09 Желтоқсан, 2016

«Алтайдың» алар асуы алда

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
doszhanҚұрылғалы бергі бір жыл ішінде біраз биікті бағындырып үлгерген шығыс өңіріндегі «Алтай» волейбол клубының директоры Досжан Уалхановпен әңгімелесіп, спорт ұжымының тыныс-тіршілігі туралы білген едік. – Досжан Нұрбайұлы, «Алтай» волейбол клубы аз уақытта біраз жетістіктерге жетті. Ұлттық лиганы ұтты, Қазақстан Кубогын ен­шіледі. Бұл өңір тарихындағы алғашқы жеңіс пе? – 2015 жылы тамыз айында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен, Семей қаласындағы «Семей» мен Өскемен қаласындағы «Шығыс» волейбол клубтарын біріктірудің нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» волейбол клубы құрылды. Содан бері Қазақстан Кубогына, Ұлттық лиганың ерлер және әйелдер ара­сындағы ел чемпионатына қа­тыстық. Ұлттық лигада шеберлер ғана ойнайды. Клубта әйелдер мен ерлер командасы және олардың ізбасары іспетті қосалқы командалар, барлығы 4 команда өнер көрсетеді. Сондай-ақ, балалар волейболына да көңіл бөліп отырмыз. Биыл Ұлттық лигада клубтың ерлер және әйелдер командасы бірдей топ жарды. Бұл – Шығыс өңірінің волейбол тарихындағы ең үлкен жетістік. Бұрын «Алтай ҮМЗ» деген ерлер командасы болған. Жоғары лигада өнер көрсетіп, үшінші орын алған. «Шығыс-Свинецстрой» атты әйелдер командасы да осы жетістікті қайталап, үшінші орынмен шектелген, Қазақстан Кубогында бірнеше рет жүлде алғанымен, ел чемпионы атанбаған. Сондықтан, біз өңір тарихында алғаш рет ірі жеңіске қол жеткіздік. – Жалпы, басқа өңірлерде екі команда бірдей Ұлттық лигада өнер көрсете бермейді. Қуатты қос команда «Алтай» клубының ерекшелігі ме? – Иә, көп өңірде екі команда жоқ. Бірақ қос команданың өз ерекшелігі болады. Мысалы, Алматы қаласының «Алматы» атты ерлер және әйелдер командасы бар. Әрқайсысы жекелей клубтар болып саналады. Жеке шаңырақ болғаннан кейін басшылары, жұмыс кестесі бөлек. Ал біздің клубымыз ерлерге де, әйелдерге де ортақ. Сондықтан, қос командамыздың жетістігі – біз үшін үлкен мақтаныш. – Клубтың жеңіс жолы көз алдымызда, ал экономикалық тұр­ғы­дан қаншалықты тиімді болды? – Әрине, клубқа жұмсалатын бюджет көлемі қысқарғаны анық. Оңтайландырудың қаржылық жа­ғынан қаншалықты тиімді болғанын дөп басып айта алмаймын. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы бас­шыларының айтуынша, шығын 30 пайызға дейін үнемделген. Ең бастысы, клубымыз алғаш рет Азияның клубтар арасындағы чемпионатына қатысты. Филиппинде өткен құрлықтық жарыста қыз­дарымыз төртінші орын алса, жігіттер бесінші орынға табан тіреді. Бұл – үлкен жетістік. Мәселен, ерлер командасы алға жібергендердің ішінде ирандықтар бірінші орын алды. Иран – әлем біріншілігі мен Олимпия ойындарында алтылыққа енетін азулы командалардың бірі. Бұдан кейінгі қатар қаржысы көп командалар сапында. Олардың ойыншылары Бразилия, АҚШ, Италия сынды елдерден келген легионерлерден құралған. Үшінші орын алған Жапония да, төртіншіге тұрақтаған Қытай да мықтылар санатында. Міне, осы командалардан кейін, 16 клуб арасынан біздің ерлер командасы бесінші орынға ие болды. Ал қыздар командасы 14 команда арасынан төртінші орынды иеленді. Алға жапондықтар, қытайлықтар мен тайландтықтарды жіберді. Ер­лер командасы Қазақстан Кубо­гын да, Суперкубокты да жеңіп алса, әйелдер командасы Қазақстан Кубо­гында күміс жүлдеге және Супер­кубокқа ие болды. Осылайша, бір жылда 6 Кубокқа қол жеткіздік. – Клубтың мақсаты – жер­гілікті волейбол мектебін қалып­тастыру, дамыту. Бірақ құрамда легионерлер де бар екенін білеміз. – Шет елдерден шақырылған ойын­шылар қатарында Кубадан Юнеска Роблес, Пуэрто-Рикадан Раймериэлли Сантос, Ресейден Дарья Нестеренко бар. Қазақстан біріншілігінің регламентіне сәй­кес, әйелдер командасында үш шетелдік ойыншы ойнай алады. Осы лимитті пайдаланып отырмыз. Қазақстан чемпионатының дең­гейін көтеру үшін жоғары деңгейде ойнайтын ойыншылар керек. Біздің ұл-қыздарымыз шет­елдік ойыншыларға қарап өседі. Өз қазанымызда қайнай берсек, халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге жете алмаймыз. – Білікті жаттықтырушылар мен ойыншыларды ұстап тұру үшін қаржы қажет. Бұл мәселе шешімін тапты ма? – Облыс басшылығы қолдау көрсетіп отырғандықтан, қаржы мәселесінде қиындық жоқ. Көз­де­ген мақсатымыз орындалып жатыр. Ізбасарларды даярлай­тын қо­сал­қы құрамдар бар. Қыздар ко­ман­дасындағы жастарды жат­тықтыруға Ресейден Денис Мат­веев есімді білікті маман шақыр­дық. Ол «Динамо-Қазан» командасы бас жаттықтырушысының көмекшісі, аға жаттықтырушысы болған. Жақсы жұмыс істеп жатыр. Жастар құрамында қазақтың қарагөз қыздары көп. Келешекте мықты командалардың бірі болады деген үміттеміз. Ерлер командасының жаттықтырушысы Игорь Николь­ченко Украинада туғанымен, Қазақ­стан азаматтығын алған. Көп жылдар бойы Оралда «Конденсатты» жаттық­тырды. Бізде де нәтижелі жұмыс істеуде. Ал Жанболат Бұрхан – Түркия азаматы, 15 жыл бойы бір клубта жұмыс істеген білікті маман. Түр­кияның, Италияның азулы жат­тықтырушыларымен бірге еңбек еткен. Былтыр алдымызға Ұлттық лигада ойнау туралы жоспар қойғанда, осы маманға тоқтап, елге шақырдық. Біздің ұлттық құрама ойыншысы Алеся Сафронова көп жыл бойы Түркияда легионер болып ойнады. Түркияда Жанболат екеуі танысып, отбасын құрған. Екеуі де қазір «Алтай» клубында. Жалпы, ұлттық құраманың ерлер командасының алты ойыншысы, әйелдер командасының бес ойыншысы – «алтайлық». Бұл – волейболдың орталығы Шығысқа ауысқанының көрінісі. Командамыз Өскеменде жаңадан салынған «Жекпе-жек» сарайында, спорттық-сауықтыру кешенінде жаттығады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН