Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Мемлекетіміз жеке отау тігіп, тәуелсіздік алған кезден бері атқарушылық іс жүргізу саласы қоғам дамуының бағытына ыңғайластырыла бірнеше рет реформаланды. Сот шешімдерінің орындалуын түпкілікті жақсарту қажеттілігі туралы Елбасы Н.Назарбаев нақты тапсырма берді. Осы орайда толғандырған бірқатар сұрақтарымызға толыққанды жауап алу мақсатымен Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Георгий КИМГЕ жолықтық.
– Георгий Владимирович, биыл еліміз егемендігінің 20 жылын тойлағалы отырмыз. Осы 20 жыл ішінде атқарушылық іс жүргізу саласы бірқатар реформаларды жүргізді. Сот шешімдерін орындау бірде Әділет министрлігінің құзыретінде болса, кейінірек Жоғарғы Сот құрамында болды. Өткен жылдан бастап қайтадан Әділет министрлігіне ауыстырылды. Мұндай ауыстырулардың пайдасы не?
– Иә, 1998 жылдың ортасына дейін сот орындаушылар соттардың құрамында болды. Олардың қызметі негізінен атқару құжатын борышкердің жұмыс орны бойынша бухгалтерияға жолдау болып табылатын. Соған қарамастан сот орындаушыларының қызметін судьялар қадағалайтын. Экономика саласындағы реформаларға сәйкес азаматтық және шаруашылық істердің саны арта түсті. Судьялар жүктемесі мен құқықтық өкілеттілігінің артуы салдарынан сот орындаушыларға көмек көрсету және қызметін қадағалау шеттетіліп қалды. Сот орындаушыларының кәсібилігінің төмендеуі мен судьялар тарапынан қадағалау болмауынан сот актілерінің орындалу сапасы күрт төмендеді.
Атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету тиімділігін арттыру мақсатында 1998 жылғы 30 маусымда атқарушылық іс жүргізудің құқықтық және ұйымдастырушылық негізін белгілейтін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң қабылданды. Сөйтіп, Үкіметтің қаулысымен Әділет министрлігінің Сот қаулыларын орындау комитеті құрылды. Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу жүйесін реформалаудың келесі сатысы – Мемлекет басшысының 2001 жылдың 22 қаңтарында қабылдаған «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы болды, оған сәйкес сот актілерін орындау қызметі Әділет министрлігіне ауысқан Сот әкімшілігі жөніндегі комитетіне жүктелді.
Ал Президенттің 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен атқарушылық құжаттарды орындау, жекелеген негіздер бойынша республикалық меншікке айналған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитетіне берілді. Сөйтіп, Елбасының аталған Жарлығын жүзеге асыру мақсатында қайтадан Үкімет қаулысымен Әділет министрлігінде Сот актілерін орындау комитеті құрылды. Сот актілерін орындау қызметі әділет органдарына, атап айтқанда, Сот актілерін орындау комитетіне берілген уақыттан бері орындау көрсеткіші алғаш рет 79,6 пайызға жетті, бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
– Демек, еліміздің атқарушылық іс жүргізу саласы үнемі жетілдіріліп, дамып келеді дейсіз ғой. Қазіргі уақыттағы орындалу деңгейі қандай?
– Ағымдағы жылдың 6 айы ішінде жалпы құны 1 097 404 165 536 теңгені құрайтын 683 186 атқарушылық құжаты болса, олардың бүгінгі күні 345 951 аяқталып, жалпы құны 186 417 243 272 теңге өндіріліп алынды. Аталған уақыт аралығында сот орындаушыларымен республикалық бюджетке 10 пайыз атқарушылық санкция негізінде жалпы құны 588 722 085 теңге сомасындағы қаржы өндірілді. Сонымен қатар, 126 мыңнан астам алимент өндіру туралы атқару құжаттары бар екенін де айтып өту керек.
– Сот шешімін орындау көп жағдайда оңайға соқпайды. Кейбір сот шешімдері созбалаңға түсіп, ұзақ уақыт бойы орындалмайды. Неге?
