12 Қаңтар, 2010

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖҰМЫС КЕСТЕСІ: 2009 ЖЫЛДЫҢ НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

2880 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
2009 жыл Қазақстан үшін, бір жағынан, әлемдік экономикалық дағдарыстың әсерінен туындаған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды белсенді әрі жүйелі түрде шешу, екінші жағынан, әлеуетті арттырып, болашаққа бағытталған жаңа мүмкіндіктер жасау уақыты болды. Осының бәрі жинақтала келе, Мемлекет басшысының әдеттегідей тығыз да қарқынды болатын жұмыс кестесінің мазмұнынан өз көрінісін тапты. ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖҰМЫС КЕСТЕСІ: 2009 ЖЫЛДЫҢ НЕГІЗГІ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ Жыл ішінде Президентіміз Н.Ә.Назар­баев­­тың қатысуымен 500-ден астам хаттама­лық іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, Елбасы шет ел­дер­ге, ел өңірлеріне жұмыс сапар­ла­рына шықты. Түрлі кеңестердің, халықаралық және республикалық форумдардың жұмысы­на қа­тыс­ты, шетелдік мемлекет және қоғам қай­­рат­кер­лерін қабылдады, жұртшылықпен және ең­бек ұжымдары өкілдерімен кездесті, өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік ны­сандарда болды. Мемлекет басшысы 21 кеңес өткізді. Үкімет мүшелерінің, Президент Әкімшілігі басшыл­ы­ғы­ның, орталық мемлекеттік органдар басшы­ларының қатысуымен — 14, облыстар, Астана және Алматы қалалары басшыларының қаты­суымен 1 кеңес өткізілді. Ал 6 кеңес көшпелі нысанда ұйымдастырылды. Президенттің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар аясында Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен Шетел инвесторлары кеңе­сінің 2 отырысы және Қауіпсіздік Кеңесінің 4 отырысы болды. Президент, сонымен қатар, Парламент па­латалары төрағаларымен және депутаттарымен тұрақты кездесіп тұрды. Парламент палата­лары­ның екі бірлескен отырысына қатысып, депутаттық корпуспен жүйелі негізде өзара байланыста болды. Мемлекет басшысы ел өңірлеріне 17 рет жұмыс сапарына шықты. Екіжақты қатынастар шеңберінде шетелге жасалған 14 сапарды, сондай-ақ 11 көпжақты саммит пен 5 халықаралық форумға қатысуды қоса алғанда, Елбасымыздың қатысуымен халықаралық сипаттағы 117 кездесу мен іс-шаралар өткізілді. Н.Ә.Назарбаев 15 баспасөз конференция­сын және 19 брифинг өткізіп, 21 шетелдік және отандық БАҚ-қа сұхбат берді, бағдарламалық сипаттағы 4 мақала жариялады. Жыл ішінде Президент 2 мыңнан астам құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде – 120 заң, 192 жарлық, 104 өкім, 16 кеңес хаттамасы, 1,5 мыңға тарта қызметтік құжат, талдау және ақпараттық-анықтамалық материалдар, 162 аза­маттар арызы мен хаттары болды. Осы кезеңде Н.Ә.Назарбаев шет елдерде 44 күн, Қазақстан өңірлерінде 46 күн – барлығы 90 күн іссапарда болды. *  *  * Әлемдік экономикадағы өткір де жағымсыз конъюнктураның сақталуын есепке ала оты­рып, Президент мемлекеттің әлеуметтік-эко­номикалық саясатының негізгі басымдықтары ретінде халықты әлеуметтік қорғау мен дағ­да­рыс уақытында ұлттық экономиканы дамытуды айқындады. “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жол­дауын Мемлекет басшысы 6 наурыз күні Пар­ламент палаталарының бірлескен отырысында жасап, жоғарыда аталған міндеттерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жолдаудың маңызды түйіні қоғамның әлемдік дағдарыстың ығытына байланысты бірыңғай тек ағымдағы проблемаларды шешумен ғана шектелмей, одан да маңызды, барлық күш-жігерді Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуына инфрақұры­лым­дық негіз қалыптастыруға және ұлттық эко­но­ми­каның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға шо­ғыр­ландыруы болды. Экономиканы одан әрі жаңғыртып, базалық инфрақұрылымды дамыту; қолданыстағы перс­пективалық инвестициялық жобаларды қаржы­ландырып, іске асыру; жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қайта төсеу және жөндеу, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұ­ры­лым­ды, ең алдымен, мектептер мен ауруханаларды жаңарту; әрбір елді мекендегі жергілікті мәні бар обьектілерді дамыту; өңірлік жұмыспен қам­туды қамтамасыз етіп, кадрларды қайта даяр­лау; жұмыс орындарын кеңейтіп, жастар прак­тикасын ұйымдастыру және т.