Осыдан он алты жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда өз таңдауын жасап, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдаған болатын. «Көптің сөзі – киелі» демекші, Конституция жобасы қабылданбастан бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, ел-жұрттың талқысынан өтті, ал 1995 жылдың 30 тамызында өткен осы референдумда әрбір Қазақстан азаматы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетте өмір сүруге деген ниетін айқын білдірді. Басты құжатымыз – Ата Заңымыздың авторы бүкіл Қазақстан халқы десек, еш қателеспейміз.
Жаңа Конституция қадамын енді басқан жас мемлекеттің қоғамдық және мемлекеттік құрылымының негіздерін қалап берді. Тәуелсіз Қазақстанның алған асулары мен жеткен жетістіктерінің кепілі болған ол қазақстандық қоғамды жаңарту міндетін алға қойды. Сондықтан да, еліміздің Ата Заңының негізгі құндылықтары ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, халық бірлігі және ортақ тарихы тағдырлас барлық ұлт өкілдерін қазақ жерінде біріктіру болып танылған. Конституцияның «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы...» деп басталуы тегін емес.
Салыстырмалы түрде он алты жылдық қысқаша тарихында Конституция өзінің тиімділігін көрсетіп, ел ішінде ғана емес, халықаралық аренада да үлкен беделге ие болды. Республикамыздың осы жылдардағы барлық жетістіктері Конституция мен оның негізінде қабылданған қолданыстағы заңнаманың нақты нәтижесі болып табылады.
Ата Заңда барлық қазақстандықтарға ортақ құндылықтар бекітілген. Бұл – жүздеген этнос, ондаған діни қауым өкілдері тату-тәтті, достық пен келісімде өмір сүріп жатқан қазақ жерінің қасиеттілігі мен біртұтастығы. Сонымен қатар, бұл азаматтарды ұлты, тiлi, дiні немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсiтуге қатаң тыйым салынуы. Осы құндылықтардың негізінде басты конституциялық принциптер – бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қамтамасыз етіледі.
Әлбетте бәріне уақыт таразы екені мәлім. Бүгінгі жеткен белесіміз – Қазақстан халқы жария еткен басты құндылықтардың республика Конституциясында ғана бекітіліп қоймай, әрбір қазақстандық патриоттың жүрегінен орын алғандығының дәлелі. Конституцияның әлеуеті, оның негізгі қағидаттары ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.
Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі – еліміздің бас байлығы және өзгелерге үлгі боларлық ең қымбат қазынасы. Дәстүрлі түрде 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні Отанымыздың игілігі жолында алға қойылған барлық мақсаттарға қол жететіндігіне сенімімізді арттыра түседі. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның арқасында кез келген қоғам үшін аса маңызды болып табылатын мәселелер шешімін тапты: мызғымас мемлекеттігіміз орнап, халқымыздың әл-ауқатының өсуіне жағдай жасалды, республика халықаралық қоғамдастықтағы өзінің лайықты орнын алды. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы мемлекеттің ұстанған бағыты мен даму жолының тиімді және қауіпсіз екендігіне көз жеткізді. Бірлік пен келісім, саяси жігерлілік, даму стратегиясының басымдықтарын анық түсіне білу – мұның бәрі «қазақстандық даму жолын» сипаттайтын көріністер және олардың барлығы конституциялық нормалардан бастау алады.
Ата Заң мемлекеттегі демократиялық заң шығарушылық процесінің іргетасы болып, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берді. Ол Қазақстанды әлемдегі өркениетті елдер қатарына қосты, тәуелсіздігімізді тұғырлы етті. Ата Заңымыз Қазақстанның даму жолын көрсетіп берді, қоғамдағы оң әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерге, басқа да салалардағы жетістіктерге негіз болды.
Экономикалық бостандық, идеологиялық және саяси әр-алуандылық, заң алдындағы теңдік Қазақстан Республикасының құқықтық дамуындағы басымдықтар болып табылады. Конституция әрқашан Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып қала бермек.