– Әрине, сот шешімдерін орындату оңай емес. Сот орындаушы күнделікті қызметінде көптеген қиындықтарға тап болады. Оларға жүктелетін жауапкершілік те, қойылатын талап та жоғары. Сот шешімдерін орындау көп уақытты және тер төгуді қажет ететін жұмыс екендігі белгілі. Кей жағдайда соттың шығарған шешімдерін сот орындаушысы заңнамада көрсетілген мерзімде орындай алмайды. Ол әр түрлі жағдайларға байланысты. Сот шешімдерінің орындалмауы – атқарушылық іс жүргізу органдарының ғана емес, жалпы мемлекеттің өзекті проблемаларының бірі. Сот шешімі шыққанмен, ол орындалмайынша азаматтың немесе заңды тұлғаның құқықтары қалпына келтірілді, әділдік орнатылды деп айта алмаймыз.
Сот актілерінің уақтылы әрі сапалы орындалуына борышкерлердің төлеу мүмкіндіктерінің төмендігі мен мүліктерінің, тұрақты жұмыс орындарының болмауы кедергі келтіреді. Сонымен қатар, сотталған борышкерлерден өндіру де қиындық туғызып жатады. Себебі, сотталғандар көп жағдайда жазасын өтеу орындарында жұмысқа орналаспағандықтан, тиісінше төлеу мүмкіндіктері болмайды. Тіпті, бостандыққа шыққанның өзінде оларға қатысты қоғамдық пікірдің қандай екендігі бесенеден белгілі.
Өзіңіз білетіндей, алимент өндіру де күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Көптеген борышкерлер алимент төлеуден жалтарып, қитұрқы әрекеттерге барады. Мәселен, алименттік төлемдердің көлемін азайту мақсатында, жалақысы туралы жалған анықтама көрсетіп жатады немесе атындағы бар дүние-мүлкін өзгелердің аттарына жаздырып алады. Сондай-ақ, борышкерлердің маусымдық жұмыс істеуі, ауылдық елді мекендерде еңбек шартын рәсімдеместен жұмыс жасауы немесе жұмысты жиі ауыстыруы да алимент өндіру туралы сот шешімінің уақтылы орындалуына кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде тірі жетім балалардың тиісті деңгейде жетіліп, дамуына кері әсерін тигізеді.
Тағы бір мәселе, сот орындаушыларының көп уақыты жауапкершіліктен қашып жүргендерді іздеумен өтеді. Мұндай жағдайларда сот орындаушылары атқару құжатын өндірушіге орындаусыз қайтаруға мәжбүр. Борышкердің мүліктері, мекен-жайы немесе қайда жұмыс істейтіндігі анықталған жағдайда өндіріп алушы атқару құжатын орындауға қайта тапсыруға құқылы.
– Демек, қазіргі қоғамымызда заңға мойынсұнбай, сот шешімдерін орындаудан қасақана жалтарушылардың саны аз емес екен. Ендеше, сол жауапсыз борышкерлерге қандай шаралар қолданасыздар?
– «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» жаңа заңның енгізілуімен, өзіңіз айтқандай, жауапсыз борышкерлерге қатысты сот орындаушылары Қазақстан Республикасының аумағынан шығуын уақытша шектеу сынды мәжбүрлеп орындау шарасын қолдану мүмкіндігіне ие болды.
Аталған шара өз тиімділігін алғашқы күндерден-ақ көрсетті. Және қазіргі уақытта өз берешегін төлеуден түрлі сылтаулармен жалтарып, созбалаңға салып келген борышкерлердің өзіне қатысты аталған шараны қолданғаннан кейін, бір күн ішінде өз берешегін толықтай өтеп тастаған жағдайлар кездеседі. Ал шекарадан өтуін шектеу шаралары қарызын төлеуден қасақана жалтарып жүрген борышкерлерге қолданылады.
Сонымен қатар, қасақана жалтарушы борышкерлерге шынайы ықпал ететін шаралардың бірі − оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Жыл басынан бері сот шешімдерін орындаудан қасақана жалтарған 2163 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 843 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
– Жақында алғашқы жеке сот орындаушылары жұмысқа кіріскелі отыр екен. Оларды жасақтау барысы қалай?
