09 Желтоқсан, 2016

Өткеннің өнегесі – болашаққа бағдар (ҚР тұңғыш Сыртқы істер министрімен әңгіме)

375 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
elshy– Төлеутай Ысқақұлы, енді ға­на Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің сырт­қы саясаттағы тізгінін кім ұстайды деген­де таңдау сізге түсіпті. Әңгімені әрі­ден бастасақ, сіздің дипломатиялық өтілі­ңіз КСРО-ның дипломатиялық мек­тебінен басталады ғой. Дипломатия сіз үшін тағдыр ма, жоқ әлде мамандық па? – Мен өз мамандығымның қағида­сымен, заңымен өмір сүрдім. Уақыт өте келе ол менің өмірімнің, күнделікті тірші­лігімнің бір бөлшегіне айналды. Пайыздық өлшеммен қарар болсақ, 1 пайыз – тағдыр, 99 пайызы – қарым-қабілет, талап пен қарекет. Сондықтан, тағдырымды мамандығымнан бөле-жара қарай алмаймын. Бұл бала күнімнен өзге түгіл өзімнен де жасырып келген тәтті арман еді. Ол орындалды. Кеңес Одағы кезінде мен үлгі тұтқан елшілер көп-тін. Кейінірек солардың біразымен жұмыс барысында кездестім. Тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы Сыртқы істер министрі болдым. – Енді сәл шегініс жасасақ. Ұзақ жылдар бойы шетелдерде болдыңыз. 1986 жылы Желтоқ­сан оқиғасы болған кезде сіз Ау­ған­стандағы консулдықтан оралып, Мәскеудегі Сыртқы істер ми­нистр­­лігінің орталық аппаратында қыз­метте едіңіз... – Иә, Желтоқсан оқиғасы жайлы Мәскеуде естідім. КСРО билігінің қазақ жас­тарына қарсы әрекеттерін дипло­матиялық корпустағы әріптестерімнің бәрі бірдей қолдай қоймады. «Жастарды қолдаймын. Әр мемлекет өзіне өзі қожа, өз басшысы болуы керек» дегендер де болды. Кейін қазақтың өр мінезін Желтоқсан оқиғасымен байланыстыра қарайтындар одақтың әр бұрышынан табылды. Бірде демалыс бабымен Ялтада жүргенімде, көрші үстелде отырған армяндар: «Қазақтар, сендер бізге жақсы өнеге көрсеттіңдер. Енді біз де теңдік сұраймыз», деп шын көңілден ризашылық білдіргені әлі күнге дейін көз алдымда. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тан шақырту алғанда сіз қай елде жүр едіңіз? – Нұрсұлтан Әбішұлынан ша­қыртуды 1991 жылы КСРО-ның Тегерандағы елшілігінде жұ­мыс істеп жүргенде алдым. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, елші­лікке барып, кәдімгі телефон­мен тілдесеміз. Елбасы Мәс­кеуде екен. КСРО Сыртқы істер министрі Шеварднадземен сөй­ле­сіп, лай­ық­ты үміткер ұсынуын өті­ніпті. Әри­не, мен жалғыз емеспін. Санатта басқалар да бол­ды. Іріктеуден кейін таңдау маған түскен. 1991 жылға дейін Қазақстан атынан әлемдік саясат мінберінен Ресей сөйлеп келді. Қазақстанның ішкі және сыртқы сая­сатын реттейтін орталық, яғни Мәскеу бола­­тын. Тіпті, Қазақстанның өзге мем­лекет­термен сыртқы саяси қатынас орнатуы деген мә­селе күн тәртібінде еш уақытта тұрмаған. Басқаша айтсақ, Қа­зақстан халықаралық құқық прин­циптеріне сәйкес халықаралық құқық­тың субъектісі қызметін атқар­ған жоқ. Жасыратыны жоқ, тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдары өте қиын болды. Неге десеңіз, ол кезде көп адам тіл білмейді, маман жоқ. Мен Сыртқы істер министрімін, бірақ көмекшім болмады. Президентпен шет елге шыққанда, сарапшы ретінде жүресің. Көптеген министрлер тіл білмейді. Бәрін өзің аударасың, құжаттарды сараптайсың. Ол тұста тек Елбасында ғана аудармашы болатын. Департамент, бөлім басшыларында жоқ. Ол кезде мен басқаратын Сыртқы істер министрлігінің өзінде бар-жоғы он адам қызмет етеді. Тәуелсіздігін жариялаған соң, Қазақстан халық­аралық құқықтың субъектісі бола отырып, БҰҰ таныған әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттің қата­рынан орын алды. – Мамандар қалай өсіп шық­ты? – Қасымжомарт Тоқаев басында менің орынбасарым еді, кейін министр де болды, Үкімет те басқарды. Қазір – Сенат Төра­ғасы. Вячеслав Ғиза­тов Герма­ния, Түрікменстанда елші бол­ды. Болат Нұрғалиев АҚШ, Жапо­ния ел­ші­ліктерінде қызмет етті. