09 Желтоқсан, 2016

Білімді ұрпақ биікке ұмтылады

3644 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ел болашағының жарқын болуы білімді, жан-жақты тәрбие алған ұрпақтың қолында. Келер келешегіміздің келісті келбетін қалыптастыру олардың сапалы білім алуларына байланысты. Бұл ретте нің рөлі мен маңызы айтпаса да айқын. Енді олардың атқарған істері мен жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсек. Егемен еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Бұл салада игі мақсаттарға жету жолында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында да атқарылған іс аз емес. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда біліктілікті арттыру курстарынан 1 миллионнан астам педагог өткен, еліміздің әрбір төртінші оқушысы қосымша біліммен қамтамасыз етілген. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде елімізде 450 мемлекеттік балабақша салынғанын да ауыз толтырып айтуға болады. Сонымен қатар, жекеменшік балабақшалар саны 10 есе өсіп, 2200-ге дейін жеткен. Бұл – жеке инвестициялардың 100 миллиард теңге қаржысы деген сөз. «Балапан» бағ­дарламасының арқасында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 2,5 есеге өсіп, 82 пайызды құрады. Биыл балабақшаларда 400 мың орын ашу үшін мемлекеттік тапсырысқа алғаш рет қаржы бөлінді. Бүгін біз бүлдіршіндердің мектепке дейінгі дайындықпен жүз пайыз қамтылғанын айта аламыз. Бұның өзі мемлекеттің мерейін өсіретін қарышты қадам деуге болады. Соңғы жылдардың өзінде ғана білім беру жүйесінде бірқатар стратегиялық маңызды құжаттар қабылданды. Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары қабылданып, қолданыстағы мемлекеттік білім беру стандарты жаңартылды. 250-ден астам кездесулер мен талқылаулар өткізілген. Соның ішінде Израиль, Ұлыбритания, Латвия, Венгрия, Италия елшілерімен, Үкіметпен; ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ елдері, Бүкіләлемдік банк, Қазақстандық ҮЕМ өкілдерімен, журналис­тер және қоғам қайраткерлерімен өткізілген кездесулердің мемлекет үшін маңызы зор. «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қабылданғанына көп болған жоқ. Қазір осы бағдарламаны орындаудың әрбір қадамы ойластырылуда. Дегенмен, маған осы бағдарлама туралы бірқатар сұрақтар түсіп жатыр. Сұрақтың көпшілігі қазақ тілі, оның келешегі туралы. Қысқаша айтсам, бағдарламада қазақ тілінің қолданысын шектеу немесе кейбіреулер айтқандай, оны жою туралы қандай да бір мақсат та жоқ. Мен іс басына қазақ тілін – өзімнің ана тілімді шеттетейін деген оймен келгенім жоқ. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – Президент ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын тұғырнама жасау. Өйткені, «Мәңгілік Ел» білімі заман талабына сай, әлемдегі ғылым мен техниканың, жалпы әлем өркениетінің жаңалығын еркін біліп, еркін игере де, қолдана алатын Қазақстанның мәңгілік қоғамын құруға арналған. Сонымен қатар, қоғамда сапалы білім алудың мүмкіндігі баршаға бірдей болуы көрсетілген. Ал қазір біздегі білім жүйесінде мұндай тепе-теңдік жоқ. Қазіргі таңда еліміздегі мектептер үш типке бөлінген. Оқыту тілдері: қазақша, орысша, ағылшынша. Қазақ мектептерінде оқыған жастардың әрі қарай сапалы білім алуының шектеулі екенін көріп отырмыз. Мысалы, біздегі ағылшын тілінде жоғары деңгейде дәріс беретін Назарбаев Университетте, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT университеттеріне ауыл жастарының түсуіне біраз қиыншылықтардың бар екенін өзім көрдім. Ол – бір. Екіншіден, бізде орыс тілінде оқытатын мектептер де бар. Оларда да көптеген қазақ жастары оқиды. Шынын айтсақ, осы жастардың көбі, тіптен қазақ жастарының көбі қазақ тілін дұрыс білмейді, дұрыс түсінбейді. Осындай себептерге байланысты біздегі білім алу жүйесінде тепе-теңдік жоқ, жастардың бәрі бір деңгейде сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Біздің мақсатымыз – осындай қайшылықтарды жойып, жастарға, әсіресе, ауылда жүрген жастарға, бәріне бірдей сапалы, заман талабына сай білім беру. Дәлірек айтсақ, болашақта үш тілде сапалы дәріс беретін бір типті білім беру жүйесін құру. Осы үш тілде де әр бала еркін сөйлеп, бір-бірін түсіне білуі тиіс және де әлем елдеріндегі озық білімді игере білуі қажет. Бұл бір жылдың шаруасы емес, бірақ оны уақытты жоғалтпай бастау керек», деген министрдің маңызды мәлімдемесі ұлттың болашағына бағытталғанын байқауға болады. Мектептегі үштілділік мәселесін айта келе Ерлан Сағадиев өз ойын былай тұжырымдайды. «Тіл – кез келген ұлттың бей-жай қарай алмайтын басты байлығы. Сондықтан да, оған халық болып алаңдау да заңдылық. Айта кететін тағы бір жайт, кейбір жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқыту басталады. Ол шамамен 2018 жылдан деп жоспарлануда. Сонымен қатар, балалар дайын