– 2011 жылдың 14 наурызынан бастап Комитет жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға ниетті, ондай қызметпен айналысуға құқық беретін лицензияны алу үшін үміткерлерден тиісті құжаттарын қабылдауды бастаған болатын. Аталған уақыттан бері жеке сот орындаушысы болуға 372 үміткерге лицензия берілді, ал 103 өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылды. Конкурсқа барлығы 137 үміткер құжат тапсырды, оның 96-сы конкурстан өтсе, қалғаны өтпеді. Алғашқы жеке сот орындаушылары өз жұмысын алдағы айда бастайды.
– Бұлар жұмысқа кіріскенде сот шешімдерін орындау көрсеткішін 100 пайызға жеткізу мүмкін бе? Жеке сот орындаушысы мемлекеттік сот орындаушысынан гөрі жақсы жұмыс істейді әрі тиімді дегендіктен де бұл институт құрылды ғой?
– Жеке сот орындаушыларының жұмысын бастауы сот шешімдерінің орындалу барысына оң нәтиже әкелеріне сенімдімін. Алғашқы оң нәтижелер жаңа институттың енгізілуінен 1,5-2 жылдан кейін болмақ. Дей тұрғанмен, әрине, жеке сот орындаушыларын енгізу сот актілерін орындаудың барлық келелі мәселелерін түбегейлі шешуге қауқарлы жол деп кесіп те айта алмаймын. Егер де борышкердің жұмысы мен оның атында дүние-мүлкі болмаса мемлекеттік, мейлі жеке сот орындаушылары болса да берешек қарызды өтеуге қауқарсыз. Жеке сот орындаушысының мемлекеттік сот орындаушысынан артықшылығы − өндірілген соманың белгілі бір бөлігі өзіне тиесілі болатындықтан, атқару құжатын сапалы әрі жылдам орындауға мүдделі. Әрі жаңа институттың енгізілуімен әр сот орындаушысына келер жүктеме азая түспек, сондықтан бұл өз кезегінде жұмыстың сапасы мен жеделдеуіне оң ықпал етпек. Жеке сот орындаушысы бірнеше көмекші алуға құқылы. Ол дегеніңіз, жүздеген адам жұмыс орнына ие болмақ.
– Кадр мәселесі, маман таңдау қалай жүзеге асырылуда?
– Әлбетте, кадр таңдау мәселесіне жіті көңіл бөлінеді. Қай мекеменің болмасын мамандары білікті әрі білімді болса, тиісінше әлгі мекеменің жұмысы да оңға баспақ. Сот орындаушыларының құрамын білікті де білімді мамандардан жасақтау, олардың біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жас заңгерлерді өз қызметімізге баулып, болашақта біздің салаға тарту, әрине, студенттік кезеңнен басталуы керек деп ойлаймын.
Болашақта Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарының студенттері үшін мамандыққа қатысты бірнеше таңдау курстарын енгізу жоспарымызда бар.
– Ал енді сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Өзіңіз білетіндей, ең бір жіті назар аударылуы және басымдық берілуі тиіс бағыттардың бірі – атқарушылық іс жүргізудің қазіргі көрсеткіші мен сот орындаушысының жұмысын оңтайландыру. Сот орындаушысының жұмысын тиімді ұйымдастыру, жұмыс барысында басшылық алу үшін орындаудың түрлі санаттары бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірленді.
Мәселен, соңғы кезде жиілеп кеткен, борышкерлерді үй-жайдан шығару, өндіріп алушыны қоныстандыру сынды сот шешімдерін орындау барысында атқарушылық іс жүргізу тараптарының сот актісінің орындалуына кедергі келтіру, өз-өзіне қол жұмсау сынды фактілердің алдын алу мақсатында арнайы нұсқаулық әзірленді.
Біз сот актілерін орындау бойынша түбегейлі жақсы нәтижеге соттармен, құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік және тіркеу органдарымен тығыз, қоян-қолтық жұмыс жасау арқылы ғана қол жеткіземіз. Сондықтан да жұмысымызды өзге мемлекеттік және өзге де мекемелермен тығыз ынтымақтастықта жасауға күш салудамыз. Басты міндетіміз – сот шешімдерінің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.