09 Желтоқсан, 2016

Адам құқықтарын бұзуға жол берілмейді

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
meeting-1Кеше Сыртқы істер министрлігінде Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстан Республикасының 25 жылдығына және Халықаралық адам құқы күніне арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Дөңгелек үстелге Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Бас прокурор Жақып Асанов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Н.Шимомура, Еуроодақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Т.Христеа, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Д.Сабо және т.б. қатысты. Оның жұмысын Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов ашып, жүргізіп отырды. Өзінің кіріспе сөзінде Қ.Сұлтанов БҰҰ шешімімен бекітілген Адам құқықтарының күні – 10 желтоқсан биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол адам құқы мен бостандығының сақталуы мен бұзылмауына Қазақстанда Конституция мен қолданыстағы заңнамалар кепілдік беретінін айтты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында қабылданған барлық заңнамалар өмірдің барлық саласында адамның құқын қорғап, оның бұзылуына жол бермейтіні жеткізілді. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова өзінің сөзінде Қазақстан Президенті демократиялық институттарды, БАҚ-ты дамыту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – тәуелсіз Қазақстан дамуының маңызды шарттары деп көрсеткенін айта келіп, оның адам құқықтарын қорғау саласында барлық азаматтық қоғам институттарымен сындарлы және әріптестік ынтымақтастық орнатуға ерекше мән беретінін жеткізді. Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің бас­талуы қарсаңында адам құқықтары саласындағы мәселелерді талқылау айрықша өзекті екенін атап өтті. Бұл тақырыпты жиынға қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да жалғастырды. «Қарулы қақтығыстардың кесірінен әлемде мыңдаған адам зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Соның ішінде адамдардың бір-біріне төзімсіздік танытуы, ұлттық және діни жеккөрушіліктер, нәсілдік кемсітушіліктер түрлі қақтығыстарға бастайды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі кезінде осындай проблемаларға қарсы әрекеттер жасауды ұсынатын болады», деді ол. Одан әрі дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздегі адам құқықтарының сақталуы мен бостандығы туралы ойларын ортаға салды. Отандық заңнаманы осы бағытта халықаралық стандарттарға сай жетілдіріп отыру мәселесі де көп айтылды. Дөңгелек үстелде сөйлеген Бас прокурор Жақып Асанов Қазақстандағы кісі өлтіру фактілерінің әрбір үшіншісі отбасында жасалатынын жеткізді. «Тұрмыстағы зорлық» деп аталатын қылмыс түрі де жылдан жылға көбейіп, қазір ол барлық қылмыстың 60 пайызына жетті. Ондайдан көбінесе әйелдер мен балалар, мүгедектер мен кәрі адамдар жапа шегеді. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап «Қазақстанда отбасы ойранына жол берілмесін» деген жоба іске асырыла бастады. Бұл шараны іске асыру үшін кейбір заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер әзірленді, деді Ж.Асанов. Басқа да отырысқа қатысушылардың сөздерінде Қазақстан Конституциясы мен қолданыстағы заңдарында кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарын іске асыру, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін халықаралық стандарттарға сай жетілдіру мәселелері айтылды. Алқалы жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының Бес институттық реформасының, сондай-ақ, Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттардың құқық қорғау тетіктерін жетілдіру мен адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы ерекше маңыздылығын атап көрсетті. Талқылау барысында сөз сөйлеген халықаралық және отандық сарапшылар Қазақстандағы құқық қорғау тәсілдеріне оң баға берді. Жиын соңында Мемлекеттік хатшы еліміздегі түрлі халықаралық инсти­туттарға, сондай-ақ, үкіметтік емес құ­қық қорғау ұйымдарына адам құқық­тарын қорғау саласындағы сындарлы ын­тымақтастығы үшін ризашылық білдірді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»