09 Желтоқсан, 2016

Біліктілік бастауы

216 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
bolashak-1Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, ел болашағы жастардың қолында екенін жақсы түсініп, олардың дамыған мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл – 1993 жылдың 5 қарашасы еді. Бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан бірінші болып осындай батыл да құптарлық қадамға барды. Сөйтіп, талапты да талантты жастардың шетелдегі іргелі оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туды. Мемлекет басшысы 1997 жылы тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне бағыт-бағдар берген 2030 жылға дейінгі ?даму стратегиясын жариялаған кезде де «Болашақ» бағдарламасына баса назар аударғаны жайдан-жай емес. Өйткені, егемен еліміздің келешектегі кемел мақсат-міндеттерінің ойдағыдай орында­луы білімді жастардың қолында екенін Ел­басы осы жолы тағы да қадап айтты. Осыған сәйкес «Болашақ» бағдарламасы жетілдіріліп, аясы кеңейе түсті. Ең бас­тысы, қазақстандық жастар білім алуға мүмкіндігі бар мемлекеттердің қатары артты. Алғашында тек төрт қана елдің – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Францияның жоғары оқу орындарын таңдау еркі болса, кейінгі жылдары басқа да өркениетті елдердің атағы алысқа кеткен білім ордаларында қазақстандық жастардың да дәріс алуына кең жол ашылды. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур секілді елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орын­дарында мұнай ісі, энергетика және эко­номиканың басқа да басым бағыттары бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың алдыңғы легі елге оралып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін лайықты үлестерін қосып келеді. «Болашақ» бағдарламасының тиім­ді­лігіне көз жеткен соң, мемлекет жыл сайын стипендиаттар қатарын арттыруға көңіл бөле бастады. Тіпті, Мемлекет басшысы 2005 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында олардың қатарын 3000-ға жеткізуді тапсырды. Бұл білім-ілімге құштар жастарға ерекше серпін бергені айдан анық. Мемлекет басшысының осындай шешім жасауының да себебі бар еді. Өйткені, Қазақстанның экономикасы өркендеу белесіне көтерілген болатын. Қалада болсын, ауылда болсын ауқымды бағдарламалар мен реформалар жүзеге аса бастады. Елбасының тікелей бастамасымен индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы қолға алынды. Міне, осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын білімді мамандар қажет болды. Сондықтан да, 2008 жылы мемлекеттік қызметке, өндіріс орындары мен өңірлерге білікті кадрлар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасына арнайы бағдарламалар енгізілді. Осы жылы ғылыми педагог ма­ман­дығы бойынша шетелдік білім ордала­рына «Болашақ» бағдарламасының талаптары бойынша сыннан сүрінбей өткен қазақстандық жастар көптеп жіберілді. Олардың барлығы тиісті оқу орындарын жақсы тәмамдап, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Қазақстан дамыған отыз елдің қата­рына енуді мақсат етіп отырғандықтан әрі әлемдік бәсекеге қабілетті экономика үлгі­сіне көшкендіктен ин­дустриялық-инновациялық даму, білім және ғылым, ақпараттық технологиялар, маркетинг, логистика және басқа да салалар бойынша білікті мамандардың қажеттігі байқалды. Оны жүзеге асырудың жолы – «Болашақ» бағдарламасы. Енді оның құзыреті мен ауқымын кеңейту қажеттігі туындады. Сол себепті, Қа­зақ­­стан Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәу­ір­дегі қаулысымен «Халықаралық бағ­дарламалар орталығы» акционерлік қо­ғамы құрылды. Осы қоғам кейінгі бес-алты жылда ел экономикасының нақты салалары бойынша мамандар даярлауды белсенді қолға алды. Бағ­дар­ламаға инженерлік-техникалық және ме­дициналық қызметкерлердің жаңа санат­тары енгізілді. Осыған сәйкес бү­гінгі таңда 1500-ге жуық стипендиат ше­т елдің іргелі оқу орындарында білім алу­да. Олардың 39 пайызы техникалық ма­мандықты таңдағандар. «Болашақ» бағдарламасы басталғалы 23 жыл болды. Осы уақыт аралығында 9000-ға жуық білімді де білікті маман даяр­ланды. Олардың 2500-ге жуығы ин­­женерлік-техникалық мамандықтар бойын­ша білім алған жастар. Барлығы да қазіргі уақытта