09 Желтоқсан, 2016

Ұлттық құндылықтар арнасы

413 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
12Бүгінде Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесі тең, өркениеті дамыған, дүйім жұрт танитын іргелі елге айналды. Ұлы Даланың ұлылығын танытуда ақпарат құралдарының атқарған қызметі ерек. Қазақстанның саяси аренадағы беделін қалыптастырумен қатар, дархан даланың мәдениеті мен өнерін таныту аса маңызды. Осы жолда «Kazakh TV» арнасы еліміздің бай дәстүрі, сарқылмас қазынасы, тереңде жатқан тарихы мен ұлттық құн­ды­лықтарын бүкіл әлемге дәріптеп жүр. Қазақстанға орыс және қазақ тілдерінде, ал əлемнің 118 мемлекетіне қазақ жəне ағылшын тілдерінде хабар тарататын телеарна жүз пайыз отандық бағдарламаларды көрсетеді.«Kazakh TV» алғашқы күннен бастап, әлем­дік сахнада байтақ еліміздің бе­де­лін қалыптастыру мақсатында қ­ұ­рылды. Жаһан жұртшылығын мем­лекетіміздің экономикалық және саяси ахуалы, тереңде жатқан тарихы, дәстүрлі мәдениеті мен өнері туралы жан-жақты танытамыз. Біз үшін бұл өте маңызды», – дейді «Kazakh TV» арнасының бас продюсері Айкүміс Сексенбаева. Әсіресе, басымдық ұлттық бет-бейнемізді айшықтайтын бағдарламаларға берілген. Солардың бірі – «Асыл мұра» хабары. Жоба қазақ халқының әртүрлі әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің пайда болу тарихына тоқталады. Біздің жоралғылардың көпшілігі ықылым заманнан бері тұрмыс-тіршілігімізге еніп, кейбірінің шығу тарихы аңызға айналып үл­герді. Сол себепті мұндай жобалар, әсіресе, шетелдік аудиторияның қы­зы­ғушылығына ие. Ал ұмыт бола бастаған әдет-ғұ­рыптар мен салт-дәстүрлер жайлы «Ұлттық энциклопедия» танымдық бағдарламасы сыр шертеді. «Кең даланың төсінде көсіле көшіп жү­ретін көшпелілер де, баяғы бәз қал­пындағы қазақ ауылы да қазір өт­кеннің еншісіне айналды. Алайда, дала халқының кәде-салттары мен дәстүрлерінің көпшілігі әлі күнге дейін бізбен бірге келе жатыр, біз оларды сақтаймыз, дегенмен олардың кейбірінің шынайы мағынасын түсіне бермейміз», – деп жазған еді ақын Бақыт Қайырбеков. Шынында да, біз білетін салт-дәстүрлердің түпкі мағынасы қандай, оның шығу тарихын зерделеп көрдік пе? Мәселен, «Шілдехана» тойының бастапқы мәні нәрестені жын-періден қорғап, «күзету» деген сенімге саятындығын білдіңіз бе?! Бұл ғұрып алғашқы түсінік бойынша бала мен ананы тіл-көзден сақтау, жын-шайтандардан қорғау дегеннен туған екен. Жоба жөнінде Айкүміс Сексенбаева: «Біздің дәстүріміз, салт-жоралғыларымыз, яғни кез келген әрекеттің астарында бабалар даналығының мол қазы­насы жатыр. Бұл қазақ халқының мақтанышы, мәдени мұрасы, ұлттық энциклопедиясы. Бағдарламаның мақсаты – сол мұрамызды ұмытпай, келешек ұрпаққа аманат ету», – дейді. Қазақ жерінде мыңдаған жыл бұрын адамдардың өмір сүргенін тарих беттері куәландырады. Сонымен қатар, бұзылған қамалдар, көне қалашықтар, құпия-сырға толы үңгірлер де байтақ жеріміздегі танылмаған мұраларымыздың айқын көрінісі. Жыл сайын археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, жүздеген артефактілер табады. Ақиқатты айқындап, атадан қалған жәдігерлерді танып-білу үшін «Көнеден қалған із» бағдарламасының түсірілім тобы ғалымдармен бірігіп, экспедицияға шығады. Тарихи оқиға болған жерлерді зерттеп, бір археологиялық ашылымға қатысты қызықты мәліметтер береді. «Сонымен қатар арнада «Ұлы Дала құпиялары» деп аталатын деректі жоба шығуда. Мыңжылдық оқиғалар, жүздеген көшпенді тайпалар мен халықтар, олардың өмір сүру әдебі, орасан кеңістіктерді жаулауы. Мұның бәрі бізге әлі күнге дейін құпия күйінде қалып отыр. Хабар барысында сол жұмбақ оқиғаларға үңіліп, Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясына қатысты қызықты деректер келтіреміз. Көрерменге қызықты болу үшін бұл деректер қойылымдық түсірілімдермен толықтырылып отырылады», – деп тарихи бағдарламаның ерекшелігіне тоқталды телеарнаның бас продюсері Айкүміс Сексенбаева. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», деген Абай атамыздың өлең жолдары қазақ халқы үшін әннің маңызын айшықтап тұрғандай. Қазақстанның музыка өнері ғажап әрі көп жанрлы. Бүгінде әлемдік сахналарды бағындырып, төл мәдениетімізді дүние жүзіне танытып жатқан өнерпаздарымыз жетерлік. Олар өзімізден бөлек шетелдік тың­даушыларының құрметі мен ықы­ласына бөленген керемет сазгерлер мен орындаушылар. Сол себепті «Kazakh TV» арнасы олардың өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндайтын «Дала әуені» хабарын көрсетуде. Жоба барысында ұлттық әуендерді жаңа стильге, түрлі аспаптарға салып орындау үрдісі де кеңінен қозғалады. Бабадан қалған асыл қазына­ларымыз бен інжу-маржандарымызды көрген шет елдегі көрермен мемле­кетімізбен жан-жақты танысып, толық­тай мағлұмат алады, Ұлы Дала туралы пікір қалыптастырады. Сол себепті арна келешекте де ақпараттық-танымдық бағыттағы сапалы дүниелер шығаруды жалғастыра бермек. Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