09 Желтоқсан, 2016

«Өз мамандығына адал жандарға құрметім жоғары»

288 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
serik-aksholakovБүкіл дүниежүзілік дәрігерлер ассоциациясының шешімімен берілетін «Әлем дәрігері» атағын 2008, 2009 жылдары екі рет қатарынан иеленген, «Платиналы Тарлан», Пирогов атындағы сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық нейрохирургия орталығы басқармасының төрағасы, профессор Серік Ақшолақовтың есімін естімеген жан кемде-кем болар. Қашан көрсең де қарапайым қалпынан жазбайтын, мейлінше еңбекқор, талапшыл басшы, үлкен ғалым, жаңашыл дәрігер Серік Қуандықұлының еліміздегі нейрохирургия саласын дамытудағы еңбегін ештеңемен өлшеуге келмес, сірә. Біздің тілшіміз бір қалт еткен сәтті пайдаланып, профессор С.АҚШОЛАҚОВТЫ әңгімеге тартқан еді. – Серік Қуандықұлы, отандық медицинада кенжелеу дамыған саланың бірі нейрохирургия болғандығы бел­гілі. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бер­гі уақыттағы жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Қи­ын ке­зең­дердің өзінде сіз таңдаған жо­лы­ңыздан тай­мадыңыз. Өткенге бір көз жіберсеңіз қа­лай болады? – Қазақстан нейрохирургиясы сала­сы­ның қызмет жасағанына 40 жылдан ас­там уақыт өтті. Өткен ға­­сырдың 60-шы жыл­дарының орта­сында Алматыдағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында кафедра ашылуымен басталған ол жұмысты қазіргімен салыстыруға келмейтін тым қарабайыр нейрохирург деуге болатын. Және көбіне жарақатпен айналысқан ол жұмыстың басты мақсаты – мамандарды даярлау еді. Ол уақытта ней­ро­хирургияның кеңестік кеңістіктегі ең дамыған орталықтары – Мәскеу, Ленин­град, Киевте шоғырланды да, біздің ней­рохирургия соларға тәуелді, төменшік күй кешкен. Сондықтан бізде аурудың тек қарапайым түрлеріне ғана операция жасалып, қалғанының бәрін сол қалаларға жіберетінбіз. Осыдан кейін бірте-бірте Қазақстанда да жалпы нейрохирургиямен айналыса бастадық. Кеңес өкіметі құлаған кезде бүкіл ме­ди­цинадағы жағдай өте ауыр еді. Сол уа­қыттарда әрбір клиникадағы емделуші өз төсегін, дәрісін, тамағын алып келуге мәжбүр болатын, ал жаңа технологиямен емдеу турасында тіпті ойлаудың өзі күпірліктей көрінетін. Айлық мардымсыз, оның өзі уақытылы берілмейді. Осындай қиындықта отбасын асырай алмаған дә­рі­герлер басқа жұмыстарға ауысып, ма­ман­дық­тарынан безіп кетті. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін біз­дің ішімізде талпыныспен қатар, сенім пайда болды. Медицина керек, ол әрі қарай дамиды деген оймен жұмысымызды жал­ғастыра бердік. Ал сол уақыттарда қиын­дықтарға қайыспай, мойымастан салада қалған мамандарды нағыз бір патриоттарға, өз мамандықтарын сүйген, оған берілген жандарға жатқызамын. Сол себептен де ондай жандарға құрметім өте жоғары. – Өзіңіз айтып отырған сенім сізді саланы дамытуға күш салдырды десек болатын шығар? – Елбасының алға қойған мақсатының бірі – Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту, өмір сүру жасын ұлғайту. Осыны алға қойған стратегиялық мақ­саттың біріне шығаруы біздерге мықтап ой салды. Себебі, медицинаның басқа саласына қарағанда нейрохирургия тым кен­желеп қалған еді. Және бұл үрдіс тек біздің елімізге ғана тән проблема емес, әлемдік деңгейдегі мәселенің бірі-тін. Содан біз дәл осы саланы мықтап қолға алу қажеттігі турасында жаза бастадық та, ең бір қиыншылық адымыңды тұсап жатқан уа­қытта «Қазақстан нейрохирургиясы мен неврологиясы» деген кафед­рада журнал шығардық. Бізге қызметтеріңнің сипаты жоқ, ал журналдарың бар деп күлгендер де көп болды. Оған қара­мастан, бұл журнал керек, жігіттер жа­зыңдар деп ғылыми мақалаларды қалай жазуға болатынын түсіндіріп, өзімнің шетелдегі ұстаздарымды редакция алқасына тартып, олардың мақалаларын журналға басып шығара бастадық. Себебі, дұрыс ақпарат алмай, саланың даму жолдарын жетік білетін жандардың практикалық маңызы бар ғылыми мақалаларын оқымай өсу мүмкін емес қой. Осылайша, Алматыда