с.с. басым­дықтар болып белгіленді. Тұтастай алғанда, әлеуметтік-экономикалық дамуды тұрақтандырып, дағдарыстан кейінгі өрлеудің тиімді жолдарын іздестіру Н.Ә.На­зар­баев­тың Үкімет мүшелерімен, Президент Әкім­шілігі басшылығымен, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық банк пен “Самұрық-Қазына” қорының басшыларымен өткізген кеңестерінің негізгі тақырыбы болды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағ­дарламасының орындалу барысына – қар­жы­лық секторға, құрылыс саласына, шағын және орта кәсіпкерлікке, агроөнеркәсіп кешеніне, инновациялық-индустриялық дамытуға қолдау көрсету сияқты оның әрбір бес бағыты бойынша бақылауды айрықша назарда ұстады. Бұл мәселелердің маңыздылығын олардың Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында әңгіме арқауына айналғанынан, 2007-2012 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мәсе­ле­лерімен қатар қаралып, аталған консуль­та­тив­тік-кеңесші органның қызметін жетіл­діруден байқауға болады. Жыл ішінде Президент елдің көптеген орталық және жергілікті атқарушы органдары­ның, ұлттық компаниялар мен даму институт­тарының басшыларының есептерін тыңдады. Н.Ә.Назарбаев Премьер-Министрмен, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы­ның қызметін реттеу агенттігінің, “Самұрық-Қазына” қорының, Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комите­ті­нің басшыларымен және Қазақстан Ұлттық қорының қаражатын пайдалануды бақылау жө­ніндегі жұмыс тобының мүшелерімен тұрақты негізде кездесіп отырды. Мемлекет басшысы Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін әрдайым назарда ұстады. Сәуірде Н.Ә.Назарбаев Алматы қаласында 2003-2010 жылдарға арналған қаланы дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жө­нінде көшпелі кеңес өткізіп, оның барысында әкімге туындап отырған экологиялық және кө­ліктік проблемаларды, қалалықтардың мек­теп­ке, балалар бақшасына, емханаларға, мәдениет объектілері мен қызмет көрсетулер саласына деген өткір сұранысын қадап айтты. Қылмысқа қарсы күресті күшейтудің қажеттілігіне айрық­ша тоқталды. Президенттің төрағалық етуімен Астана қаласының әкімдігінде елорданы одан әрі дамыту мәселелері, соның ішінде оның 2011 жылғы Азия ойындарын өткізуге дайындығы жөнінде екі рет көшпелі кеңес өткізілді. Облыстардың, Астана және Алматы қа­ла­лары­ның әкімдерімен өткізілген қазан кеңе­сінде Н.Ә.Назарбаев “100 мектеп, 100 ауру­ха­на” бағдарламасының іске асырылу барысына айрықша назар аудартып, әкімдерге құрылыс­тың сапасы мен нысандардың уақтылы тап­сырылуына тиімді бақылау ұйымдастыруға, дағдарысқа қарсы шараларды қамтамасыз етуге, “Жол картасы” бағдарламасын іске асыруға және т.б. тапсырма берді. Жыл ішінде Президент жұмыс сапарлары­мен елдің көптеген өңірлерінде болып, соның барысында облыстар активтерімен, еңбек ұжым­дарымен, жұртшылық өкілдерімен кез­дес­ті. Ондаған өнеркәсіптік және әлеуметтік ны­сан­дарда болды, жаңа өндірістерді іске қосуға қатысты. Олардың қатарында Солтүстік Қазақ­стан облысындағы тез тұрғызылатын ғима­рат­тар зауыты, Батыс Қазақстан облысындағы “Агротраст” ЖШС-нің тәулігіне 150 тонналық жобалық қуаты бар ұн тарту кешені, Шығыс Қа­зақ­стан облысындағы электролиздік цехы бар мыс зауыты, қорғасын құюға қайта құры­лымдалған және қосымша өнім шығаратын “Қазмырыш” АҚ, Алматы облысындағы жүгері мен сояның элиталық тұқымдарын өндіру жөніндегі “Будан” селек­ция­лық асыл тұқым кешенінің селекциялық учаскесі, Қарағанды облысындағы “Тай” компаниясының №1 ет комбинаты және тағы басқалары бар. Сонымен қатар, 3 шілдеде Мемлекет басшысы­ның қатысуымен өткен “Жаңа индустрияландыру – барлығымыз үшін жаңа мүмкіндіктер” атты жалпыұлттық интерактивті телекөпір барысында облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкім­дері индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасы шеңберінде өңірлерде іске асырылып жат­қан жобалармен таныстырды. Телекөпір кезінде 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашатын, жалпы құны 114 млрд. теңге болатын 16 индустриялық жоба өмірге жолдама алды. Н.Ә.