10 Желтоқсан, 2016

Жүз жылға бергісіз жүз күн

309 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Өткен 5 желтоқсан күні бауырлас әрі көршілес Өзбекстанда ғана емес, бәлкім, Түркі әлемінде жаңа бір дәуірдің негізі қаланды деп айтуға болады. 2016 жылғы 4 желтоқсанда өткен сайлауда Өзбекстан президенттігінен 4 үміткердің арасынан Шавкат Мирзиеев 88,61% дауыс жинап, Өзбекстан Республикасының жаңа президенті болып сайланды. Өткен сайлау және оның кейбір салдарлары туралы ойымды білдіруден бұрын бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеген өзбек азаматы ретінде байқағаным, соңғы екі жарым айда кез келген Қазақстан азаматының маған жиі қоятын сұрақтары “Мемлекетіңізде жаңа президент кім болады?”, “Марқұм президентіңіз Ислам Каримовтен кейін Өзбекстанды қандай болашақ күтіп тұр?”, “Жаңа президент мемлекетіңізде қандай ішкі және сыртқы саясат жүргізеді және оның Орталық Азияға әсері қандай болады?” сияқты мәселелер төңірегінде еді. Расында, соңғы екі айда тек Өзбекстан мен көрші елдер ғана емес, бәлкім, бүкіл дүние жүзі мән беріп, қызығушылықпен бақылаған осы сайлау неліктен осыншалықты үлкен назарға ілікті, бұл сайлаудың өзге сайлаулардан айырмашылығы неде болды? Аталған сұрақтарға жауап бермей тұрып, алдымен үлкен ризашылық сезімімді тудырған бір маңызды мәселе туралы айқым келеді. Өзбекстан Республикасы елді ширек ғасырдан астам уақыт бойы басқарып келген Ислам Каримовтің қайтыс болуынан бір аптадан кейін өзім Қазақстанда болған қыркүйек айының алғашқы он күнінде мейлі көшеде болсын, мейлі такси көлігінде болсын, менің Өзбекстаннан келгенімді білген әр қазақ азаматының алғашқы әңгімесі “Иманды болсын, жақсы кісі еді”, “Арты қайырлы болсын” деген сөздерден басталатын. Менің назарымды аударып, ризашылығымды тудырған бұл жайт бауырлас қазақ халқының қайтыс болғандар мәселесінде байсалды дәстүрге ие болуы еді. Мұнда ешкім бақилық болған кісінің артынан бір де бір жаман сөз айтпайды немесе осыған ұқсас әрекетке бармайды екен. Өзім аталған екі айда жұмыс сапарымен өзге елдерде болып қайттым. Алайда, ол жерлерде, шынымды айтсам, Қазақстандағыдай түсіністікті байқай алмадым. Бір жағынан, екі жарым ай уақыт ішінде қарапайым адамдардан немесе Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарынан Өзбекстанда болып жатқан оқиғалар мен сайлау туралы басқа елдердегідей бір де бір жағымсыз пікір немесе қаралаушы мақаланы кездестірмедім. Менің ойымша, бұл қазақ халқының өзбектерге деген бауырмалдық қатынасына, сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай, о дүниелік болған кісілерге қатысты қазақ халқының терең және тамырлы дәстүрлерінің болуына байланысты шығар. Осыған орай, осындағы бауырлас қазақ халқына алғыс айтуды өзіме борыш деп білемін. Жоғарыда “екі жарым ай ішінде Өзбекстандағы президенттік сайлаудың көпшіліктің назарын аударғанын” айтқан едік. Алдымен, бұл сайлау неліктен Қазақстан азаматтарының қығызушылығын оятқаны жөнінде қысқаша тоқтала кетсем деймін. Бәрінен бұрын мынаны мойындауымыз керек, Орталық Азияда экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан біршама белсенді ел болуына байланысты әрі Қазақстанда жүргізіліп келе жатқан оң саясаттың нәтижесінде Қазақстан қоғамы дүние жүзіндегі түрлі оқиғалар алдында үнсіз қала алмайтынын көрсетуде. Екіншіден, Орталық Азиядағы әрбір республика дүние жүзінде және аймақта белгілі орынға ие, айталық, Қазақстан мен Өзбекстанның әрқайсысының дүниежүзілік қоғамдастықта алатын өзіндік орны болуы аталған елдерді әлем назарына іліктіріп отыр. Сондықтан, Қазақстан қоғамы марқұм Ислам Каримов жүргізген өзіндік “тепе-теңдік саясатының” қандай жағымды және кері әсерлері болатынын білгісі келіп, келешекте Өзбекстанды, сонымен