08 Желтоқсан, 2016

Дактилоскопиялық тіркеуден өту – міндет

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болған еді. Енді аталған заңдық құжатқа сәйкес қазақстандықтар жеке куәліктерін ресімдер кезде және шетелдіктер виза аларда дактилоскопиялық тіркеуден өтулері тиіс. Осыған орай, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде дөңгелек үстел отырысы өтті. Заң жобасы жеке бас­ты сәй­кестендіруді жаңа сапалы дең­гейге көтеріп, азаматтар құ­қық­тары мен мүдделерін қорғау­ды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл үшін дактилоскопиялық ақпарат ретінде, адамның қол саусақ­тары мен алақандарының папил­лярлық өрнектері құрылы­мы­ның ерекшеліктері туралы био­метриялық деректер арнайы сер­верлерде сақталады деп кү­тілуде. Ескерте кететін бір жайт, геномдық тіркеуден бас тартқан шетелдіктер мен азамат­тығы жоқ адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айып­пұл салу көзделген. Тіпті, ел аумағынан шығарылуы да мүм­кін. Ал осындай әрекеттерге барған еліміз азаматтары үшін 2 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл белгіленген. Заң жобасын жүзеге асыру үшін 2018 бен 2023 жылдар аралығында 36,8 миллиард теңге (100 миллион доллар) жұмсалады деп күтілуде. ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің бас­тығы Серік Сайыновтың сөзіне қарағанда, соттардың, құ­қық қорғау органдарының, атқару­шылық іс жүргізу, анықтау және тергеу органдарының сұрау са­лу­лары бойынша жеке басты анық­тау; Шекара қызметінің – Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдарды сәйкестендіруі және шетелдіктердің ел аума­ғына келуін есепке алуы мен бақылауы заңмен реттелген. Геномдық ақпаратты жинақ­тауды ішкі істер органдары Әділет министрлігінің сот жә­не сот-медициналық сараптама­сы органдарының ДНК-зерт­ха­наларының қатысуымен жүзеге асыратыны белгілі болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Статистикалық бюросы маман­дарының бағалауынша, 2009 жылы әлемнің 118 мемлекеті биометриялық тіркеуді енгізе бастаған. Мәселен, АҚШ 2004 жылдан бастап азаматтарының төлқұжатына биометриялық мәліметтері бар чип орнатса, сырттан келген азаматтар суретке түсіріліп, саусақ іздері алынады. Мұндай тәжірибе ГФР-де де бар. 2009 жылы Еуропалық одақ тарапынан қабылданған Визалық кодекске сәйкес, Шенген аймағына кірген шетелдіктер міндетті биометриялық тіркеуден өтулері тиіс. Осы жылдан бас­тап Түркия да азаматтарының саусақ іздерін тіркеуді кезеңімен жүзеге асыра бастады. Үндістан мен Қытай да өздерінде осындай тіркеуді енгізгені белгілі. Ал Ресей Федерациясы 1998 жылы «Мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеу туралы» және 2008 жылы «Мемлекеттік геномдық тіркеу туралы» заңдар қабылдады. Мұндай заңдық құжаттар Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Молдова және Өзбекстанда қолданыста екендігін айта кеткен жөн. Қазіргі күні ІІМ Жедел-кри­миналистік департаменті бастығының міндетін атқарушы Әлішер Мұхамедовтің айтуынша, жеке басты тез жә­не нақты анықтаудың биоме­триялық мәліметтері сақта­ла­тын дактилоскопиялық авто­мат­тандырылған ақпараттық жү­йе құрылып отыр. Мұндай жү­йелерді жасап шығаратын ком­паниялар АҚШ, Франция, Жапония, тіпті Беларусьте де бар екен. Ал Қазақстан 20 жылдан бері ресейлік АДИС «Папилон» жүйесін қолдануда. Аталған жүйе дактилоскопиялық ақпаратты кодталған күйінде сақтай алады. Және өзге де халықаралық биометриялық ақпараттарды сақтау жүйелерімен (ФТБ, Интерпол) өзара байланысу стандарттарына сәйкес келеді. Сондықтан да қазақстандық серверлер әлемдік қорғаныштық деңгейлері бойынша барлық талаптарға сай жарақтандырылмақ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»