12 Қаңтар, 2010

ТӨРАҒАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА

2638 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
“Тағы бір жетістігіміз – биыл ЕҚЫҰ-ға төраға болатынымыз. Қазақ қай кезде осындай теңдікке жетіп, төрге шығып, бас ұстап еді? Тәубесінен жаңылмаған, барын бағалап, жақсысын жарқыратып көрсететін ұлттық рухымызға қарай мұндайда айтылар жүрекжарды сөз – қайырлы болсын! Барыс жылы қашанда қазаққа жаман болған емес. Ел іргесі берік болып, жарқыраған маңдайымыз ашылып, тіл-көзден аулақ болайық дейік” – елдің ерен перзенттерінің бірі Еркеғали Рахмадиев газетіміздің биылғы тұңғыш нөміріндегі жылдың жылы сөзінде осылай айтыпты. Әдемі айтқан. Міне, сол күнге де жеттік. Еуропаның төріне шығып, бас ұстайтын күнге жеттік. Бұл – жасампаздық жұмысымыздың жаңа, жарқын жетістігі. Бұл – тәуелсіздік алғалы бері Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сарабдал саясаттың салтанаты. Кеше Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Сау­дабаевтың Австрия Республикасына басталған сапарының басты іс-шарасы – еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына ресми кірісу рәсіміне қатысу. Бұл оқиға 14 қаңтарға белгіленген. Біз Венаға Астанадан кеше түс­ке таяу ұшып шыққанбыз. Екі ара­да­ғы 4 мыңға жуық шақырым қа­шықтықты алты сағаттан астам уа­қыт­та алған ұшақ Венаға жеткенше Еуропаның өзінде кеш батып, қас қарайып қалды. Келген күннің кешінде ЕҚЫҰ жанындағы еліміздің  Тұрақты өкілдігіне қа­тыс­ты іс-шара ойлас­тырылған екен. Онда Тұрақты өкіліміз Қайрат Әбдірахманов Қазақстан төраға­лы­ғы­ның басталуына орай атқарылып жатқан шаралар туралы, басқа ел­дер­дегі әріптестерінің құттық­тау­лары жөнінде айтып берді. Соған орай бүгінгі әлқисса сипа­тын­да­ғы шағын мақа­ла­да ЕҚЫҰ-ға Іс ба­сындағы төр­аға­лықтың орны жө­нінде мағлұмат беруді жөн көрдік. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихы Хельсинкидегі Қорытынды актіге қол қойылған күннен – 1975 жыл­ғы 1 тамыздан басталатыны белгілі. Бұл — шын мәнінде тарихи күн. Мына дүниенің жиырмасыншы ға­сырдағы тарихының ең бетбұ­рысты даталарының бірі. Ол құжаттың әсіресе Кеңес Одағының тағдыры үшін төтенше маңызы болған еді. Хельсинкидегі 35 ел басшылары қол қойған шешімге қол қойыларда алға тартылған екі шарт бар-ды. Оның біріншісі – Еуропада қа­лыптасқан шекараларды мойындау. Бұл шартты КСРО қойған. Екін­шісі – Кеңес Одағының адам құқын сақтау жөніндегі талаптарды орындауы. Бұл шартты Батыс ел­дері қойған. Екі шарт та қабыл алын­ған. Былай қарағанда, Хель­син­киде Кеңес Одағының ұпайы түгел шыққан сияқты еді. Хельсин­ки актісі арқылы Германия Демо­кра­тиялық Республикасының құ­ры­луы толық заңдастырылды, осы арқылы Калининград (бұрынғы Кенигсберг) облысы жерінің КСРО-ға қаратылуы заңдасты­рыл­ды, осы арқылы Украинаның батыс бөлігіне қосып алынған терри­то­рия­лар заңдастырылды, т.