қатар, аймақты қандай кезең күтіп тұрғанын пайымдау үшін аталған сайлауларға айрықша мән берді. Үшіншіден, осы сайлаудың неліктен дүниежүзілік ақпарат көздерінің назарында болғаны бірнеше себеппен түсіндіріледі. Әлемдік саясаттың барған сайын күрделеніп, бір жақтан қоғамдар арасында тек мәдениеттілік пен жаһандану жылдам әрі кең таралып, екінші жағынан мемлекеттер мен аймақтар арасында жіктелістер орын алып, халықаралық терроризм мен әсіредіншілдік өршіп тұрған мына заманда Орталық Азия, әсіресе, аймақтың көшбасшылары Қазақстан мен Өзбекстандағы оқиғалардың өрбу бағыты әлемдік қоғамдастық үшін де қызығушылық туғызатыны анық. Әсіресе, Өзбекстанда халық санының тез өсуі, елдегі дәстүрлі ислам мәдениетінің ықпалы, географиялық және этномәдени ерекшеліктеріне байланысты түркі және парсы әлемінің ортасында орналасуы алпауыт елдермен қатар, жақын жылдарда аймақтық күштерге айналған Түркия мен Иранның, сонымен бірге, қалың араб әлемінің де қызығушылығын тудырып отыр. Әсіресе, Өзбекстанның түркі әлемінде айрықша орынға ие екені анық. Соңғы жылдарда түркі елдерінің туыстық сана-сезімін қайтадан жандандырып, Түркі әлемінде экономикалық, мәдени, рухани, ғылыми және басқа да әртүрлі бағыттардағы өзара қарым-қатынастарды нығайту қажеттігін түсіндіріп, мұның бүгінгі таңда ең қажетті қадамдардың бірі екенін ашық айтып келе жатқан аса құрметті Нұрсұлтан Назарбаев екені белгілі. Ал Түркі әлемі Қазақстан мен Өзбекстанды есепке алмай, өз мән-мағынасын, ықпалын жоғалтары сөзсіз. Марқұм Ислам Каримов мемлекет тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Өзбекстанның және өзге де түркі тілдес республикалардың тәуелсіздігін тұңғыш рет таныған бауырлас мемлекет – Түркиямен өте жақын қарым-қатынас құрғаны тарихтан белгілі. Дегенмен, көп уақыт өтпей, екі елде орын алған саяси және дипломатиялық оқиғалар екіжақты қарым-қатынастарға нұқсан келтіргені рас. Бұған екі жақтан да кеткен кемшіліктер мен түсініспеушіліктер әсер еткені тағы анық. Ал жуырда яғни 18-19 қараша күндері Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Самарқанға ресми сапармен келіп, Ислам Каримовтің зиратына арнайы барып өзбек халқына көңіл айтуы және Өзбекстан Үкіметінің жоғары өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізуі Өзбекстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа жақын айларда жылылық әкелетінін көрсетеді. Қос мемлекет басшылары “достық және туыстық байланыстарға мән беретінін, екіжақты қарым-қатынастарды ең жоғары деңгейге шығаратынын” мәлімдеуі мұның ең айқын мысалы бола алады. Бүгінгі сарапшылардың басым бөлігі “Өзбекстанда жаңа кезең басталады” деп жар салуда. Каримов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстан президенті міндетін уақытша атқарушы қызметіне кіріскен Шавкат Мирзиеевтің бұдан бұрын 13 жыл бойы елдің Премьер-министрі қызметін атқарып келгені белгілі. Шавкат Мирзиеев басқарған үкіметтің алғашқы күндерден бастап үлкен бастамалар көтеріп, оптимистік қадамдар жасауы халықаралық деңгейде және Орталық Азия қоғамында жаңа серпіліс туғызғаны рас. Әсіресе, Мирзиеевтің өзіне берілген құзырет пен жауапкершіліктер шеңберінде қызметке кіріскен алғашқы күндерден бастап Өзбекстан үкіметінің көрші елдермен екіжақты қатынастарын жаңа деңгейге көтеруге мүдделілік танытуы (мәселен, осы жылдың қыркүйек-қараша айларында Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері екіжақты кездесулер өткізіп, ортақ сауда және нарықтардың ашылуына байланысты жаңа ұсыныстар білдірді авт.) осы ойымызды қуаттай түседі. Орталық Азияның әрбір тәуелсіз елі өз ұлттық мемлекетін жан-жақты нығайтуға күш салумен өткізген ширек ғасырлық кезеңде аймақтың өзара қатынастарында көптеген ілгерілеушіліктермен бірге, біршама проблемалар да көрініс бергені бар. Мәселен, Өзбекстанның жақын көршілері Тәжікстанмен және Қырғызстанмен бірқатар түсініспеушіліктердің болуы және бұл жағдайдың бірнеше жылға созылуы осыны айғақтайды. Әсіресе, аймақтағы су мәселесі себепті аталған елдер арасындағы қатынастарға нұқсан келіп, сонымен бірге, ұлттық және аймақтық қауіпсіздік мәселесі де бой көрсеткені рас. Ш.