10 Желтоқсан, 2016

Ақпарат алу қолжетімді болуы тиіс

127 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарды іске асырудың бірінші жылының алғашқы нәтижелері талқыланды. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанын­дағы Құқықтық кеңес төр­ағасы Нұрлан Әбдіров жетек­шілік еткен басқосуда «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңның қызметі жан-жақты сараланып, осы заң аясында «Модельді алаңқай» қыз­метін іске қосу қажеттілігі де сөз болды. Мәжіліс депутаттары мен «Нұр Отан» партиясының жанындағы Құқықтық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстандағы БҰҰ ДБ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі, Гуманитарлық зерттеулер мен жобалар институты, Астана, Павлодар, Өскемен қалаларының және Қарағанды облысының Қоғамдық кеңестерінің өкілдері қатысқан жиында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев қолданысқа енген заңның алғашқы жылының алдын ала қорытындылары жөнінде баяндама жасады. «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын іске асырудың негізгі бөлігін құрайтын осы заңдарды мүдделі тарап­тардың кең отырысында тал­қы­­лаудың маңыздылығына тоқ­тал­­ған вице-министр, бүгін­ге дейін орындалған шаруа­лар­дың бір­қатарын атап өтті. «Азамат­тардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ми­нистр­лік ағымдағы жылда халық­ара­лық ұйымдармен бірлесе оты­рып, аймақтардағы БАҚ өкіл­дері үшін семинар-кеңестерді өте сәтті өткізді. Сондай-ақ, нормативтік-құқықтық актілердің базасы да жасақталды. Соның негізінде аза­мат­тардың арыз-шағым, өтініш-тілектерінің 73 пайызына дер кезін­де жауап берілді», деді Алан Ғазиз­ұлы. Сондай-ақ, ол министрлік соң­ғы кездері Үкімет отырысын он­лайн-трансляция арқылы өткізуді бел­сенді қолға алғанын тілге тиек етті. Негізгі баяндамадан соң сөз алғандардың кейбірі ми­нистр­лік тарапынан жақсы көрсет­кіштер болғанымен, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуде түйінді мәселелер бар екендігін ай­тып қалып жатты. Жалпы, ақ­па­ратқа қол жеткізудің бір емес, бір­неше әдіс-тәсілі бар десек те, оның барлығы қалыпты жағдайда емес екендігі белгілі болды. Мәсе­лен, осы күндері мемлекеттік ор­ган­нан телефон шалу, жазбаша өті­ніш жазу, электронды байланыс құрал­дары арқылы немесе «Электронды үкі­меттің» арнайы төрт порталы ар­қы­лы ақпараттар алуға болады екен. Алайда, қазір бұл қызметтерді саралап шығып, оларды әлі де болса жетілдіру қажет деген ойға келдік. Себебі, жоғарыда аталған ақпарат алудың 5-6 әдісінің ішіндегі телефон шалу арқылы қандай да бір мәліметке қол жеткізу тетігі жұмыс істемей тұрғанын байқауға болады, деді Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев. Одан кейінгі сөз мемлекеттік органдардың сайттары жөнінде өрбіді. Қазір өркениеттің кең өріс алып, интернеттің тілін меңгерген азаматтар саны артқан кез десек те, кейбір мемлекеттік органдар бұл мәселеге мән бермейтін секілді. Өйткені, қайсыбір мекемелер жеке сайты арқылы біраз сауалға жауап беру мүмкіндігі бола тұра, оны жүйелі түрде шынайы ақпа­раттармен дер кезінде қамтамасыз ете алмай отыр. Содан кейінгі бір әдіс – азаматтардың арнайы хат жазу арқылы 10-15 күн ішінде ресми жауап алуға қатысты жағдайды баяндайтын болсақ, бұл міндеттің де үдесінен шығып, мінсіз атқарып отырған органдар санаулы ғана. Міне, осыдан кейін «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заң тиісті деңгейде қолданылып отыр деп айтуға ауыз бармайтындай. Айта кетейік, ақпаратқа қолже­тім­ділік заңы жұртшылыққа керек мәліметтерді жеткізуді қамта­ма­сыз етумен ғана шектелмейді. Бұл – елдегі демократиялық үрдіс­тер­дің дамуына, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күреске, мемле­кет­т­ік органдардың ашықтығын қа­лыптастыруға, аза­маттар құқығы­ның сақталуына тікелей әсер ете­тін, соған көмекте­се­тін тетік. Яғни, осы заң­­ның талап­тары тиянақты орын­­­далу арқылы халық арасында мем­­­ле­кет­тік билік­тің беделі арта­тын­д­ы­ғы сөзсіз. Сондықтан да бұл мәсе­ле­ге бейжай қарауға болмайды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»