жүргенде ғы­лы­ми дәреже беретін арнайы дис­сер­та­циялық ке­ңес құрдық та, 10 жылдың ішінде 5 ғы­лым докторы, 25 ғылым кандидаты жұ­мыс­тарын қорғап шықты. Кішкентай бол­са да өзіміздің алғашқы кітаптарымыз жа­рық көрді. – Астанадағы Ұлт­тық нейрохирургия орталығын ашу туралы шешім қа­лай қабылданды? – Біз даярлығымыз біршамаға жет­кеннен соң Үкіметке ұсыныспен шықтық, ол Елбасына дейін жетті. Мемлекет басшысы өте жақсы қарсы алды, барлық ойларымызды мұқият тыңдап, онымен қоса алдымызға үлкен міндеттер қойып берді. Елбасынан бір жағынан еңсем көтеріліп, қанаттанып, бір жағынан межеленген мақсатқа жету үшін аянбау керектігін, артылған жүктің салмағының қаншалықты ауыр екендігін сезініп шықтым. Негізі, өз басым, Қазақстан меди­ци­на­сының қарыштап дамуын Астанамен тікелей байланыстырамын. Себебі, Астанада ең бір заманауи клиникалар салу қажеттігі айқын еді. Олар және бұрынғы жолмен емес, барлық жаб­дығы түгенделген, тек ішіне кіріп, па­циент­терді емдей беруге болатындай етіп салынды. Сызылған жобасының өзін­де қай аппараттың қай жерде тұратыны виртуалды анықталып, қабырғасы тұрғызылмастан бұрын олардың барлығы кіргізіліп, коммуникациясы, асай-мүсейін тегіс дайын етіп, бірден пайдаланатын емханалар. Ал біз бұрын ондай клиникаларды білмейтінбіз. Сөйтсе, медициналық логистика деген ғылым, оның профессорлары бар екен. Бір кездері нейрохирургияны ашу мүмкін емес, олар емдейтін аурулар аз, дайын мамандар жетіспейді, тіпті жоқ деп есептейтін. Ал негізінде нейро­хи­рур­гия­лық көмекке зәру жандар аз емес еді, тек біз оларды шақырып емдей алмайтынбыз. Олар үйлерінде ауырып, ауылдарында жатып, емделуге барып жазылу керектігін де біл­мей, өмірмен қоштасатын. Клиника ашылғанда біз қандай аппарат сұрасақ та, соның ең бір қолданыстағы заманауи түрлері алғашқы кезекте тұрды. Қажетті 35 маманды 3 айдан 6 айға дейін Денсаулық сақтау министрлігі ақша бөліп, шетелге оқуға жіберді. Ағылшынша білетіні АҚШ, Жапонияға жіберілді де, Израиль орысша оқыту бағдарламасын ұсынғасын басым бөлігі сонда аттанды. Орталық ашылғанда құрулы тұрған аппараттармен жұмыс істейтін дәрігерлер тегіс дайын тұрды. Сондықтан бұрын болмаған технологияларды, елімізде бұрын жасалынбай келген операцияларды жасау мүмкіндігі бірден туды. Оған қалай қуанбассың. Клиниканың салтанатты ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Енді біріншіден, өз азаматтарымыздың шетелге сабылмай, өзгеге күндерін түсірмей, қаражатын төгіп қиянға жол тартпай, Отанында қажетті көмекті алуына қол жетті. Екіншіден, әлемдік стандарттарда қолданылатын жаңа технологияларды енгізуге дайын мамандарымыз да бар еді. – Қазіргі күні сол технологиялар ен­гі­зіліп, жемісін беріп жатыр емес пе? – Әрине, клиника ашылғаннан бергі 8 жыл ішінде 60-тан астам жаңа технология өз тәжірибемізге енгізілді. Бұрындары мидың қан тамырларының аурулары бар адамдар ол қай кезде жарылып кетеді екен деген қауіппен жүретін, ал жарылған күні мүгедек болып, тіпті бақиға аттанып кететін. Нанасыз ба, біздің орталық ашылғанға дейін елімізде осындай нау­қас­тар мүлде емделмейтін, 100 пайыз кө­мек көрсетілмейтін, олардың әрі кеткенде 10 пайызының ғана шетелге баруға қолы же­тетін. Қалғандары инсультты күтіп отыр­атын. Және біз оны екі тәсілмен емдейміз. Бірі – басты ашып жасайтыны, екіншісі – шаптан қан тамыры арқылы миға дейін жетіп, ондағы ауру тамырларды медициналық желіммен бекітіп, қатырып тастау әдісі. Мұның екінші түрі өте қымбат, бірақ пациент үшін жеңіл, жаңа технология болғандықтан жылына осындай 400 операция жасаймыз, қазір осы ем үшін бізге арнайы шетелдіктер келіп жатыр. Біздің көршілеріміздің бірінде де бұл жоқ. Екінші бір емделушілер тобы – ми ісігіне шалдыққандар. Бұл – ней­ро­хи­рур­гиядағы классика болып есеп­те­леді. Бұ­рын миға операция жасаудың аяғы мүгедектікке әкелетін. Өміріне қауіп төн­ген­діктен жасалмаса болмайтын операция екен­дігіне көзі жеткен пациент