Мирзиеев бастаған үкімет қолға алған бастамалар нәтижесінде өткен айда Қырғызстаннан жүзден астам адамнан тұратын достық делегациясының Өзбекстанның көршілес жатқан Әндіжан жеріне келуі және жауап ретінде Өзбекстан делегациясының да Қырғызстанның Ош облысына баруы екі туыс халықтың ризашылығын тудырғаны белгілі. Өткен қараша айында Өзбекстан мен Тәжікстанның Сыртқы істер министрлері арасында екіжақты кездесулердің жиілеуі нәтижесінде 1992 жылдан бері тоқтап тұрған Ташкент – Душанбе әуе қатынасы қайтадан жанданды. Орталық Азияда су мәселесін күрделендіреді делініп келген Тәжікстандағы Рогун және Қырғызстандағы Қамбар-Ата су электр стансаларының құрылысына Өзбекстан үкіметінің жаңа көзқарас танытуы аталған елдер арасындағы туыстық және достық қатынастардың жан-жақты дамуына негіз болатын сияқты. Өткен екі жарым ай ішінде Өзбекстанда жүзеге асырылған, жоспарланған және қоғамға мәлім етілген Үкімет шешімдері туралы айтар болсақ, бұл бағытта да қайырлы жұмыстардың атқарылып жатқанын көруге болады. Әуелі Ташкент қаласы бастаған Өзбекстанның үлкен қалаларында көптеген мешіттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоғамның қызметіне ұсынылып, кейбір мешіттердің жаңадан салынуы жергілікті халықтың қуанышына себеп болды. Ташкент қаласында көпқабатты үйлер, жаңа жолдар мен көпірлер, метро стансалары, жаңа халықаралық әуежай сияқты, басқа да нысандарды салу туралы Үкімет шешімдерінің халыққа жария етілуі осындай игі бастамалардың дәлелі. Нақты айтар болсақ, жақында Ташкенттің Сергели ауданында 500-ге жуық көпқабатты (7-9 қабатты) ғимараттардың салына бастауы, ескі қала жақтағы бірнеше махаллалардың жаңадан жөнделіп, туристік мақсаттағы ғимараттар салу туралы Үкіметтің жаңа жоспарлары жария етіліп, басқа да оң өзгерістер жүзеге асуда. Ауылдар мен қалалар маңындағы жергілікті халық үшін мыңдаған арзан да қолайлы үйлердің салынатыны туралы Үкімет шешімінің шығуын жақсы өзгерістердің нышаны деп айтуға болады. Ш.Мирзиеев басшылығындағы жаңа Үкіметтің атқарып келген және атқаруды жоспарлаған осындай бастамалары мен шешімдері тек мемлекет ішінде ғана емес, сонымен бірге, шетелдердегі өзбектерді де қуантқаны сөзсіз. Өткен 25 жылда сыртқы елдерге, оның ішінде Еуропа, АҚШ, Түркия және тағы басқа елдерге көшіп кеткен немесе мигрант ретінде көшуге мәжбүр болған мыңдаған өзбек, әсіресе, оппозиция өкілдері интернет немесе әртүрлі басылымдар арқылы елдегі жаңа өзгерістер мен жағымды әсерлері туралы жиі ой бөлісіп, мақалалар жариялауы осының айқын айғағы болса керек. Қысқасы, өткен жүз күнге жуық кезеңде Шавкат Мирзиеев күнде дерлік жаңа шешімдер шығарып, қоғамның жағдайын жеңілдететін тың қадамдарға барып жатыр. Түркі халықтарының бетке ұстар жазушысы, әлемге танымал тұлға, марқұм Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты кітабының аты айтып тұрғандай, біз де Өзбекстанда өткен соңғы жүз күннің дәл солай тарихқа енуіне тілектеспіз. Орталық Азияның ең көне елді мекендерінің бірі – Жизақ облысының Замин тауында дүниеге келіп, туыс халықтар – өзбек, қырғыз, қазақ және тәжік ұлттарының мәдени ортасында өсіп жетілген Шавкат Мираманұлына алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға қажетті күш-қуат, жігер және ширек ғасырлық мемлекет басқару тәжірибесі бек жетеді ғой деп ойлаймыз. Тарих ғылымдарының докторы Ғайбулла Бабаяров