22 Желтоқсан, 2016

Айтары бар алты том

341 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
era_6912Рухани құндылық – ұлттың айнасы ғана емес, айбыны да, мәңгілігінің мәні мен мазмұны, халықтың қадір тұтар жауһары екені рас. Сол жауһардың бірегей бастауы Күлтегін жазуынан өрістеп, ғасырлармен сабақтасып, Абай әлеміне жетіп, одан кейін алыптарға ұштасып, қазір алтын арқауы ұзарып келеді. Соның бірегейі – қазақ әдебиеті дер едік. Қазақ әдебиетінің тәуел­сіздік кезеңін қамтыған алты том кітап «Тәуелсіз Қа­зақ­­­стан: қазіргі заман әде­биетінің антологиясы» серия­сымен Мәскеудегі «Худо­жес­твенная литература» бас­пасынан орыс тілінде жа­рық көріп отыр. Бір ашып айтар нәрсе, бұл алты кітапқа кірген шығармалар береке-бірлігі жарасқан егемен еліміздің ұлт жазушылары мен этнос өкілдері қаламгерлерін қамтуымен құнды деп білеміз. «Домбыра мен бесік» деп аталатын алғашқы том тұтастай балалар әдебие­тіне арналыпты. Онда М.Әлім­баев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, А.Ашири, Л.Степанова, өзге де балалар ақын-жазушыларының қызықты ертегілері, ойлан­дыратын жұмбақтары, маз­мұнды әңгімелері, тақы­рыбы ауқымды повестері жи­нақталған. Бұл туындыларда  қайырымдылық, адамға деген ілтипат, туған табиғатқа деген сүйіс­пен­шілік, сол секілді Қа­зақ­станның түрлі ұлт өкіл­­дері авторларының ша­ғын шығармалары беріл­ген. Антологияның екін­ші томы «Жусан иісті жұ­мақ өлке» деп аталады. Көр­некті прозашыларымыз Ә.Нұр­пейі­сов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекіл­баев, Т.Әбдік, Б.Нұр­жекеев, Қ.Ысқақов, Н.Келім­бетов, бас­қа да қалам­герлердің соңғы жиыр­ма жылда жазған көркем дүние­ле­рінде, эсселерінде қазақ мем­лекетінің тірегі саналатын қазақ ұлты мен өзге этно­стардың арғы-бергі тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабардар етіп, адамзат болмысының мәңгілік мәселелерін қозғай келіп, қайырымдылықты, азаматтықты, адалдықты ту етіп көтереді. Жыр әлемін жан-жақты қамтыған «Ғасырларға жол тартқан жақұт жырлар» деп аталатын үшінші томнан 80-нен астам ақынның тамаша өлеңдері орын алған екен. Қазақ поэзиясының айтулы өкілдері О.Сүлейменов, Ф.Оңғарсынова, М.Ша­ханов, Н.Лушникова, Т.Фро­­ловская, Ян-Вон-Сик, А.Бақтыгереева, В.Ан­тонов, басқа да жыр жам­поз­да­ры­ның, Қазақ елін Ота­ным деп санайтын өзге ұлт өкіл­дерінің отты өлеңдері, қаулап өсіп келе жатқан жас­тардың балғын жырлары да осы кітаптың желісін құрапты. Бұл жырлардың көпшілігі алғаш рет орыс тілінде жарық көріп отыр­ға­нын еске сала кетсек дейміз. Тәуелсіз Отанымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігін қам­тыған төртінші том «Ақы­рын жүріп, анық бас» деп аталады екен. Мұнда жи­нақталған эсселерде ақындар мен ғалымдар, қа­бырғалы қаламгерлер (Г.Бельгер, М.Әуезов, А.Сей­дімбек, С.Елубаев, С.Абдрах­ма­нов, Ә.Дербісәлі, Ш.Бей­сенова, Р.Мұқанова, т.б.), егемендіктің алғашқы жыл­дарындағы аласапыран кезең мен одан кейінгі қарқынды даму тұстарын, Елбасының ерлікке толы ерен еңбегін, бүкіл қазақ топырағындағы оң өзгерістерді, айбынды Астананың кескін-келбетін келістіре суреттейді. «Көкірегіңде болсын көз» деп аталатын бесінші томға 30-дан астам жазушының повестері мен әңгімелері топтастырылған екен. Олардың қатарында С.Бақбергенов, С.Мұ­рат­беков, Ш.Құмарова, А.Ар­цишевский, Т.Тохтамов, тағы басқалар бар. Тәуел­сіз мемлекетіміздің жеті дра­­матургының шығарма­лары­нан тұратын алтыншы том «Тұлпар уақытпен тайталас» деп аталады. Онда қаламгерлер Д.Исабековтің, Н.Келімбетовтің, С.Балға­баевтың, Н.Оразалиннің, Е.Аман­шаевтың, Л.Шаш­ко­ваның, М.Омарованың сү­белі туындылары орын алған. Айтары бар алты том­ның негізін қалаған, яғни халықаралық баспа жоба­сының жетекшісі, ұлт руха­ниятының жанашыры Қайрат Келімбетов болса, кітаптарды құрастырған Райхан Мә­женқызы, Георгий Пряхин, ал кітаптарды безендірген суретшілер Ж.Кә­кенұлы бас­таған топ екенін еске сала кетсек дейміз. Тағы бір айтатын нәрсе осы құндылықтарды дайын­дау барысында Қазақ­стан Жазушылар одағы мен «Тәржіман – Әдеби аудармашылар одағы» (Қ.Бақ­бергенов), мұнымен бірге, белгілі түркітанушы ғалым, жазушы Немат Келім­бетов атындағы қор және Ресей Жазушылар одағының (бас­қарма төрағасы В.Га­ничев) қатысуымен дайын­далғанын айта кетуге тиістіміз. Со­нымен, Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына келісті тарту болып отырған айтары бар алты том таяуда жұрт қолына тиеді. Бұл да рухани әлеміміздегі келелі жаңалық десек жарасады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»