Назарбаев біздің еліміздің энергоре­сурс­тар экспорты бағыттарын әртараптандыру негізінде жаһандық энергетикалық инфрақұры­лымның маңызды буынына айналдыруға сеп­тігін тигізетін, Қазақстанның әлемдік эко­но­ми­кадағы бәсекелестік артықшылықтарын үдете түсу мақсатындағы оңтайлы инвестиция­лық ахуалды қамтамасыз ету, сондай-ақ эко­номикалық инновациялық сегментін кеңейту мәселелеріне үнемі үлкен мән беріп келеді. Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің маусымда Қостанай қаласында және желтоқсанда Астана қаласында Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен өткен отырыстары да осы проблемаларға арналды. Н.Ә.Назарбаев екі жақты пішімде Кеңес мүшелері – ЕҚҚДБ президенті Т.Ми­ровпен, “Лукойл”, “Arcelor Mіttal”, “РУСАЛ”, “BG Group”, “Total S.A.” ком­панияларының же­тек­шілері В.Алекперов­пен, Л.Митталмен, О.В.Де­рипаскамен, Ф.Чап­мэнмен, И.-Л.Дарикарэрмен кездесіп, олармен экономикамызды әртараптан­дыру­ға қатысу мәселелерін талқылады. Жаһандық экономикадағы дағдарысты жағ­дай­­ларға қарамастан, Қазақстанның жоғары ин­вес­ти­циялық тартымдылығын сақтап қалып отырған­ды­ғын атап өткен жөн. Елде құны 3 млрд. доллардан астам 170 өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық объектілер іске қасылып, ол кәсіпорындарда 9 мың жұмыс орны ашылды. Қазақстандық бөлігі 1300 шақырымдық “Түр­кіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай” газ құбыры; ұзындығы 1100 шақы­рым­дық “Солтүстік-Оңтүстік” жоғары вольтты элек­тр жеткізу желісі; Астана қаласындағы локомотив құрастыру зауыты; Құмкөл кен орнындағы газ өңдеу зауыты; Қазақстандағы тұңғыш әлемдік деңгейдегі “Астана-Бурабай” автобаны сияқты халықаралық қаржы институттары мен шетел инвестицияларының серіктестігімен салынған стратегиялық маңызды объектілердің пайдалануға берілуінің мәні зор. Жалпы, инвестициялар тарту мәселесінде 2009 жыл нағыз шоқтықты жыл болды. Президенттің ті­ке­лей араласуының нәтижесінде Оңтүстік Корея­мен, Қытаймен, Италиямен, Франциямен, Түркия­мен, Беларусьпен 25 млрд. доллардан астам сома­ның бірлескен жобалары бойынша уағдаластыққа қол жетті. Осы жобаларға сәйкес Батыс Қазақстан облысындағы газ өңдеу зауыты мен газ турбиналы электр стансасының құрылысы және италиялық “Enі S.p.A.” компаниясымен бірлестікте салынған Маңғыстау облысындағы кеме верфі; оңтүстік­корея­лық “Samsung” және “Керсо” корпорация­ла­ры қатысатын Балқаш ЖЭС-і; ресейлік “Интер РАО ЕЭС” компаниясының серіктестігімен қолға алынатын Екібастұз 2-ГРЭС-інің үшінші энер­го­бло­гы; Қытай ұлттық мұнай-газ компаниясымен бірлестікте салынатын “Бейнеу-Бозой” газ құбыры; француздық “AREVA”-мен ынтымақтастықта іске асырылатын АЭС-терге арналған жылу құрыл­ғы­лары өндірісі; қытайлық “Сіnopec Engіneerіng” қолдауымен жүргізілетін Атырау мұнай өңдеу зауы­тын қайта жаңғырту жүзеге асырыла бастайтын болады. Дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада да, әлеуметтік салада да болашақты бағамдаған нақты негіздер қаланды. Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы одан әрі нығайту мақсатында Үкіметке Қазақстан эко­номикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стра­тегия­сын әзірлеуді тапсырды. Онда, өз кезегінде, Жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен салалық бағдарламалардың ауқымды блогы қарастырылған. Олар 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стра­тегиясы, кластерлік бастамалар бағдарламасы, “30 корпоративтік қөшбасшы”, Көлік стратегиясы және басқа да бұрын қабылданған құжаттарды жинақтайды. Жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2010 жылдан өмірге ене бас­тайды. Ол құны 42 млрд. долларлық 83 ірі жобаны жүзеге асыруды қамтиды. Оның басты мақсаты – Қазақстан экономикасын инновациялық арнаға көшіру және тиісінше оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап Ресеймен және Беларусьпен Кеден одағына біріккен Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Халықты әлеуметтік қорғау саласында да айтар­лықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 400 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 100 мыңға жуық адамның тегін екінші мамандық алуына мүмкіндік туғызған жол салу, әлеуметтік сала объек­тілерін салу мен тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі “Жол картасы” бағдарламасы кең қанат жайды. Құрылыс компанияларына несие беру мен аза­мат­тардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржы­лан­дыруға мемлекеттің араласуының арқасында жыл­жы­майтын мүлік нарығындағы жағдай қалыпқа келтіріліп, бірнеше ондаған мың үлескердің проб­лемасы оң шешілді. Денсаулық сақтау және білім беру салаларының жаңа объектілерін салу мен пайдалануға беру қарқыны сақталды. Шағын және орта кәсіпкерлікті демеуге жан-жақты қолдау көр­сетіліп, оларды несиелендіруге 340 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде жұ­мыс­сыздық деңгейі өскен жоқ, керісінше 6,5 пайызға дейін төмендеді. *  *  * Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси кестесі де мейлінше тығыз болды. Н.Ә.Назарбаев 12 ақпанда құрылғанына 10 жыл толуына арналған “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тиялық партиясы Саяси кеңсесінің кеңейтілген Бюро мәжілісіне төрағалық етті. Оның қорытын­ды­сы бойынша Елбасы әлемдік дағдарыс жағ­дай­ын­да ел алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге партияның қатысуы жө­ніндегі басым міндеттердің блогын ұсынды. Соны­мен қатар Президент партия инновациялық идея­ларды, сындарлы жобалар мен қоғамның көкей­кес­ті проблемаларын шешу жөніндегі ұсы­ныстарды, республиканың стратегиялық дамуының басымдықтарын жинақтайтын Қазақстанның іргелі ақыл-ой орталықтарының біріне айналуға тиіс екендігін атап өтті. Ал 15 мамырда Н.Ә.Назар­баевтың төрағалық етуімен өткен “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде партияның 2009-2012 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды. Президент сонымен бірге Үкіметке дағдарыстан кейінгі кезеңге бағдарланған Қазақ­стан экономикасын 2020 жылға дейінгі дамыту стратегиясын әзірлеуді тапсырды. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарса­ңында өткен Қазақстан әйелдерінің V форумында Елбасы өз сөзінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қызметінің 10 жылдық мерейтойына қол жеткізген негізгі нәтижелерін атап көрсете отырып, әйелдерді, ана болу мен балалықты жан-жақты қолдау жөніндегі болашақтағы шараларды айқындап берді. Маусым айында Президент Қазақстан қала құ­рылысшыларының VІІІ форумына қа­тысты, оның барысында Елбасына жаңа елорданың құрылысына қосқан үлесі үшін Қазақстан қала құрылысшы­ла­ры одағының алтын медалі тапсырылды. 30 тамызда Елбасы Жоғарғы Бас қол­басшы ретінде Қазақстан Конституциясы күніне орай елор­дада алғаш рет өткізілген және Негізгі Заңның мем­лекет пен оның азаматтары үшін маңызын ай­рық­ша атау­ға арналған әскери шеруді қабылдады. Қоғамда жылы қабылданған шаралар ішінде қыркүйекте Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен төртінші шақырылған Парламенттің ІІІ сессиясы­ның ашы­луындағы Елбасының сөзін айтуға бо­лады.­ Онда Президент елдің 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық даму міндеттерін қойды, олардың ішін­де экономиканың дағдарыстан кейінгі жаң­ғыруы, бәсекеге қабілетті адами капитал жасау, елде іс­кер­лік ахуал мен кәсіпкерлік белсен­ділікті түбе­гейлі жақсарту, әкімшілік және құқықтық рефор­маны қамтамасыз ету, Қазақстан қоғамын одан әрі демо­кратияландыру, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі бар. Елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күреске бағытталған қатаң бағ­дарына Астана қала­сында 16 қыркүйекте “Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес және ұтымды басқару Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық және әлеу­меттік дамуының шарты ре­тінде” атты халық­аралық конферен­ция­ның өткізілуі дәлел болды. Оған 60 мем­ле­кет пен 20 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Конференцияға қаты­сушылар алдында сөйлеген сөзінде Н.Ә.На­зарбаев осындай алқалы жиын­ның Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырғаны елдің осы әлеуметтік қатермен күресу­шілердің алдыңғы қатарында болуға бел буғанын көрсететінін атап өтті. Басқа да маңызды оқиғаның бірі қазан айының соңында Елбасының төрағалық етуімен “Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз” деген күн тәртібі бойынша өткен Қазақстан халқы Ассам­блеясының XV сессиясы болды, онда Н.Ә.На­зарбаев мемлекеттік ұлттық саясат саласын­дағы стратегиялық құжатты – Ұлттық бірлік док­тринасын жария етті. Қараша айында Президент Қазақстан судья­ларының V съезінің жұмысына қатысты, оған елдің барлық өңірлерінің судья ұжымдарынан 640 делегат келді. Әділ әрі сатылмайтын сот демократиялық және құқықтық мемлекеттің аса маңызды негізі екеніне назар аудара отырып, Н.Ә.Назарбаев судья қауымдастығы алдында тұрған жүйелі міндеттерді айқындап берді: олар – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің деңгейін арттыру; сот ісін жүргізуді жетілдіру мен нығайту; соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру; сот төрелігін жүзеге асыру функциялары мен сот әкімшілігі функцияларының аражігін нақты ажыратуға негізделген сот әкім­шілігі жүйесін одан әрі жетілдіру. Қараша-желтоқсанда Елбасы қалыптасқан дәс­түр бойынша “Алтын сапа” байқауының жеңім­паздарын марапаттады, сондай-ақ “Парыз” кәсіп­керліктің әлеуметтік жауаптылығы жөніндегі жыл сайынғы конкурсының жеңімпаздарына сыйлықтар берді. Сол салтанаттарда сөйлеген сөзінде ол осы іс-шаралардың басты мақсаты отандық бизнестің дамуына, қазақстандық тауарлардың сапасына және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне мейлінше жоғары талаптар қою деп атап өтті. 13 қарашада Президент өткізген тікелей желі қазақстандықтар алдындағы есеп тәрізді болды, оның барысында Елбасы жылдың негізгі нәтиже­лерін қорытындылап, азаматтардың ең өзекті сұрақ­тарына жауап берді. Жалпы алғанда, тікелей желі шеңберінде 45 мыңнан астам сұрақ түсті. Не­гізінен, олар халықты әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыс­қа орналастыру, тұрғын үй проблемалары мен тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ заңнама және құқық, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салаларға қатысты болды. Тікелей желі қорытындылары бойынша барлық мемлекеттік органдар азаматтардың қойған сұрақ­та­ры мен өтініштерін толық және мұқият қарау жөнінде кең ауқымды жұмысты бастады. Елба­сының тапсырмаларына сәйкес “Жол картасын” іске асыру, жаңа мектепке дейінгі балалар мекемелерін қалпына келтіру және салу, үлескерлік құрылысқа қатысушылардың проблемаларын шешу, өңірлерде сумен және газбен қамтамасыз ету, жанар-жағармай бағаларын бақылауға алу, Тұң­ғыш Президенттің Ғылым қорын құру жөнін­дегі жұмыстар жалғасын тапты. Жекелеген ең өзекті мәселелер бойынша арнайы комиссиялар мен жұмыс топтары жергі­лікті жерлерде болды. Көптеген азаматтар жұмысқа орналастырылды, емделуге жіберілді, оларға материалдық көмек көрсетілді. Қазақстан тәуелсіздігінің 18 жылдығына орай Орталық концерт залында 15 желтоқсанда Прези­дент жасаған бағдарламалық баяндама жылдың соңғы қуатты қорытындысы іспетті болды. Онда Н.Ә.Назарбаев елдің тәуелсіздік тұсындағы дамуының шешуші кезеңдеріне талдау жасап, болашақтағы стратегиялық міндеттерді айқындап берді. Ал мереке қарсаңында Президент дәстүр бойынша қазақстандықтардың үлкен тобына мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды. Марапатталғандар арасында көрнекті мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау қайраткерлері, өндірістік сала өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, соғыс және еңбек ардагерлері болды. Жоғарғы мемлекеттік награда – “Қазақстанның Еңбек Ері” атағы халық жазушысы, Парламент Сенатының депутаты Ә.Кекілбаевқа, Қостанай облысы “Қаркен” ЖШС директоры С.Боқановқа және “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ президенті Б.Шаяхметовке берілді. Ғылым және техника саласындағы 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлық Қ.Қадыржанов бастаған Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдар тобына берілді. Профессор Б.Рақышев бастаған Қазақстанның минералдық шикізаттық әлеуетін зерттеу авторлары және Қазақстан математика мектебінің өкілі профессор Ұ.Өмірбаев сыйлық лауреаттары атанды. *  *  * Қазақстан Президентінің 2009 жылы ха­лық­ара­лық саладағы белсенді қызметі елімізге сыртқы сая­саттың стратегиялық бағыттарында сапалы өрлеуді қамтамасыз етті. Елбасы кең халықаралық қолдау тапқан бірқатар маңызды бастамалар көтерді. 2009 жыл 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық етуіне дайындық шеңберінде өтті. Әсіресе, Н.Ә.Назарбаевтың Ыстамбұл саммитінен бері 10 жыл бойына өткізілмеген ЕҚЫҰ мемле­кет­тері басшыларының саммитін шақыру туралы бастамасы ерекше өзектілікке ие болды. Бұл ұсы­ныс­ты Ұйымның жетекші елдері қолдап, 2009 жылғы 1-2 желтоқсанда Афинада өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытынды декларациясында көрсетілді. 2010 жылғы сәуірде АҚШ-та жоспарланып отырған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит қарсаңында Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық полигоны жабылған күн – 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қаруды сынақтан өткізуге қар­сы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсыны­сы да маңыздылыққа ие болды. Бұл идеяны “ядро­лық клуб” елдерін қоса алғанда, әлемнің жетекші мемлекеттері қолдап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мақұлданды. Бұл ретте қыркүйекте беделді америкалық “Ва­шингтон таймс” газетінде жарияланған Қазақстан Пре­зидентінің жаппай қырып-жою қаруын тарат­пау режімін күшейту және халықаралық деңгейдегі төзушілік пен өзара түсіністікті нығайту сияқты халықаралық қауымдастық үшін өмірлік маңызы бар мәселелер бойынша ұстанымы ай­қындалған “Жаңа туындап келе жатқан демо­кра­тиялардың әлеуеті” атты мақаласын да атап өту қажет. Әлемдік қаржы дағдарысын еңсеру жөніндегі Н.Ә.Назарбаевтың “Дағдарыстан шығу кілті” және “Бесінші жол” атты мақалаларында, сондай-ақ Қазақ­стан көшбасшысының Давостағы Дүниежү­зі­лік экономикалық форумда, Қытайдағы Боаос эко­номикалық форумында, ІІ Астана экономика­лық форумында сөйлеген сөздерінде айтылған жаңа әлемдік валютаны енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстары да халықаралық қауымдастықтың оң пікіріне ие болды. Жалпы, Президент халықаралық форумдар мен көп­тарапты саммиттерді Қазақстанның мүддесін әлемдік деңгейде ілгерілету үшін тиімді пайдаланды. Жоғарыда атап көрсетілгендей, Елбасы 11 көптарапты саммиттерге (ҰҚШҰ (3 отырыс), ЕурАзЭҚ (2 отырыс), ШЫҰ, Халықаралық Аралды құт­қару қорына құрылтайшы мемлекеттер басшы­лары саммиті, Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастығының VІ форумы, Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан мен Түркіменстан президент­терінің бейресми кездесуі, Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІX саммиті, бірқатар ТМД мем­лекеттерінің бейресми саммиті), сондай-ақ, елімізде және шетелде өткен 5 халықаралық форумға (Давостағы дүниежүзілік экономикалық форум, Қытайдағы Боаос экономикалық форумы, ІІ Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезі, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы Бас Ассамблеясының ХVІІІ сессиясы) қатысты. Достастық елдерінің мемлекетаралық бірлестік­тері шеңберіндегі қатынастар ең қарқынды болды, 11 саммиттің 9-ы солардың еншісінде және де осы бағытта ең елеулі нәтижелерге қол жетті. Мәселен, Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің Кеден одағын құру туралы шешімі тарихи мәні бар оқиға болды. ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі отырысында 27 қарашада қол қойылған құжаттар 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай кеден тарифін және 1 маусымнан бастап бірыңғай кеден кодексін қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді. Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 19-20 жел­тоқсанда Алматыда шақырылған бірқатар ТМД елде­рінің бейресми саммитінде Кеден одағына қатысушы елдер бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. ҰҚШҰ шеңберінде өңірдегі қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің нақты тетігін құруға байланысты елеулі прогреске қол жеткізілді. Атап айтқанда, Мәс­кеу қаласындағы Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сінің маусымдағы отырысында ҰҚШҰ ұжымдық жедел ден қою күштерінің қызметін регламент­тейтін құжаттар қабылданды, ал қазан айында Жамбыл облысындағы Мәтібұлақ полигонында олардың бірлескен оқу-жаттығулары өткізілді. Қазақстан Президенті бастамашылық еткен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрыл­тай­шы мемлекеттері басшыларының саммиті бары­сын­да тараптар Арал теңізі алабының халқына кө­мек көрсету жөніндегі жаңа мемлекетаралық бағ­дарламаны жедел әзірлеудің орындылығы туралы ортақ тоқтамға келді. Екатеринбург қаласында 15-16 маусымда өткен, VІ өңіраралық Қазақстан мен Ресей форумының қорытындысы энергетика, сауда және әскери техника, сондай-ақ Ресеймен мемлекетаралық өз­ара іс-қимылдың барлық саласында стратегиялық әріптестіктің тереңдей түсуіне ықпал еткен шекара маңы ынтымақтастығы саласындағы маңызды келісімдер болды. Н.