мұнай-газ, металлургия, энергетика салаларында табысты жұмыс істеп жүр. Керек десеңіз, «Бо­лашақ» бойынша білім алғандардың қата­рында бүгінгі күні жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтің, министрліктер мен корпорациялардың тізгінін ұстаған жас­тар да бар. Атап айтсақ, Ұлттық эконо­мика министрі Қуандық Бишімбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Күлгінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов және та­ғы да басқа жүздеген жас мамандар «Бо­ла­шақ­тың» түлектері. Қазақстанның білім-ғылым саласына «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2000-нан аса маман даярланды. Оның ішінде 98 PhD докторы бар. Еліміздің жоғары оқу орындарында табысты еңбек етіп жүрген «Болашақ» түлектері де аз емес. Басқасын айтпағанда, бағдарлама бойынша білім алған 300 жас Назарбаев ?университетте дәріс беруде. Олар тек білікті маман ғана емес, ғылым жолында биіктерді бағындырған ғалымдар. Аталған университеттің ғылыми қызметкері Айнұр Ахметова өкпе ауруының белгілерін ер­те­рек анықтауға мүмкіндік беретін оп­ти­калық биосенсерді ойлап тапқан. «Бо­лашақ» бағдарламасымен шет елдің оқу орындарын бітіріп, осы университетте ең­бек етіп жүрген басқа да түлектердің ғы­лымға қосып жатқан сүбелі үлестері мол. Қазақстанда білім ғана емес, ден­сау­лық саласы да айрықша назарда. Елба­сы­ның жыл сайынғы Жолдауларында да осы салаға ерекше көңіл бөлінеді. Тіпті, қазір ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің де материалдық жағдайы жақсарып, жаңа жабдықтармен толықты. Керегі – білімді мамандар. Бүгінгі күнге дейін «Болашақ» бойынша білім алған 600-ге жуық маман ел өңірлеріндегі денсаулық сақтау орындарына жұмысқа орналасқан. Олардың қатары алдағы уақытта да арта беретіні сөзсіз. Өйткені, «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша білім алып жатқан жастардың көбі ертең бітірген соң жоспарға сәйкес өңірлерге жұмысқа жіберіледі. Ал елорда мен облыс орталықтарындағы айтулы медицина мекемелерінде жастығына қарамастан жақсы танымал болған «Бо­лашақтың» түлектері жеткілікті. Бір ғана мысал. Балалар кардиохирургі Дмитрий Горбунов Астанадағы Ұлттық ғылыми-кардиохирургия орталығында туа біткен және келе-келе пайда болған жүрек ақауларына байланысты қазірдің өзінде 2000-нан аса ота жасап үлгерген. Келешекте де оның мыңдаған балалардың өміріне араша түсетіні анық. Мәдениет, өнер саласында да «Бо­лашақ» түлектерінің мерейі үстем. Мә­се­лен, елден ерек ерекше дауысымен талайларды тамсандырған Мария Муд­ряк «Болашақ» бойынша білім алып, өнер көгіне көтерілді.Тіпті, ол 2010 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енді. Мұндай жақсы мысалдарды жалғас­тыра беруге болады. «Болашақ» түлек­терінің алдағы уақытта биіктерді бағын­дыра беретіні анық. Өйткені, олар алған білімі және қол жеткізген жетістігімен шектеліп қалып отырған жоқ. Терең білімін тәжірибемен ұштастырып отыр. Өздерінің білікті маман екендіктерін жұмыс барысында байқатып, одан әрі білім жетілдіруді де бірінші орынға қояды. Оларды асқақ армандары адастырған жоқ. Болашағын «Болашақпен» байланыстырып, армандаған шетелдік жоғары оқу орындарында өз таңдауы мен қалауы бойынша білім алды. Тәуелсіз Қазақстан оларға осындай мүмкіндік жасады. Қазір «Болашақ» бойынша оқуға түсу талаптары жоғарылады. Биыл конкурсқа қатысу үшін IELTS тестінің қажетті балы 5.0-ге дейін көтерілген. Алдағы уақытта тіпті жоғарылап, 6.5 балға жететін болады. Қазақстандық жастар армандаған, бұған дейін мүмкін болмаған шетелдік жоғары оқу орындарына да олар үшін даңғыл жол ашылды. Оған дәлел – биыл «Болашақ» стипендиаттарын даярлауға арналған жоғары оқу орындарының тізіміне Times Higher Education, QS және Academic Ranking of Word Universitet халықаралық рейтингтерінің алғашқы 100 және пәндік рейтингтердің алғашқы 10-орнындағы университеттер енгізілді. Демек, білім іздеген қазақстандық жас­тарға тағы да бірқатар айтулы жоғары оқу орындарының есігі ашық деген сөз. Тек «Болашақ» бағдарламасының талаптарынан сүрінбей өтсе болғаны. Әрбір жасқа өзі армандаған, өзі таңдаған оқу орнында білім алуына толық мүмкіндік бар. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан Омаров «Егемен Қазақстан»