10 Желтоқсан, 2016

Мобильді кешен мұқият тексереді

141 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
mobilnyy-dosmotrovoy-kompleksКедендік бақылау – ұрлық-қарлықтың жолын тыйып, заңсыз тасымалдарды болдырмайтын қажеттілік. Кеден саласындағы контейнерлік жүк тасымалы транспорттық тауар айналымының ыңғайлы, тиімді, үнемді әрі ең негізгі тәсілдерінің бірі болып келді. Бірақ, тасымалдаудың бұл тәсілін енді контрабандистер де жаппай қолдана бастады. Бүгінде теңіз контейнерлерінде, автофургондарда, темір жол вагондарында қарулар, жарылғыш заттар мен есірткі тасымалданады. Кейде контрабанда тасымалдағыш құжаттар мен кедендік декларация­ларда көрсетілген шынайы жүк­тер түрінде жасырылса, кейде кон­трабанданың жасырылмайтын кезі де болады. Әсіресе, бұл кедендік әкімшілендіру дамы­маған елдерге тән болып келеді. Кейбір Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің осындай бағытта болуы себепті көп жағдайда қада­ғалау шараларын күшейте түсу қажеттігі туындайды. Бұл үшін кедендік бақылау-тексеру кезінде озық техникаларды пайдаланудың маңызы зор. Тауардың жөнелтпе құжа­тына сәйкес және заңсыз жұмса­лымдарды анықтау үшін жүктің ашылуынсыз сенімді тексеру жүр­гізуге мүмкіндік беретін, яғ­ни үлкен жүк автомобильдерін жә­не контейнерлерді кедендік тек­серіп қараудың тиімді құралы – инс­пекциялық-тексеріп қарау кеше­ні. Бұрын «тоғыз жолдың торабы» атанған, қазіргі таңда «халықаралық дәліз» атанған Маң­ғыстау өңірінде аталмыш құрыл­ғы барлық халықаралық өткізу пункттеріне енгізілді. Әсіресе, теңіз жолдары арқылы мыңдаған тонна жүк тасымалдарын өткізіп тұрған «Ақтау теңіз портына» орнатылған мобильді тексеріп қарау кешенінің алар орны ерекше. Қазіргі таңда Ақтау және Баку порттарының арасында тұрақты паром қатынасы орнаған. Темір жол паромдары 18-20 сағат ішінде 253 теңіз милін еңсере отырып, мұнай өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды, астық пен минералдық тыңайтқыштарды тасы­малдайды. Паромдарға 54 темір­ жол вагоны мен 35 ауыр жүк тасы­малдайтын автомобиль сыяды. Бір ай ішінде бұл жерден 1000-ға дейін ауыр жүк тасымалдайтын техника өтеді. 2015 жылдың қорытындылары бойынша жалпы жүктердің ауыстырылып тиелуі 5 млн 897 мың тонна болса, биылғы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша бұл көрсеткіш 2 млн 681 мың тоннаны құрады. Осынша ауқымды іс-әрекет кезінде кедендік ресімдеу үрдісін жеделдету және тиімді кедендік бақылауды қам­тамасыз ету үшін мобильді инс­пекциялық-тексеріп қарау кешені іске асты. Автомобиль шас­сиінде құрастырылған және кедендік бақылау жүргізу мақса­тында жылдам орнын ауыстыруға мүмкіндік беретін жүйенің дайын­дық уақыты кемінде 15 минут, трасса бойынша қозғалыс жыл­дамдығы – 85 км/сағ. Кешенді ауыстырғаннан кейін сағатына 25 автомобильге бақылау жүргізуге болады. Сондай-ақ, тексеріп қарау кешені ішкі және маңындағы радио­логиялық қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Тексеру жұмысын жүргізу үшін, мобильді кешен қарап-тексеруге тиісті объектінің маңынан жүріп өтеді және рент­гендік сканерлеуді жүзеге асырады. Ол, тіпті тиелген жүктің ортасында жасырылып тұрған жүкті көруге мүмкіндік береді. Кез келген жүктің, шассидің және кабина ішіндегінің радиоскопиялық бейнесін дисплейге шығару арқылы есірткіні, контрабандалық жүкті, қару-жарақты және жарылғыш заттарды табуға арналған құрал. Кешеннің қауіпсіздік жүйесі кез­дейсоқ сәулелену мен автоматты түрде орнын ауыстырумен байланысты қауіп-қатердің алдын алады, ол арқылы түрлі атаулар мен сұрыптамалардағы бірнеше мың тауарлар партиясы қарап тексерілді. Бұрын 2-3 сағат қаралатын жүк­терді қазір кешен небары 2-3 минут ішінде қарауға мүмкіндік береді, көлік құралының ашылуын­сыз және жүк көлік құралын түсі­русіз оның суретін және тасымалданатын тауарларды, көлік құра­лының құрылымдық торабын сәй­кестендіруге, тасымалдауға ты-йым салынған заттарды анық­тауға, тауарлардың кескінін алуға болады. Мобильді кешен жұмыс жасай бастағаннан бері заңнамада қарастырылған көптеген әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыс­тық істер анықталған. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы