыш білім ордасына дербестік мәртебесі «Назарбаев Универ­ситеті», «Назарбаев Зияткерлік мектеп­тері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы Заңына сәйкес берілгенін атап өткен жөн. 
Оқу ошағының алға қойған міндеті – Қазақстанның халықаралық деңгей­дегі тұңғыш зерттеу университеті болу, себебі оның қызметі елдің негізгі басымдықтарының іске асырылуына, оның ішінде зерттеу әлеуетінің жедел қарқынмен өсуіне, елдің индуст­риа­лық-инновациялық дамуына, өзге­ріп отыратын және жаһандық ық­пал­­дас­тырылған экономика талап­тары­на сай келетін білім беруге көшуді қамтамасыз етілуіне байланысты болып отыр. 2010 жылдың қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің білім беру саласындағы айрықша жобаның бірі һәм бірегейі саналатын жаңа университеттің құрылғандығын жариялап: «Жаңа университетті ашу – мемлекетіміздің дамуы мен көпте­ген қазақстандықтар үшін ғаламдық жүйе құруда айрықша ықпал ететін маңызды ұлттық жоба. Астананың жаңа университеті ең үздік әлемдік білім беру моделі мен ғылыми практикаға пара-пар, қазақстандық өзіндік ерекшелікті үйлестіре байланыстыратын ұлттық брэнд ретінде құрылуы тиіс деп есептей­мін», деген еді. Аталмыш универ­ситет бүгінде осы мақсат, осы меженің үдесі­нен шыққандай. Мемлекеттік грантпен оқып, тамақ, жатақхана, интернет, спорт залы сынды түрлі қажеттіліктердің бар­лығымен тегін қамтамасыз етілген оқу орны студенттерге сапалы білім алу­­дың барлық мүмкіндіктерін қарас­тырған бірегей университет деуге болады. Бүгінгі уақыттың бізге қойған бір талабы ағылшын тілін еркін меңгеру болатын болса, он жылға толмайтын уақыт ішінде «Назарбаев Университеті» ол қамалды да өзіне бағындырды.
Еліміздің ең ерекше оқу орны – «Назарбаев Университеті» Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бо­йын­­ша құ­рылғанын құлақтандырдық. Оның маңыз­ды миссиясының бірі – Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мүмкіндік беру, сонымен қатар, Астананың Еура­зия орталығында зерттеу және білім беру орталығын қалып­тастыру. Универ­ситет өзіндік білім стан­дарттары бо­йын­ша жұмыс істейді. Әлемнің түк­пір-түкпірінен жиналған атақты про­фес­сорлар дәріс береді. 
Естеріңізде болса,  2015 жылы уни­­­вер­ситеттің алғашқы түлектері­нің қолына диплом бе­ріп тұрып, Мем­лекет басшысы: «Ме­нің айтайын дегенім, ең алдымен Отан­ға еңбек етіңдер. Отанның бергенін он есе қайтаруларың керек», деген еді. Бұл ұлтқа деген ұлы махаббат пен жас­тарға деген жанашырлықтың негізін­де туған аталы сөз бен баталы байлам болса керек. Шекара асып, шетелде оқу қазіргі қазақ баласы үшін таңсық дүние емес. Дегенмен, елден алған еншіңді екі еселеп қайтару әуелі Алланың, содан соң арыңның алдындағы маңызды міндет болып қала береді. Мақтанышымызға айналған маңдайалды оқу ордасының алғашқы түлегі болу деген сезім тіпті ерекше. Біз оны бітіруші түлектердің сөзінен аңғардық.
«Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Себебі, біз «Назарбаев Университетінің» алғашқы түлегі деген атқа ие болдық. Бұл бір жағынан қуаныш болса, енді бір жағынан ел мен Елбасының арт­қан үмітін ақтау керек деген жауап­кер­шілікті жүктейді. Осы жолда орасан зор тер төгу алға қойған айрықша мін­детім», деді университеттің тұңғыш түлек­терінің бірі Бекзат Кеңесова.
Аталмыш оқу орны тек ғана бакалавр дәрежесін берумен шектеліп қалған жоқ, 2013-2014 оқу жылында «Назарбаев Университеті» магистратура мен док­торантура бағдарламаларына алғаш рет сту­денттерді қабылдай бастады. Соның нәтижесінде өткен жылдың өзінде магис­тратура бағдарламасы бойынша 200-ге жуық түлек оқуын тәмам­дады. Сол түлектердің көпшілігі ғылым және технологиялар, инженерия, гуманитар­лық және әлеуметтік ғылым­дар, жоғары бизнес, жоғары мемлекеттік саясат мек­теп­терінен білім алды.