б. Бірақ біздің “сияқты еді” деп сөй­леуі­міздің де мәні бар. Хельсинки ак­тісі арқылы КСРО-да демокра­тия­лық үдерістер баяу болса да дами бастады. Оның аяғы “қайта құруға” соқ­тырды, “қайта құрудың” аяғы елді ыдыратуға алып келді. “Қайта құрудың” белорта тұсында екі Гер­мания аман-есен қосылып тынды. Оның аяғында бүкіл социалистік жүйе тарап тынды. Сонда түптің түбінде кімнің ұтқанын, кімнің ұтылғанын өзіңіз-ақ көріп отырсыз. Бірақ КСРО-ның ұтылуы біздің ұтылуымыз деп кім айтыпты? Қайта сол арқылы біз ата-баба­ла­ры­мыз аңсаған бақытқа қол жет­кізген жоқпыз ба? Міне, ЕҚЫҰ адамзат тарихын­да осындай да орын ала алады. Міне, біз сондай ұйымға төраға­лық етуге кіріспекпіз. Негізінде, біз бұл іске кірісіп те кеттік. Күнтізбе бойынша 2010 жыл­дың 1 қаңтарынан бері Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының Іс басындағы төрағасы – Қазақстан Республи­ка­сы. Ал төрағалықтың нақты мін­дет­те­рін атқару одан да бұрын басталған. Өткен жылдың соңғы аптасында Венада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің арнайы отырысында Ұйымның 2010 жылға арналған Жиынтық бюджетін қабылдау жөнінде шешім қабылданды. 2009 жылғы 1 қазаннан Ұйым Тұрақты кеңесінің Басқару және қаржы жөніндегі консультативтік комите­тінде төрағалық етуші Қазақстан барлық 56 мемлекетпен алдын-ала келіссөз жүргізу арқылы қатысушы елдер пікірін бір түйінге келтіре алды. Ұйымдағы барлық шешімдер тек консенсустық негізде қабыл­да­на­тынын, яғни бір мемлекет қар­сы болса да кез келген шешім қа­былданбай қалатынын ескерсеңіз, бұл оңай міндет емес. Мысалы, өткен жылғы бюджеттің бекітілуі сәуірге дейін созылған екен. Әйтсе де, кез келген іске кірі­су­дің өзіндік ресми рәсімі болады. 14 қаңтар күні сол рәсім атқа­ры­лады. Ал енді Іс басындағы төраға­лық­тың мәніне келейік. Одан бұ­рын осы “Іс басындағы төраға­лық” дегенді тағы бір түсіндіре кет­кен артық болмас. ЕҚЫҰ тәр­тібі бойынша ондағы төрағалық – үштіктің төрағалығы. Бұл ұйымда іс басындағы, бұрынғы және бо­ла­шақ төраға елдер үш жыл бой­ын­да басшылық жасайды. Мы­салы, Қазақстан 2009 жылы бола­шақ төраға ел ретінде ЕҚЫҰ жұ­мысына етене араласып, мол тәжі­рибе жинақтады. Біз 2011 жылы Ұйым басшылығына бұрынғы төраға ретінде қатысатын боламыз. Іс басындағы төрағалық қыз­меті ЕҚЫҰ-да 1991 жылы енгі­зілген. Қазақстан – іс басындағы төр­ағалықты атқарушы жиырма­сын­шы ел. Тиісті мандатқа сәйкес Төраға ел Ұйымның басты жетекші ор­гандарының жұмысын үйлестіреді. Жоғары деңгейдегі кездесулерді (саммиттер), Министрлер кеңе­сі­нің жыл сайынғы кездесулерін, Тұрақты кеңестің апта сайынғы мәжілістерін ұйымдастырады. Мемлекет басшыларының 2010 жылғы саммитін шақыру идея­сы­ның бастамашылығын көтере оты­рып, Қазақстан жоғары деңгейдегі кездесудің тұжырымдамалық және ұйымдастырушылық мәселелерін пысықтауға кірісті. ЕҚЫҰ-ның биылғы ірі іс-ша­раларының арасынан Парламент­тік Ассамблеяның мәжілістерін, қауіпсіздік саласындағы мәселе­лер­ге шолу жасау жөніндегі жыл сайынғы конференцияны, Эконо­ми­калық-экологиялық форум мә­жілісін, адам өлшемі саласындағы міндеттемелерді орындау бойынша кеңесті, Толеранттылық және кем­сітпеу бойынша жоғары деңгейдегі конференцияны, Лаңкестіктің ал­дын алу жөніндегі конферен­ция­ны, сондай-ақ Копенгаген құжа­ты­ның 20 жылдығына арналған конференцияны, басқа да жиын­дар­ды бөле айтуға болады. Қазақстан өзінің төрағалығы жылына көпжақты және екіжақты консультациялар алмасудың кесте­сін жасапты, ол ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекеттердің барлығын да қам­ти­ды екен. Ұйымның күн тәрті­бінде тұрған көкейкесті мәселелер бойынша сан түрлі көзқарастарды жақындастыру, іс-қимылды үй­лес­тіру және жұмыстағы қосамжар­ла­ну­ды болдырмау үшін мұндай ұс­та­ным өте-мөте қажет деп білеміз. Біз мақаланың бас жағында Ұйым Үштігі жөнінде айттық. Оған өт­кен жылғы төраға Грекия, Іс ба­сын­дағы төраға Қазақстан және келесі жылғы төраға Литва кіреді. Еліміз Үштіктің жұмысын апта сайын үйлестіріп отыруға тырыс­пақшы. Төраға ел ретінде Қазақстан жыл бойынша ЕҚЫҰ-ның атынан сан түрлі халықаралық іс-шара­лар­да сөйлейтіні өзінен-өзі түсінікті. Биыл кәрі құрлық атынан Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде, Еуропа Кеңесінде және НАТО-да сөз сөйлеу құрметі бізге тимек. Жыл бойында екі рет ЕҚЫҰ Үштігінің, сондай-ақ Еуро­одақтың министрлер және елшілер деңгейінде консультациялар алма­суы өткізілмек. Қазақстан Төраға ел ретінде ЕҚЫҰ Хатшылығының сарапшы­лық, консультациялық, материал­дық, техникалық және басқа да сипаттағы қолдауына сүйенетіні тү­сінікті. Біздің газетіміздің Вена­дағы тілшісі (ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері орналасқан осы қалада ар­найы тілші ұстап отырған еліміз­дегі қазірше жалғыз газет “Егемен Қазақстан” екенін сөз арасында болса да еске сала кетейік) Талғат Жұмағұлов бүгінде Ұйымда 3300 қызметкер жұмыс істейтінін айт­ты. Олардың негізгі бөлігі (2800 адам) жергілікті миссияларда жүреді дегеннің өзінде, Штаб-пәтердегі бес жүздей қызметкер де аз адам емес. Іс басындағы төраға Қанат Саудабаевтың бізге айтқан әңгі­ме­сіне қарағанда, Мемлекеттік хат­шы – Сыртқы істер министрі осы жылдың ішінде Оңтүстік Кавказға, Балқан елдеріне, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияға сапарлармен бармақ көрінеді. Ол сапарлардың оңайға түспейтіні анық. Дағда­рыс­ты жағдайларды немесе қақты­ғыс­тарды (әрине, бетін әрі қылсын, бірақ ондай атымен болмайды деп ешкім де кепілдік бере алмайды ғой) реттеу барысында немесе мемлекеттердің нақты салалардағы күш-жігерін тиімді үйлестіру мақсатымен Іс басындағы төраға ел, қалыптасқан тәжірибеге сәй­кес, өзінің жеке өкілдерін та­ғайын­дап, оларға мандат береді. Тиісті кеңесу-ақылдасулардан кейін Қазақстан жеке өкілдерді ұзаққа созылған қақтығыстар мен дағдарыстарды реттеу, экология, көлік, төзімсіздік пен кемсіту­ші­лік, сайлауларды байқастау (қазақ баспасөзінде “наблюдение за выборами” тіркесі “сайлауды ба­қы­лау” деп онша дәл алынбай жүр) және сайлау проблематикасы жөнінде тағайындаулар туралы кадрлық шешімдерді қазірдің өзін­де қабылдап үлгеріпті. Қанат Бек­мырзаұлы бізге ұшақтағы әңгіме­сін­де ЕҚЫҰ-ның үш комитетінің жетекшілері қазірдің өзінде тағайындалып қойғанын айтты. Германияның тұрақты өкіліне Қауіпсіздік жөніндегі комитет, Бе­ларусьтің тұрақты өкіліне Эко­но­мика және экология жөніндегі комитет, Португалияның тұрақты өкіліне Гуманитарлық комитетке жетекшілік ету тиіпті. Сөйтіп, біз, мақала басында келтірген Ерағаң­ның сөзімен айтсақ, бас ұстап қана қоймай, енді мүше таратуға да кіріскен екенбіз. Тәубе. Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Венадан.