Ә.Назарбаевтың Екатеринбург қаласында маусымда өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің және Түркітілдес мемлекеттер басшы­ларының ІХ саммиті аясындағы қызметі жемісті болып, онда қазақстандық көшбасшы ұсын­ған, жалпытүркілік ықпалдасудың жаңа дең­гейге шығуын айқындайтын Түркітілдес мемле­кет­тер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды. Тұңғыш рет түркі мемлекеттері ара­сында барлық бағыттар бойынша ынтымақтас­тықты үйлестіру мақсатында тұрақты жұмыс істейтін жоғары кеңесші орган құрылды. Мемлекет басшысы жыл ішінде қа­тыс­қан халық­аралық форумдардың қата­рында Қазақстан елордасында шілденің алғашқы күндерінде кезекті жиналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының ІІІ съезі айрықша мәнге ие болды. Онда жетекші әлемдік және дәс­түрлі діндер мен конфессиялар өкілдік еткен 35 елден 77 делегация қатысты. Н.Ә.Назарбаевтың съезде сөй­леген сө­зінде Қазақстанның бастамасы бойынша 2003 жылы шақырылған съездің қазіргі әлем діндері арасындағы ғаламдық үн­де­судің үйлесімді де пәрменді бөлігіне ай­нал­ғанын қанағаттану­шылықпен атап өтті. Мемлекет басшысы екіжақты қа­рым-қатынас­тар деңгейінде 14 шетелдік са­парға шықты. 3 мем­лекеттік, 7 ресми және 4 жұмыс сапары барысында Үн­дістанға, Германияға, Ресейге, Біріккен Араб Әмірліктеріне (БАӘ), Финлян­дияға, Қытайға, Әзірбайжанға, Түр­кияға, Иор­данияға, Италияға, Вати­канға, Бе­ла­русь­қа және Түркіменстанға барды. Осы орай­да Н.Ә.Назарбаев БАӘ-не сапармен екі рет (16-17 наурыз және 30 қазан-2 қараша) барды. Президент алға қойған және жыл бойына та­быс­ты іске асқан екіжақты қарым-қатынастар аясындағы негізгі міндеттер – ЕҚЫҰ-ға, ШЫҰ-ға, ЕурАзЭҚ-қа және Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымына төрағалық ету қарсаңында әлемнің жетекші мемлекеттері тарапынан Қазақ­станды қолдауды қамтамасыз ету; жекелеген елдер­мен қарым-қатынаста стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығару; ұлттық экономиканы одан әрі жаңғырту және дағдарыстан кейінгі кезеңде оның инновациялық дамуы үшін инвестициялар мен жоғары технологияларды ауқымды түрде тарту болды. Франциямен, Италиямен, Испаниямен, Түр­кия­мен және Үндістанмен стратегиялық әріптестік орнатылды, сондай-ақ Оңтүстік Кореямен және ГФР-мен қарым-қатынасты осы деңгейге шығару үшін де негіз қаланды. Қазақстан-герман байла­ныстарының дамуына Қазақстанның Германия­дағы жылын өткізу де қосымша серпін берді. Н.Ә.Назарбаевтың Үндістанға, Германияға, Ресейге, Финляндияға, Италияға сапарлары Қазақстанды жаңа технологиялық базада қарқынды индустрияландырудың кешенді міндетін шешуге және ұлттық экономиканың инновациялық қалыбының түзілуіне бағытталды. Соның нәтижесінде осы елдермен технологиялар трансфертінің, бірлескен жоғары технологиялы өндірістерге тікелей инвестиция салудың, қазақстандық экономиканың шикізаттық емес секторындағы бірлескен жобаларды іске асырудың екіжақты келісімдерінің қомақты топтамасына қол қойылды. Бұдан басқа, Франция мен Оңтүстік Корея президенттерінің елімізге жасаған сапарлары барысында осындай уағдаластықтарға қол жетті. Президенттің Қытайға, БАӘ-ге және Иорда­ния­ға сапарларының қорытындысы бойынша жаңа инвестициялар мен кредиттерді тарту мәселелері сәтті шешілді. Осылайша, Қытай 10 млрд. доллар сомадағы корпоративтік кредит бөлсе, БАӘ-мен инвестициялық қор құрылды, сондай-ақ Қазақ­станда алғаш рет ислам банкингі принципінде жұмыс істейтін банк ашылды. Мемлекет басшысының Әзірбайжан мен Түркіменстанға сапарларының басты күн тәртібінде энергия ресурстарын бірлесіп экспорттау мен оның бағдарларын әртараптандыру мәселелері тұрды. Бұл арада ең алдымен Қазақстан үшін стратегиялық жағынан маңызды, салтанатты рәсімі Н.Ә.