09 Желтоқсан, 2016

«Ұлттық зияткерлік меншік институты»

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордада географиялық көрсеткіштер мен тауар шыққан жерлердің негізінде айыру белгілерін қорғау құралдары мәселелері бойынша субөңірлік семинар өтті. Аталған шараны Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) және еліміздің Әділет министрлігі мен Ұлттық зияткерлік меншік институты бірлесе ұйымдастырды. Семинардың мақсаты геогра­фия­лық көрсеткіштерді қорғау мә­селелерін талқылау және шетелдік зияткерлік меншік ведомстволарымен тәжірибе алмасу болды. Өзінің құттықтау сөзінде Ұлттық зияткерлік меншік институтының директоры Сырым Бекенов семинар қазақстандық зияткерлік меншік нысандарын қорғау жүйе­сін жетілдіруде маңызды іс-шара екендігін алға тартты. Ал Дү­ние­жүзілік зияткерлік меншік ұйым­ының экономикасы өтпелі және да­мыған елдер департаментінің Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері бойынша секция басшысының міндетін атқарушы Илья Грибков қазіргі таңда ұйым 70-ке тарта елмен ынтымақтастық қатынаста екендігін жеткізді. Оның қатарында дамыған АҚШ, Канада, Жапония сияқты елдермен бірге, дамушы елдер де бар. Аталған ұйымның елдер экономикасының дамуына ықпалдасу, нормаларды әзірлеуге көмек көрсету және инфрақұрылымды құру сияқты үш бағытта жұмыс істеп келе жатқаны да аталды. Отырыс барысында ДЗМҰ, АҚШ, Италия, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Мол­до­ва және Грузия патент ведом­с­тволарының өкілдері баяндамалар жасап, өз ойларымен бөлісті. Олар өз сөздерінде географиялық көр­­сеткіштер мә­селе­лері мен өн­­­ді­­рушілердің экс­порттық бә­се­келестікке қабілеттілігін арттыру үшін пайдалану, тауар таңбаларын халықаралық тіркеудің Мадрид жүйесі, тауарлардың шыққан жерінің атауларын қорғау жайы, Лиссабон келісімінің мақсаттары туралы жан-жақты мәліметтер келтірді. Жалпы, тауардың шығуы географиялық көрсеткіші ретінде елдің ескі немесе жаңа, ресми немесе бейресми, толық немесе қысқарған атауы тіркелуі мүмкін. Сонымен бірге, ол өңірдің, елді мекеннің, жергілікті жердің немесе өзге де географиялық нысанның атауымен де байланыстырылып жатады. Қазіргі таңда Қазақстанда 28 шетелдік тауар белгілері тір­кел­ген. Атап көрсеткенде, елі­міз­­­де италиялық PARMIGIANO REGGIANO ірімшігі, 18 грузиялық ша­рап, ресейлік «Русская водка» мен «Будейовицкое пиво» сияқты атаудағы өнімдері. Сондай-ақ, 10 қазақстандық атаулар тіркелсе, олардың қатарында «Сарыағаш», «Ақсай», «Таң» сияқты сусындар да бар. Шара аясында Әділет мини­стр­лігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК мен АҚШ Патент және тауар таңбалары жөніндегі ведомство арасында Өзара түсіністік және екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»