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымын­дағы өкілдігімізде де жұмыс істеді. Одан басқа да жігіттерді айта­йын, Нұрлан Дәненов бас­қарма төрағасының орынбасары еді, артынан бізге келіп, елші, ми­нистрдің бірінші орынбасары, баспасөз хатшысы болды. Қазір Францияда Төтенше және өкілетті елші. Бағдат Әміреев Араб елдерінде үшінші хатшы болды, менің қол астымда істеді. Ол департамент бастығы болып жүріп, бірден елшілік қызметке кірісті. Елшілікке дейін Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия елдерінде елші болды. Қазір Иранда Төтенше және өкілетті елші. Ержан Қазыханов, Ақмарал Арыстанбекова, Қайрат Сарыбай да менде жұмыс істеген. Әркім өз орнын тапты. Мәселен, Ақмарал Арыстанбекова Кеңес Одағының БҰҰ-дағы өкілдігінде қызмет ететін, кейін Қазақ­станның БҰҰ-дағы өкілдігін басқарды. – Шетелдердегі елшілік­теріміз 1992 жылдың аяғы мен 1993 жылдан бас­тап ашыла бас­тады. Елбасы 1992 жылы қаңтар айында Үндістанға, сол жыл­дың мамыр айында Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды. Ел­басымыздың шет елдерге сапа­рын ұйымдастырған кезде ескі дос­тарыңыздың көмегіне жүгінген боларсыздар. Мен біраз елде болдым. Алғаш­қы жылдары Ресейдегі дипломат жол­дастардың көмегін көп көрдік. Шетелдік сапарларымыз кезінде Ресей елшілері қарсы алып, шығарып салып жүрді. Бұл – үлкен көмек. Кейінірек, елге оралып, Сырт­қы істер министрі болып, жан-жақпен дипломатиялық бай­ланыс орната бастаған кезде ескі достарымның көмегін көбі­рек сезіндім. Кеңес Одағы кезінде кеңесші, консул болған достарымның біразы қазір шетелдерде елшілік қызметте жүр. Шет елдерге барған сайын бірі болмаса бірі алдымнан шығады. Бір-бірімізбен галстуксыз жағдай­да кездесіп, жастық шақты еске аламыз. Әңгіме арасында елдері­міздің сыртқы саясаты туралы айтып, сая­си қоржынымызды толтырып алуды да ұмытпаймыз. – 1990 жылдардың басында алпауыт елдер Қазақстанға КСРО шекпенінен енді ғана шық­қан, аса бай кен қоры бар күл­шелі бала ретінде қарады. Әлем­дік геосаясаттың Қазақ­стан­ға қарай бет бұра бастаған кезі деп қай жылдарды айтамыз? – Жаңылыспасам, 2005 жылдан бергі кезеңдерден бас­талады. Бізді сырт әлем нарық­тық экономи­калы ел деп қа­былдады. ХХI ғасырдағы геосаяси жағ­дайдың салмағын өткен ғасыр­лармен салыстыруға болмайды. Ол жаңа сипаттарға, жаңа құн­дылықтарға ие болды. Егемен­дігінің іргетасын бекітіп алған Қазақстан да жаһанданған әлемнің және жаһанданған экономиканың бір бөлшегіне айналды. Біз мұны кешегі жаһандық дағдарыс кезінде айқын аңғардық. Әлемде бо­лып жатқан өзгерістер Қазақ­станды сырт айналып кете ал­майды және керісінше, біздің ел­дегі саяси-экономикалық өз­герістерге сырт әлем де бей-жай қарай алмайды. Біздің қаржылық жүйеміз, табиғи байлығымыз стратегиялық шешім қабылдаған кезде сыртқы факторларды ес­керуді, қажет болса үйлестіруді мін­­деттейді. – Ішкі саясат пен сыртқы саясаттағы басым бағыттардың түйісер тұстары жайлы не айтасыз? – Экономиканы жандандыру үшін сыртқы саясат жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Біздің Президент туралы елде ғана емес, шет елдерде