10 Желтоқсан, 2016

Әлеумет және әлеует

558 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
acd_3206-1«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасы қаланды. Қазақстан объективті түрде орташа Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасы деңгейіне нақты жақындады». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Мемлекет басшысы Астанада өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария еткен кезде осындай ой айтқан болатын. Одан бері де бес жыл сырғып өте шықты. Тәуелсіз Қазақстан демократиялық даму жолымен өсіп-өркендеп келеді, елімізде саяси әлеуметтік жаңғырту жалғасып жатыр. Тәуелсіз мемлекетімізде азаматтық қоғамның іргетасы нық қаланып, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі жоғарылап, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері оңтайлы шешіліп келеді. Бұл – Елбасы саясатының нақты нәтижесі. Өйткені, Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтынын айтып, экономикалық қиындықтарға қарамастан, бұл салаға айрықша назар аударып, елеулі істерді еңсерді. Оның нәтижесі мен игілігін Қазақстан халқы көріп отыр. Сонымен, егемен елімізде әлеуметтік саясат нық орнықты. Енді бұл бағытта алға қойылған нақты міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру қажет. Бұл айтуға оңай болғанымен, орындалуы қиын күрделі мәселе. Өйткені, оның түп-тамы­ры кешегі кеңестік кезеңге жал­ғасып жатыр. «Мемлекет өлтірмейді» деген масылдық пиғыл кейбіреулердің сана­сына сіңіп қалғаны соншалық, олар жа­нын қинап жұмыс істегісі келмейді. Бірақ соған қарамастан, жақсы да жай­лы өмір сүруді қалайды. Арқаны кеңге сала­тын уақыт емес қазір. Нарықтық эко­номика жағдайында адам еңбегі бірін­ші кезекке шығуы тиіс. Мемлекетке ала­қан жаятын масылдық пиғылдан түбе­гей­лі арылу қажет. Өйткені, бұл әлеу­мет­тік жаңғыртуға кедергі кел­тіре­тін кесел-кесапат. Әлеуметтік масыл­дық жап­пай белең алған жағдайда мем­лекет­тің экономикалық құлдырауы мен дағ­дары­­сына әкелуі әбден мүмкін. Керек де­сеңіз, дамыған елдердің өзін іштей іріп-ші­рітетін, кері тартатын осындай ке­лең­сіздіктің алдында дәрменсіз болып қалуы әбден мүмкін. Оны жоюдың бір-ақ жолы бар, ол – әркімнің қажырлы да еселі еңбек етуі. Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсын­ғаны­ның да түп-төркіні осында жатса керек. Мемлекет басшысы осы еңбе­гінде «Әлемдік өркениеттің барлық құн­­ды­лықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қар­жы инс­ти­туттарымен емес, адамның ең­бегі­мен жасалады», деген еді. Шынын­да да солай ғой. Масылдықты ысырып қойып, жұрттың бәрі жаппай жұмыла жұ­мыс істесе, алынбайтын асу жоқ екені ай­дан анық. «Мемлекет шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес», деп атап көрсеткен болатын Елбасы. Тәуел­сіз мем­лекетіміз осы әріптестікті жоға­ры дең­гейде орындап келеді. Ең бастысы, еңбек адамы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Павлодар облысында күре жолдың бойында, облыс орталығынан бар-жоғы 70 шақырым қашықтықта Қалқаман кенті бар. Кеншілер қаласы – Екібастұз да Қалқаманнан алыс емес, отыз шақырым. Бірақ, соған қарамастан, күнкөрістің қамымен жақын қалаларға Қалқаманнан үдере көшіп жатқан халық жоқ. Неге? – Өйткені, жұмыс істеймін, табыс табамын деген адамға Қалқаманда да, айна­ласындағы ауылдарда да мүм­кіндік мол. Қазір жер-жерде кооперативтерді құруға талпыныс жасалып жатыр ғой. Өте дұрыс қадам. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығында қыз­мет жасағандықтан, бұл сала­ның жай-жапсарын бір кісідей біле­мін. Коо­перативтер құрылса, ауылшаруа­шылық өнімдерін тиімді бағаға өткізумен бірге жаңа жұмыс орындары ашылады, – дейді Қалқаман округінің әкімі, Ақсу ауданының құрметті азаматы Жамбыл Түсіпбеков. – Тағы бір айтарым, Елбасы­ның еңбекті бағалау, еңбек адамының беделін көтеру бағытындағы саясатын толық қолдаймын. Бұл әлеуметтік жаң­ғырту мақсатындағы жұмыстың нәти­жесі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орын­дары ашылып, орта тап қалыптасып, әлеу­меттік кепілдемелер кеңейе түсті. Мұның бәрін халық көріп-біліп отыр, олар­дың санасына сілкініс жасайтыны сөзсіз. Қалқаман кентінің әкімі әлі де болса ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, аз жұмыс істеп, көп «табыс» табуды ойлайтындар, ауадан ақша жасауды көксейтіндер бар екендігін бүгіп қала алмады. Мұны Елбасы әлеуметтік инфантилизм деген еді. Бұл да әлеуметтік жаңғыртуға кесірін тигізетін кесел. – Әлеуметтік жаңғырудың нәтижелі болуы адамдардың белсенді іс-қимы­лына, ақ-адал еңбегі мен әлеуметтің шығармашылық әлеуетінің ашылуына тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік жаңғыруға бәріміз де белсенді үлесімізді қосуға тиістіміз. Өйткені, мұның бәрі қазақстандықтардың жақ­сы тұрмыс-тіршілігі үшін жасалып жатқан қадам. Көп ұзамай әлеуметтік жаңғыртудың нәтижесін толық байқайтын боламыз. Оған ешқандай күмән жоқ. Өйткені, әлеуметтік саладағы реформа бойынша Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі. Басқасын айтпағанда, зейнетақы жүйесі, денсаулық сақтау, білім беру салаларын алайықшы. Мақтанышпен айтуға болатын жұмыстар жүзеге асқан жоқ па? Әлемді экономикалық дағдарыс кезіп жүр, ал Қазақстандағы халықтың тұрмысы мен күнкөрісі басқа елдермен салыстырғанда көш ілгері, – дейді Жамбыл Түсіпбеков. Иә, елімізде әлеуметтік жаңғырту жұмыстарын одан әрі тереңдету бағы­тында кешенді іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бұл үшін, ең алдымен, әлеумет­тік бағыттағы заңнамаларды жетілдіру белсенді қолға алынды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қыз­­­­меті және тағы да басқа әлеуметтік ма­ңыз­ды салалар арнайы заңнамалық акті­лермен реттеле бастады. Бұл салаларда әлі де болса заңнамалық тұрғыда шешімін табуы тиіс түйінді мәселелер бар. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл туралы Елбасы да айтқан бола­тын. Тиісті министрлік тапсырмаға сәй­кес жұмыстарды жүргізіп, тестілеудің тәр­тібіне өзгерістер енгізілді. Міне, осындай өзекті мәселелерді заңдық тұрғыда рет­теу әлеуметтік жаңғырту ісін өз дең­гейінде ілгерілетуге елеулі септігін тигізбек. Әлеуметтік-еңбек қатынастары­ның тиімді моделін қалыптастыру, қазақ­­стандықтардың тұрмыс-тіршілі­гін жақсартып, өмір жасын ұлғай­ту, әлеуметтік процестерді мемлекеттік басқарудың оңтайлы жүйесін қалып­тастыру бағытында да ауқымды іс-шаралар жүзеге асып келеді. Бұл әлеу­меттік жаңғырту мақсатындағы нақты қадам екені сөзсіз. Оның бәрі әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында қолға алынып, оңтайлы шешімдер тауып жат­қан игілікті істер. Бұл тұрғыдағы жұмыс­тар алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба бермек. Ғалым ОМАРХАН, «Егемен Қазақстан»