«Конституция негізінде, заң жүзінде өмір сүру – жай қажеттілік һәм азаматтық міндет қана емес. Бұл – азат адамның, өз құқығының құнын білетін және дәл сондай құқық өзгелерге де тән деп танитын адамдардың артықшылығы, айрықша хақысы», – деген Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев, тек осы жағдай сақталғанда ғана, яғни, әрбір қазақстандық Конституция мен заңдарды сыйлап, әр әрекетін солармен үйлестіргенде ғана біз «жай жеке азаматтар емес, тұтас Қазақстан халқы, жай тұрғындар емес, басы біріккен қоғам, азаматтық қоғам» болатындығымызды, ал Қазақстан «жай жағрафиялық кеңістік емес, бәріміздің басымызды қосқан ел» ретінде сақталатындығын атап өткен болатын.
Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Республикадағы қоғамдық-саяси өмірдің дамуына жаңа серпін берді. Конституциялық реформа Парламенттің, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының рөлін арттырды. Заң мен құқықтың қолдану аясын кеңейту арқылы азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үрдісіне жағдай жасалды.
Қазіргі кезде де Конституция негізінде қалыптасқан мемлекетіміздің құқықтық базасын стратегиялық міндеттер мен практикалық қажеттіліктерге сәйкес реформалау жалғасуда. Өткен жылдың тамыз айында қабылданған Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасында сот және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы” Жарлығына сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі құқық қорғау органдары қызметінің сипаты жаңа сапалық мазмұнға ие бола бастады. Бұрынғыдай жазалау бағытына емес, керісінше, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мен олардың жолдарын кесу жағына назар аударылады.
Конституцияда бекітілген құндылықтардың сақталуы, жалпы, мемлекеттің табысты қызмет етуінің қажетті құқықтық жағдайларын іске асыруды қамтамасыз етуде құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы болып табылатын прокуратура органдарының да алар орны мен қосар үлесі ерекше екені белгілі.
Конституцияның 83-бабына сәйкес, мемлекет атынан заңдардың, Президент Жарлықтарының және өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiрыңғай қолданылуын назарда ұстау, республика аумағында заңдылыққа жоғары қадағалауды жүзеге асыру, Конституция мен заңдарға қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық келтіру – прокуратура органдарының басты міндеттері болып табылады.
Елорда прокуратурасы ел Конституциясын басшылыққа ала отырып, заңдылықтың сақталуын қадағалау арқылы құқықтық тәртіпті нығайту, адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде тиісті қадағалау шараларын жүзеге асырып келеді. Әсіресе, азаматтардың еңбек құқығын, тұрғын үй құрылысына қатысушы үлескерлердің құқығын қорғауға, бюджет қаржысының мақсатты пайдалануына, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық пен басқа да қылмыс түрлерімен күресті күшейтуге және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға баса назар аударылуда.
Бұған дәлел ретінде үстіміздегі жылдың 7 айында әлеуметтік-экономикалық саладағы прокурорлық қадағалау нәтижесінде 3800-ге жуық адамның конституциялық құқықтарының қорғалғанын айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын. Соңғы жылдары жұмыскерлердің еңбекақы алу құқықтарын қамтамасыз ету прокуратура органдарының қызметіндегі аса маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Биылдың өзінде қала прокуратурасы 3649 жұмыскерге 325 миллион теңгеден астам еңбекақы берешегінің толық өтелуіне ықпал етті, бұл үшін кейбір жосықсыз жұмыс берушілерге өте қатаң шаралар қолдануға да тура келді.
Бүгінгі күнде Астана қаласының прокуратурасы үшін Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмаларына сәйкес, елорда тұрғындарының әлеуметтік кепілдігі мен қауіпсіздігін сақтау айрықша мәнге ие. Біздің басты мақсатымыз – заңдылықты қадағалау арқылы осы міндеттердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.
Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВ, Астана қаласының прокуроры.