10 Желтоқсан, 2016

Шетелдік әріптестердің бағасы жоғары

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қысқы Универсиада басталатын шақ күн санап жақындап келеді. Дүбірлі додаға спортшылар ғана емес, алматылық дәрігерлер де қызу дайындалып жатыр. Жуырда №4 қалалық клиникалық аурухана базасында спорттық жарақаттар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету, спорт медицинасын ұйымдастыру саласында әлемдік беделі бар шетелдік әріптестердің қатысуымен практикалық оқу-семинары өтіп, қала стационарларының жұмыстарымен танысып, дайындық деңгейіне баға берді. Бір айта кетерлігі, Алматы қала­сы денсаулық сақтау басқар­масы еліміз үшін аса маңызды шараға дайындықты қыркүйек айынан бастап, шаһардағы меди­циналық ұйымдардың мамандарын және еріктілерді ағылшын тіліне үйрету, тартылған мамандарды вакцинациялау, жедел жәрдем мен стационарлардың ТЖД бірге өзара іс-қимыл жасауы бойынша тренингтер өткізу, кептелістен болатын жол кедергілері орын алған жағдайда уақытты есептеп, спорттық нысандардан ауруханаға қанша уақытта жеткізілетінін пысықтап, жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, уақтылы меди­циналық көмек көрсетудің негізгісі саналатын науқастардың жаппай түсуі кезінде стационардағы қабылдау бөлімшесінің кез келген жағдайға әзірлігі басты мәселе болып табылатындықтан, осы жұмыстарды ыңғайлау және оларға шұғыл көмек көрсетудің практикалық сабағы форматында шетелдік тәжі­рибені үйрену мақсатында Мю­хен (Германия) Техникалық уни­верситетінің травматологиялық хирургия депар­таментінің директоры  Питер Бибертхалер мен осы университеттің шұғыл меди­циналық көмек (Emergency) бөлімшесінің басшысы, доктор Карл-Джордж Кансты шақырып, дайындықтарымен таныс­тырды. Тәжірибе алмасу барысында жарақат бойынша тұжырымдама жасау, жарақат кезіндегі жансақ­тау, клиникаға дейінгі және кли­ни­калық триаж, ұйымдастыру жә­не еріктілерді басқару, шұғыл көмек көрсетуде шешім қабылдау шара­ларының үздік халықаралық тәжі­рибелері қаралып, талқыланды. Германиялық дәрігерлер Уни­версиадаға қаладағы бірден-бір жарақат, ортопедия саласында көш бастап отырған аурухана қабылдау бөлімшесінің науқастарды қабылдау мен оларға шұғыл әрі сапалы дә­рігерлік көмек көрсетуге дайын екен­діктерін атап өтті. Әсіресе, шет­елдік маман­дарды Қазақстанда тұң­ғыш рет аталмыш аурухананың қабылдау бөлімшесінде Emergency room әлемдік стандартқа сәйкес медициналық көмек көрсету жобасы іске асырылғаны таңғалдырды. Осы жобаны енгізу арқылы қа­былдау бөлімшесінің жұмысы қайта құрылып, ұйымдастырылған. Әлемдік стандартта бұрыннан бар бұл әдістің ерекшелігі – хирург, трамватолог сынды бірнеше мамандар бірден пациенттің алдынан шығып, қандай көмек керек екенін 5-7 минуттың ішінде анықтайды. Түрлі жарақатпен түскен адам бұрынғыдай әр кабинетке бір бас сұғып, кезегін күтіп тұрмайды. Яғни, көрсетілетін медициналық қызметтердің қолже­тімділігін қамтамасыз етіп, сапасын арттыру мақсатында «бір терезе» ережелеріне ұқсас «мультитәртіптік қарау» және «пациенттерді бригадалық емдеу» әдістері қолданылады. Неміс ғалымдарына жаққан жаңалық, ол – мультитәртіптік қарау әдісі. Бұл әдістің ерекшелігі дәрігерлер бұрынғыдай ұзақ уақыт қағазға шұқиып, пациент туралы тарих толтырып отырмайды. Қажетті ақпараттардың барлығы электронды түрде жүзеге асырылады. – Медициналық қызметкер­лердің жарақат алған нау­қас­тардың жаппай түсуін модельдеу және іс-әрекет жасаумен практикалық са­бақтар өткізу аса маңызды болып табылады, бұл дағдылар маман­дарды даяр­лау және нақты штаттан тыс жағдайлар болған кезде өз пайдасын тигізетініне се­не­мін, – деп атап өтті Питер Биберт­ха­лер. – Меніңше, 2017 жы­лы өте­тін Универсиада ойындарына сіздер­дің дәрігерлеріңіз дайын жә­не оған көмектесетін техникалық мүм­­кіндіктердің барлығы қарас­тырылған. Сондықтан, біз көрген ұйымдастыру жұмыстарына, дәрі­герлердің кәсіби деңгейіне жоғары баға береміз. Семинарға қосымша клини­каның бас дәрігері М.Т.Сей­думановтың жетек­шілігімен алманиялық қонақ­тарға аурухана бойынша экскурсия ұйым­дастырылды және де ота жасау залдары мен аурухананың жаб­дықталуы көрсетілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