09 Желтоқсан, 2016

Өркениет көшінен қалмауымызды көздейді

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мәжіліс дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң жобасын қараған болатын. Осы заң жобасын талқылауға қатысқан депутаттар Зәуреш Аманжолова, Абзал Ералиев және Василий Олейникке бір-бір сұрақтан қойған едік. Зәуреш Жұманәліқызы, сіз осы заң жобасы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Бүкіл халқымызды тіркеуден өткізу адам құқын бұзбай ма? – Бұл заң жобасы қазіргі уақытта аса қажет. Оны барлық дамыған елдер қолданады. Әрине, оның адам құқықтарын бұзу ықтималдығы бар дегенді көптеген адамдар айтып жүр. Бірақ бұлай дейтін адамдар тіркеудің өзіне қарсылық білдірмейді, тек ДНК мен саусақ өрнектерін адамның айрықша қасиеті ретінде пайдалану тәсіліне жол бермеуді, сонымен бірге, оны сақтаудың жоғары дәрежеде болу керектігін айтады. Мұндай деректер қолды болып кетсе, суық қолды адамдар қылмыстық жолда пайдалануы мүмкін ғой. Сондықтан олардың сақталу дәрежесі жоғары деңгейде болу керектігін талап етуге қоғам толық құқылы. Сонымен қатар, дактилоскопия­лық тіркеудің негізгі міндеттері мен қағидаттарын заң жобасын әзір­леушілер халыққа егжей-тегжейлі түсіндірулері қажет деп санаймын. Абзал Жұмашұлы, адам өліміне қатысты қылмысты ашуда дактилоскопиялық тіркеудің озық әдіс екендігі айтылуда. Оны қай жерден көруге болады?  – Дактилоскопиялық тіркеуді енгізудің өзектілігі мен қажеттілігі азаматтарды есепке алудың бірыңғай базасын құру жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, жұмыс іздеуге байланыс­ты көптеген азамат бір қаладан екін­ші қалаға үнемі көшіп жүреді. Мұндай жағдайда тұрған жерлеріне тіркелу әдісі орындала бермейді. Тіркелмеген азаматтардың қаза табу жағдайлары да, өкінішке қарай, жиі кездеседі. Осындай жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттары табылмаса ондай адамның кім екендігін анықтау қиыншылық тудырады. Сондай жағдайда дакти­лоскопиялық мәліметтері арқылы мәйіттің кімдікі екені анықталып, қайғылы жағдай туралы туыстарына уақтылы хабар беруге болады. Бұған қоса, соңғы уақыттарда жиілеп кеткен табиғи апаттарға, өрт, су тасқындарына байланысты көп­теген адам ешқандай құжатсыз қалып жатады. Егер азамат дакти­лоскопиялық тіркеуге енген болса, олардың құжаттарын қалпына келтіру жұмыстары тез арада шеші­леді. Сондай-ақ, қапияда ақыл-есін жоғалтқан адамдар үшін де дактилоскопиялық тіркеудің маңызы зор. Адам өзі туралы ешқандай мәлі­мет бере алмаған кезде оның туыс­тарын тауып беру ісіне дактило­скопиялық тіркеулер көмекке келеді. Дактилоскопиялық тіркеу адамның бостандығы мен құқына ешқандай шектеу келтірмейді. Василий Иванович, сіздің ойыңызша, заң жобасының тиімділігі қандай? – Мен бұл заң жобасы азамат­тардың құқын қорғауды, қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуді, миграциялық бақылауды және қылмыстық істер­дің алдын алуды жаңа деңгейге көтереді деп санаймын. Заң жобасы халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленгені айтылды. Бүгінгі күні жүзден артық ел өздерінде осын­дай тәртіпті енгізген екен. Заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында мүдделі тарап­тар өздерінің өзгертулері мен толық­тыруларын айтты. Олардың көбі заң жобасына енгізілген. Мәсе­лен, дактилоскопиялық және геном­дық деректердің сақталуына мемлекет кепіл­дік беретіндігі туралы заң жоба­сына толықтыру енгізілгенін айта кетуге болады. Осының өзін адам­дар­­дың конституциялық құқықт­ары мен бостандықтарын, мүд­де­лерін қорғауға мемлекет жауап­ты екен­дігінің көрінісі деп санаймын. Жазып алған Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»