де көп айтылады. Көптеген баспасөзде жазылып, кітаптар шыға­рылуда, деректі және көркем фильм­дер түсірілуде. Барлық жарияланымдарда Мемлекет басшысының бірегей тұлғасы көрсетіліп, ол туралы жағымды пікірлер білдіріледі, оның ерекше тұлғасы және сая­си Олимптің шыңына шығуға мүмкіндік берген тағдырының зор жеңісі туралы айтылады. Елбасының келіссөз жүргізу шеберлігі қандай?! Көреген, парасатты саясаткер. Бүкіл елдегі саяси жағдайды, экономикалық тұстарды да жақсы біледі. Тіпті, сандарды еш ұмытпайды. Нағыз мәмілегер. АҚШ-тың астанасы Вашинг­тон­да да, Нью-Йоркте де кездесулер өткіздік. Одан кейін Канадаға барып, бұдан әрі бүкіл Еуро­паны шарлап шықтық. Қытай, Малайзия, Сингапур, не араб әлемі болсын, бірін қалдырмай аралап, елге инвестиция тартуға тырыстық. Президенттің абы­рой-беделі мен іскерлігінің арқасында шетелдік инвесторларды қызықтыра білдік. Олар біздің Президентімізді құрметтеп, елімізге келді. Егер де сыртқы саясатымыз осындай белсенділікке ие болмаса, біз мұндай жетістіктерге жете алмас едік. – Сыртқы саясатымызды Ресей, Қытай сияқты алпауыт елдердің сыртқы саясатымен үйлестіріп жүргізу біз үшін қаншалықты маңызды? – Сұрағыңа біржақты жауап беру қиын, әрине. Қазақстан Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқан. Бірақ сыртқы саясатта «алтын аралық» деген болады. Атақты ғұлама Аристотель дұрыс шешім қабылдау үшін «алтын аралықтың» нүктесін тап деп кеткен. Дипломатиядағы көп векторлы аталып жүрген ұғым – бұл Қазақстанның ойлап тапқаны немесе, тіпті де, оның Президентінің қалап алғаны емес. Бұл – біздің еліміздің өзін қоршаған әлеммен көпжақты байланыстарын дамытудан туған табиғи таңдауы. Қазақстан біржақты ғана саясат жүргізетіндей кішкентай әрі ешкім танымайтын көлеңкеде қалып қойған белгісіз де беделсіз мемлекет емес. Еуразияның нақ ортасында орналасқан, Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен 14 000 шақырымдық сыртқы шекарасы бар біздің еліміздің геосаяси жағдайын назарға алсақ, бір ғана елге немесе белгілі бір елдер тобына ғана бағыт ұстану Қазақстанның ұлттық мүдделеріне орны толмас зардап әкелер еді. – Сіз бен біз, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі және қарапайым журналист болып, сыртқы саясаттағы жетістіктерімізді, бар болса кемшіліктерімізді формулаға салып, саралап көрейікші. Мен сыртқы саясатта үш адым алға жылжу үшін бір адым кейін шегіндік деймін. Сіз осыған қарсы қандай уәж айта аласыз? – Бұл – осыдан 10-15 жыл бұрынғы формула. Біз қазір тек алға жылжуды ғана ойлауымыз керек. Өткеніміз сабақ алу үшін ғана қажет. Бізге қол жеткен жетістіктермен тоқмейілсіп қалуға болмайды. Біз уақытты өз пайдамызға жұмыс істетуге тиіспіз. Шүкіршілік, артта қалған 25 жылдың алғашқы белестерінен-ақ Қазақстан Республикасы толық тәуелсіздікке жетудің жолына түсті, небір тар жол, тай­ғақ кешулерден аман-есен өтіп, азаттық­тың алғашқы әрі азап, әрі ғажап асуларынан абыроймен асты, айналасы оншақты жылдың жүзінде егемен ел ретінде дамудың даңғылына қарай нық қадам бас­ты. Одан кейінгі онжылдықта қазір бүкіл әлем «Қазақстан жолы» деп ат қойып, ай­дар таққан шын мәнінде феноменді даму жолына түсті. Бүгінде еліміз тарих са­ғатының тілі сырт ете қалғандай өте қысқа мерзім ішінде кешегі кеңестік импе­рияның шикізат көзі ретіндегі ғана шет аймағынан экономикасы қуатты, сая­саты тұрақты, сүйегі мығым мемлекетке айналды. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Гүлбаршын САБАЕВА, журналист