Назарбаевтың Түркіменстанға желтоқсан айындағы сапары барысында өткен “Түркімен­стан—Өзбекстан—Қазақстан—Қытай” трансұлттық газ құбырының іске қосылуын атап өту керек. Қазақстанда өз кезегінде 2009 жылы Бразилияның, Израильдің, Францияның, Словенияның, Иранның, Оңтүстік Кореяның президенттері, ҚХР Төрағасы сапармен болды. Бұл арада Қазақстан мен Орталық Азияның тарихында тұңғыш рет болған, Бразилия Пре­зи­денті Л.И.Лула да Силваның маусымдағы мем­ле­кеттік сапарын атап өткен жөн. Оның қорытын­дысы бойынша тараптар БҰҰ-да және басқа да халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимыл, Қазақстанның Бразилиядағы дипломатиялық өкіл­дігін ашу, үкіметаралық комиссия құру, жетекші бразилиялық компаниялармен ынтымақтастық, сондай-ақ қазақстандық футболшыларды Брази­лияда дайындау туралы келісімге келді. Н.Ә.Назарбаев жыл ішінде Ресейдің, Чехияның, Эстонияның, Украинаның, Беларусьтің, Вьетнам­ның, Қырғызстанның премьер-министрлерін қабылдады. Президент 2009 жылы Қазақстанға келген халықаралық ұйымдардың, шетелдік саяси және іскер топтардың өкілдерімен көптеген кездесулер өткізді. Олардың арасында – ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы М.П. де Бришамбо, НАТО-ның бас хат­шы­сы Я.Схеффер, ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы Т.Мансұров, ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Н.Бор­дю­жа, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төраға­сы Ж.Соареш, Еуропа Қайта құру және даму банкі­­нің президенті Т.Миров, АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысының орынбасары У.Бернс; Ислам даму банкінің президенті А.Мохаммед әл-Мадани; Франция Парламентінің сенаторы, “Франция-Қа­зақстан” парламенттік достық тобының төрағасы Э. де Монтескью; “Газпром” ААҚ-тың басқарма төрағасы А.Миллер; “Chevron” корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы – бас атқарушы директоры Д.Райли; “Enі S.p.A” концернінің президенті П.Скарони; экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Р.Манделл (1999) мен Э.Фелпс (2006) және басқалар болды. Мемлекет басшысы жыл ішінде Өзбек­станның, Түркіменстанның, Ресейдің, Әзір­байжанның, Израильдің, Францияның прези­денттерімен, АҚШ-тың вице-президентімен, Италияның, Үндістанның премьер-министр­лерімен және басқалармен телефон арқылы келісімдер жүргізді. Қазақстан Президентіне Ливанның, Грекия­ның, Вьетнамның, Болгарияның, Ауғанстанның, Малайзияның, Оңтүстік Кореяның, Норвегияның, Нидерландының, Канаданың, Латвияның, Бель­гия­ның, Францияның, Финляндияның, Моң­ғо­лия­ның және Грузияның елшілері сенім грамоталарын тапсырды. Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпуспен желтоқсанның соңында өткен дәстүрлі кездесуде 60 дипло­ма­тия­лық мекеменің 53-і жаңа елордамызда жұмыс істеп жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. *  *  * 2009 жылдағы елдің дамуын және оның Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың қызметін қорытындылай келе, Елбасының Тәуелсіздіктің жариялануының 18 жылдығына орай өткен салтанатты жиындағы сөзін келтіргім келеді. Бұл сөздер Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін барынша айғақтайды: “Енді, міне, 18 жыл бойына күн сайын, сағат сайын біз жаңа Қазақстанды – арманымыз бен үмітіміздегі мем­ле­кетті жасай отырып, өз жоспарларымызды жүзеге асырып келеміз. Біз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайттық, халық бірлігін сақтап қалдық, қарыш­тап жаңғырту стратегиясын іске асырдық, қазіргі заманғы нарықтық экономиканы жасадық. Біз көпвекторлы сыртқы саясаттың негізін қаладық, ықпалдасуды – осы сөздің ең кең мағынасында – мемлекет басымдықтарының бірі ретінде жария еттік. Тәуелсіздігіміздің жетістіктерінің ең бастысы – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Бұл – біздің ортақ еңбегімізге берілген тағы бір аса жоғары баға. Қазақ халқы ғасырлар бойындағы тарихында қазіргідей деңгейде әлем қауымдастығының назарын өзіне аударып көрген емес. Қазақстан дербес мемлекет ретінде пайда болған кезден бастап ол ешқашан осындай жоғары дәрежеге қол жеткізіп көрген емес. Біздің асқан игі жетістігіміздің өзі осында”. Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.