келісімін беріп, үстелден әлдеқалай тұрар екенмін деген күпті көңілмен пышаққа түсетін. Қазір қан­дай бір тереңде жатқан ісік­терді ней­ронавигациялық тәсілдерді, ней­ро­мониторингті қолданып, нервке зардап тигізбей операция жасаймыз. Бұл де­геніміз, жасалынған операциялардың сапа­лылығын білдіреді. Бұрын ондай ауру­лардың бәрі шетелге жол тартатын, ал бара алмағандары мүгедектіктің зардабын шегетін. Үшінші топ – омыртқа мен жұлын аурулары. Бұрын сыммен, лавсанмен байланып, жоқтықтан қолда барды пайдаланып жасалатын операциялар қазір түбірімен өзгерді. Қазір біз омыртқаларды жасанды омыртқамен алмастыра береміз, ол аурудың тез айығып, аяғынан тұрып кетуіне үлкен көмек. Сонымен бірге, функциялық нейрохирургия бар. Бұл осы саланың ішінде де өте кеш дамыған. Ол – Паркинсон ауруы тәрізді түрлі қимыл-қозғалысқа кедергі болатын ауруларды емдеу. Қазір біз осындай шетелдерде 100 мың доллардан асатын операцияларды өзімізде жасаудамыз. Сосын бір ерекше маңыз беретін нәрсе, біздегі операциялардың барлығының мемлекет бөлген квота арқылы тегін жасалуы. Тағы бір өте қажетті деген ем түрі ол – балалар нейрохирургиясы. Бұл да өте ауырлығына қарап қалыс қал­ған, нейрохирургияның тым кенже да­мыған саласы. Клиника ашылғалы ол да қолға алынды. Балалар миының ісігі, суми (гидроцефалия), орталық нерв жүйесінің туа біткен кемістігі, эпилепсия тәрізді ауруларға операция жасалуда. Нәтижелері өте жақсы. Бірақ эпилепсияға операция жасауда бір ескерер жайт бар, мысалы, онымен ауыратын 100 баланың 10-15-не ғана операция жасауға болады. Елімізде шарана ана құрсағында жат­қан­да омыртқалары жетілмей қалған ба­лалардың ата-аналарының қоғамдық ұйымы бар. Туабітті осындай кемістігі бар балалардың бірте-бірте жұлындары омыр­тқаға жабысып қалады да, ол ағзада көп­теген аурулардың өрістеуіне, баланың бі­реудің көмегінсіз өмір сүре алмайтын жағ­дайға апарады. Spina Bifida деп аталатын бұл жұлын және омыртқа дамуындағы күр­делі кемістік жаңа туылған мың нә­рес­тенің жетеуінде ғана кездеседі. Spina Bifidaны емдеу хирургиялық түзетуден, со­нымен қатар, кешенді терапиядан тұ­ра­ды. Біз осындай диагноз қойылған бала­лар­ға операция жасауды бастадық. 12 операцияны өзіміз жасадық, ал таяуда 5 операцияны Германияның Шарите клиникасынан келген ментормен бірге өткіздік. Тәсілдерін көрдік, бізге пайдалысы – қан­дай ауруға операция жасау керектігін анық­тау жолын үйренуіміз болды. Себебі, ол операция жасалудан да маңызды, өйт­кені қандай адамға көмегі болатынын анық­тау, әрі қарайғы емдеу жолдарында қандай мамандардың қатысуын білу өте қажет. Өйткені, бұл тек операциямен аяқталмайтын, әрі қарай көптеген маман дәрігерлер кешенді түрде емдейтін ауру түрі. – Серік Қуандықұлы, алда енді осы технологияны енгізсек деп жоспарлап отырған жұмыстар да баршылық шығар? – Әрине, онсыз болмайды. Нейро­хи­рургияда қатерлі ісік ауруларына операция жасалуда қазіргі әдістерге балама тәрізді радиохирургия деген сала бар. Жаңадан пайда болған ісіктерді, енді білінген за­қым­­дарды сәулемен емдеу үшін оны қолға алу алдағы күннің еншісінде. Тіпті мида жү­ріп кеткен метастазаны емдеуге болады. Қазір Үкі­мет қолдау көрсетті, алдағы жыл­дың ая­ғында біз оны да іске қосамыз деп отырмыз. Гамма-пышақ енуімен біз ем жасауда тағы бір шарапатты іс жасай ала­тын боламыз. Біздің ендігі бір алға қойған мақ­сатымыз – клиниканың ғылыми ізде­ніс­­­терін тереңдете түсу. Осы ретте Назар­ба­ев университетпен тығыз қа­рым-қаты­на­с­т­амыз, біз университеттің ме­дициналық базасы болып есептелеміз, ал клиникадағы дәрігерлердің іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізуіне университет зертханасының мүмкіндігі өте мол. Осы уақытқа дейін бар күшімізді ауруларды емдеуге, жаңа әдістер мен технологияларды ендіруге жұмсасақ, енді ғылыми тұрғыда тереңдетуге толық күшіміз жетеді деп белді бекем буып отырған жайымыз бар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»