Назарбаев Университеті студент­тердің жайлы жағдайда тұруы мен сабаққа дайындалуы үшін барлық қолай­лы жағдайларды жасап отыр. Бөлме­лер 4 адамға арналған және барлық қажетті заттармен жабдықталған. Әрбір студентке кереует, шкаф-гардероб, тум­бочка, ілгіштер, жалюзи, төсек-орын, ортопедиялық матрас, көрпе, жастық, төсек жапқыш, бет орамал, үлкен орамал қоса беріледі. Әрбір бөлмеде душ бар. Жатақхананың бірінші және екінші қабаттарында студенттердің белсенді демалуына арналған орындар бар, мұнда студенттер бейне және теле бағдарламаларды көре алады, музы­камен, бимен айналысып, үстел теннисін ойнай алады. Бұдан басқа, жатақха­на­да студенттерге медпункт, дәріхана, минимаркет, кір жуатын бөлме, химиялық тазалау, төлем терминалдары қызмет көрсетеді. 
«Назарбаев Университетінде» студенттерді еңбекке дайындау мен кәсіби дамытуға, сондай-ақ оқу кезе­ңі ішінде студенттік практиканы ұйым­­дастыру, НУ-да жұмыс беруші­лер­дің презентациясы мен Кәсіби даму бағдарламасын, экскурсиялар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін және т.б. өткізу арқылы түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған Студенттерді кәсіптік бағдарлау және дамыту орталығы құрылған. СКБДО қызметкерлері Астана қаласының аумағында және одан тыс жерлерде мұнай-газ секторы, денсаулық сақтау, ғылыми-зерттеу орталықтары, химия өнеркәсібі, министрліктер, үкі­мет­тік емес ұйымдар, зауыттар мен басқа да қызметті қоса алғанда, қазақ­стан­дық, сондай-ақ халықаралық ұйым­д­армен бірге түрлі салаларда ты­ғыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. «Назарбаев Университетінің» студент­тері – бұл еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуына үлес қоса алатын ұлттық ғылыми және техникалық элитаның жаңа буыны. Осы себептен жұмыс берушілер аталмыш оқу оша­ғы­ның студенттерінің өсіп дамуын бақылап отырады. Өткен кезеңдегі практиканы талдау компаниялардың НУ студенттерін болашақ кәсіпқойлар ретінде қабылдағанын және оларға әлеуетті қызметкерлер ретінде қараға­нын көрсеткен.
НУ студенттері Қазақстандағы ком­па­ния­ларда, сондай-ақ шетелдегі ком­панияларда практикадан өту мүмкін­дігін алады. Мысалы, өткен жазда АҚШ, Франция, Испания, Германия, Польша, Үндістан және Оңтүстік Корея елдерінде практика бағдарламалары сәтті өткен. Студенттер кәсіби практи­каны өздері таңдап алған кәсіп бойынша практикалық дағдыларды меңгеру, ұйымның ұжымына кіру, ма­ман­дармен қарым-қатынас жасау және әлеуетті жұмыс берушілермен кәсі­би байланысты орнату сияқты мүмкін­діктерін қарастырды.
Жақында Елбасы «Назарбаев Уни­верситеті» дербес білім беру меке­месінің президенті Шигео Катсумен кездескен болатын. Кездесуде Мемлекет басшысына білім беру мекемесінің жұмыс нәтиже­лері туралы есеп беріліп, университеттің құрылғанынан бергі жетістіктері және оны бұдан әрі дамыту жоспарлары жөнін­де баяндалды. Елбасына «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ме­кемесі 7 жылдағы өз жұмысы бары­сында жетекші халықаралық жоғары оқу орындарының үздік тәжірибесін қабылдағаны, сон­дай-ақ оқу орнында болашағынан үміт күттіре­тін ең дарынды студенттерді іріктеу­ге сеп­тігін тигізетін мерито­кратия қағид­а­ты енгізілгені мәлімделді. Алдыңғы екі жыл­да 1000-нан аса түлекті қанаттандырған «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің биыл үшінші түлектері оқуды тәмамдайды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"