болғанда ғана ҰБТ-ға ағылшын тілі сұрақтарын қоса бастаймыз. Осының бәрі не үшін қажет деген сұрақ туындауы бек мүмкін. Әлемдегі ғылым жаңалықтарын қазақ тіліне аудару керек дейді кейбір ағайындар. Дұрыс-ақ болар еді, бірақ әлемде біздің жастарға керек, күніне мыңдап емес миллиондап шығып жатқан ғылым мен өмір жаңалығын дер кезінде қазақ тіліне аудару тіпті де мүмкін емес. Оған қаражат та, басқа мүм­кіндіктер де жоқ. Оның қиындығын үлкен халық – француздар да түсініп отыр. Бұрын француз мектептерінде ағылшын тілі оқытылмайтын еді. Қазір оны оқыту заң түрінде барлық француз мектептеріне енгізілді. Бізге де тиімді жол осы деп есептейміз. Қазақ жастарына, әсіресе, ауыл балаларына өз ана тілімен қатар ағылшын тілін үйретсек, сонда ғана олар өздеріне қажетті білімді әлем кеңістігінде дер кезінде және еркін таба алады. Оларға ең тиімді жоғары оқу орындарына жол ашылады». Иә ағылшын тілінің де артықтығы жоқ шығар. Білімің жетсе Назарбаев университетке оқуға түсіп, бағың жанса «Бо­лашақ» бағдарламасымен шетелдің шекарасынан ат оздыруға мүмкіндігің болады. «Болашақ» демекші, 1993 жылы Елбасының қаулысымен құрылған аталмыш бағдарлама аясында қаншама қазақ балалары әлемнің түкпір-түкпірінен білім алып келуде. Мұны білім саласындағы алтын әріппен жазылатын жайттар десек артық айтқандық болмас. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзі құндылығын жоймайды. Керісінше, керуен жылжыған сайын мәні мен маңызы тереңдей түсері хақ. Қазір республика бойынша барлығы 325 мыңнан астам педагог бар. Бүгінгі таңда мектепке 6 429 жас маман келген. «Мектепке жол» акциясы биылғы жы­лы 9-шы рет өткізіліп отырғаны бел­гілі. Соның нәтижесінде көмекке зәру 280 мың балаға қайырымдылық көмек көр­сетілген. Жаңа оқу жылынан бастап министрлік интерактивті тапсырма­лар мен бейнематериалдарды жаппай қолдану үшін мектептерді қа­жетті техника жиынтықтарымен (экран, про­ектор, компьютер) қамтамасыз еткен. Бейнематериалдар дәстүрлі білім беру жүйесіне қосымша тәсіл әрі есте қаларлық және оқушылардың білімге қызығушылығын тудыратын тиімді әдіс екені белгілі. Еліміздегі 700 мектеп отандық («БілімLand») және шетелдік оқыту бейнематериалдары мен интерактивті тапсырмаларды бұған дейін де пайдаланды. Бұл мүмкіндікті пайдаланған мұғалімдер өздерінің оң пікірлерін жеткізіп отыр. Мұндай техникамен алдыңғы кезекте ең аз жабдықталған мектептер жарақтандырылады. Интернет жүйесі жоқ мектептерде сандық ресурстар мектеп серверлеріне енгізіліп, үнемі жаңартылып отырады. Мұның өзі оқушының жан-жақты болуына әсер етпей қалмайды. Олардың дүниетанымы қаншалықты кең болса, білімі де, ақпараттануы да соншалықты мол болары сөзсіз. Биыл елімізге ҰБТ-ның енгеніне – 13-ші жыл. Осы жылдар ішінде бұл тестілеуге 1,5 миллионнан астам бала қатысқан. Әрине, бұл аралықта оның артықшылығы да, кейбір кемшіліктері де болған. Дегенмен, уақыт өткен сайын бұл жүйеге де өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған екен. Оған көпшілік арасында жүргізілген қоғамдық сауалдама нәтижесі ықпал етіп отыр. «Ең біріншіден, қоғам ҰБТ-ны тек қана ЖОО-ға түсу емтиханы ретінде қабылдайды. ҰБТ бірінші күннен бас­тап мектеп бітіру емтиханы ретіндегі өзінің функциясын орындамай отыр. ҰБТ-ға ешқашан түлектер 100 пайыз қа­тысқан емес. Және де жыл сайын оған қатыспайтындар қатары артуда», деген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің сөзінің де жаны бар. Министрлік ҰБТ төңірегіндегі барлық мәселені зерделей келе, оның жаңа форматына ауысуды жөн санаған. Соған сәйкес қорытынды аттестаттауды бөлу жұмыстары жүргізілген. Енді түлектер мектеп бітіру сынағын тапсырады. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуді ЖОО-ға түсу үшін ғана тапсырады. Мектептегі қорытынды аттестаттау 5 пәннен тұрады, оның 4-еуі міндетті, 1 пән – таңдау бойынша. Сөйтіп, ҰБТ ЖОО-ға қабылдау емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталады, бірақ оның форматы өзгереді. Бұрын 5 пәннен 125 сұрақ беріліп, оның ішінен 4 пән бойынша 100 сұрақ есептелетін. Ал 2017 жылғы ҰБТ форматында 120 сұрақ қарастырылып, барлығы есептеледі. Кейбір сұрақтардың жауабына 2 балл берілетіндіктен, ең жоғары көрсеткіш 140 балға тең. Сауалдар 5 пәннен қойылады, олардың 3-еуі міндетті, 2-еуі талапкер жоспарлаған ЖОО-дағы мамандыққа байланысты бейіндік пән болады. Тестілеу уақыты да өзгермейді – 3 сағат 30 минут. Өту балы да өзгерген жоқ – 50 балл. Жаңартылған мазмұнда білім беру бағ­дарламасы енгізілген биылғы оқу жы­лына еліміздің барлық мектептері жоғары дайындықпен кірісті. Ендігі міндет бәсекеге қабілетті өскелең буынды тәрбиелеу жолында жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасын сапалы іске асыру болып табылады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»