09 Желтоқсан, 2016

Инвестициялық жобаларға жол ашық

142 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
almaty«Almaty Invest-2016» форумына 63 мемлекеттің бизнес өкілдері келді Бейсенбі күні Алматыдағы Ritz-Carlton қонақ үйінде «Almaty Invest-2016» ІV халықаралық инвестициялық форумы басталды.  Үш күнге созылған бұл форум сәрсенбі күні Алматыдағы инвес­торларды тарту және қаланың инвестициялық аухалын жақсарту жөніндегі кеңестің мәжілісінен бастау алған болатын. Форумның негізгі жиынына 63 мемлекеттен 500-ден астам бизнес саласының көшбасшылары, инвестициялық корпорациялар жетекшілері, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында белгілі саясаткерлер де бар. Халықаралық жиында қала әкімі Бауыржан Байбек, Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев, UBS  Asset Management стратегиялар және жаһан­дық нарықтар бойынша басшысы Массимилиано Кастелии мен Sanlas hoiding компаниясының негізін қалаушы Гюнтер Небель секілді сарапшылар сөз алды. Алматыда биылғы 11 ай ішін­де негізгі капиталға инвестиция тарту 1,1 миллиард АҚШ долларын құ­ра­ған. Қазір оңтүстік астанада 100 ел­дің 14 мыңнан астам компаниясы эко­номиканың сан саласы бойынша жұмыс іс­теуде. Қалай болғанда да, сырттағы бизнес-қауым­дастықтың Қазақстанға деген сенімін жоғалтпай, инвестицияны іркіл­­дірмеу үшін жасалып жатқан шаралар бар. Ал инвестиция тарту мәселесінде Алматының орны айрықша болып қала бер­мек. Жаңа Жібек жолы бойындағы эко­номикалық іскерлік орталығына айна­лған Алматыда әрбір он адамның же­теуі орта және шағын бизнесте жұ­мыс істейді. Осымен төртінші рет өткізіліп отыр­ған «Almaty Invest-2016» ха­лы­қ­аралық инвестициялық форумында Алматы қаласының әкімі «Алматы – мәдениеттің, бизнес пен жеке капи­тал­дың қаласы. Тәуелсіздік жылдары қа­ла бюджеті 41 миллиард долларға дейін жетті. Бұл еліміздің мұнайдан бө­лек кірістерінің 1/3 бөлігін береді. Қалада шағын және орта бизнес 130 есеге өсіп, 183 мыңға жетті, оның 14 мы­ңы шетелдік капиталдың катысуымен жұмысын жүргізіп отыр. 25 жыл ішін­де Қазақстанда өмір сүру сапасы жақсарды. Соңғы 5 жылда Алматы 2 есеге өсті. Қала халқы агломерация есе­бі­нен 3 миллионға жетті. Алматы – Ұлы Жібек жолындағы 1000 жылдық тарихы бар қала» деді. Қала әкімі тәуелсіздік жылдары қаланың инфрақұрылым саласына 3 миллиард доллардан астам қаржы жұм­­- ­са­лғанын айта келе, осы жылдарда Алматыда 28 жолайрық салынғанын, ке­ле­сі жылы 4 жолайрық пен күре жол­дар құ­рылысы жалғасатындығын мә­лімдеді. – Алматыға инвестиция тартудың тетігі – туризм саласы. Елімізге келген әрбір екінші турист Алматыға соқпай кетпейді. Алматыда жоғары сападағы 2 мың мейрамхана қонақтарды қабылдауға дайын. Алдағы уақытта Алматы халық­аралық әуежайын кеңейту, машина жа­сау кәсіпорындарына, химиялық фар­мацевтикаға көңіл бөлінбек. Қала­мыз­да инвесторлар үшін барлық жағдай жа­салды. Еліміз 30 жылға дейін кедергісіз та­быс табуға кепілдік береді, – деді Алматы қаласының әкімі. Еліміздің бас банкирі Данияр Ақышев «ТМД елдерінің ішінде Қазақстан инвес­торлар үшін ең тартымды нысанның бірі болып қала береді. Бұған әлемдік қаржылық нарықтағы құбылмалы жағ­дайға қарамастан, Қазақстандағы эко­номикалық тұрақтылық ықпал етіп тұр. Мұның айғағы, 2016 жылдың 6 айында елімізге келген таза инвестициялық қаржы 12,1 миллиард АҚШ долларына жетті. Мұнан бөлек, үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында рекордтық қаржы легі тіркеліп, ол 6,4 миллиард долларға жетті. Үкімет елде жағымды инвестициялақ ахуал орнатуға жұмыс істеуде. Сондай-ақ, мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, елімізде ІЖӨ-нің өсімі байқалады. Дәл қазіргі уақытта ол 0,4 пайызды құрайды. Жыл аяқталғанша бұл көрсеткіш өсе түседі деп есептеп отырмыз», деді. Өз кезегінде Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров Қазақстанға инвестиция салудың ар­тық­шылықтарын атай келе, «Биылғы жыл­дың басынан бастап, еліміздің барлық өңірінде инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 4000 мемлекеттік қыз­мет көрсетілді, оның ішінде виза алудан бастап, жұмыс күшін әкелу, жер учаскелерін алу қызметтері бар», деді Сондай-ақ,  вице-министр елімізде инвестициялық омбудсмен бар екенін айтты. Мәселен, сотқа дейін 60 мәселе инвесторлардың пайдасына шешілген. «Егер сіз Қазақстан үшін жаңа тауар шығаратын болсаңыз, ол тауар экс­портқа бағытталса, онда Үкімет құ­рылыс-монтаж жұмыстары және сіздің құрылғы бағасына қатысты шығынның 30 пайызын өтеуге дайын. Біз шетелдік жұмыс күшін құрылыс жұмыстары барысында Қазақстанға кіргізуге және құрылғыны іске қосқаннан кейін де бір жылға кіргізуге рұқсат береміз», деді вице-министр. Қысқасы, ауқымды форум кезінде Индустриялық аймақ аумағында бидайды қайта өңдеу зауыты, Алматы қаласындағы оңалту орталығы, «Leroy Merlin» және «OBI» гипермаркеттері құрылысының 300 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалары бойынша шамамен 50 меморандум жасалады деп күтілуде. Спикерлер қатарында Carrefour, Leroy Merlin, Sanlas Holding, Tokyo Rope, EuroShop, UBS Asset Management, Дүниежүзілік банк, ЭФКО және басқа да ұйымдарды қоса алғанда, қалаға инвестиция салған немесе инвестициялауды жоспарлап отырған ірі халықаралық ұйымдардың басшылары бар. Форумда сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі, іскерлік туризм, мемлекет-жекеменшік серіктестігі және индустриялық даму секілді негізгі 5 бағыт бойынша Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктері талқы­лан­ды. Халықаралық форум жұма күні де жалғасады. 9 желтоқсандағы іс-шаралар жұмыс істейтін кәсіпорындарға, өнер­кәсіптік аймақтар мен туристік ны­сандарға қызығушылық танытқан ин­весторлар үшін инвестициялық ту­р­­­лар үлгісінде өтеді. Бұдан басқа, KASE қор биржасының  жұмыс істеу тә­сіл­дері бойынша семинар ұйым­дас­ты­рылып, «Almaty StartUp City-2017» бағ­дарламасының тұсауы кесілмек. Ал­мат­ылық стартапшылар үшін шеберлік дә­рістері мен воркшоптар өтеді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суреттерді түсірген Дәурен ИСАЕВ