24 Желтоқсан, 2016

Жаһан елдерін ортақ мүдде жақындастырады

240 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
kaz-akshҚазақстанның соңғы 25 жыл көлеміндегі жетістіктері тұрғысында аз айтылып жүрген жоқ. Бұл толағай табыстарымыздың арасында еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі бастамалары, батыл қадамдары ерекше атап көрсетілуде. Осы орайда халықаралық саясатта беделі зор, аузы дуалы саналатын тұлғалардың Қазақстан жөніндегі әділ де риясыз пейілмен жеткізген пікірлерінің жөні бөлек. Сондықтан бүгін біз әлемдік қоғамдастықта маңызды рөлге ие АҚШ конгресмендерінің еліміздің соңғы ширек ғасырдағы даму жолына қатысты айтқан пікірлерін ұсынып отырмыз.  

Басты байлығы – бірлігі

Кеңес Одағы ыдыраған кезден бүгінгі күнге дейін Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың маңызды мүшесі болып, БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігінде өз дауысына ие. Қазақстанды дербес мемлекет ретінде таныған алғашқы елдердің бірі – Америка Құрама Штаттары үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достастықтың 25 жылдығын білдіреді. Біздің стратегиялық серіктестігіміз ядролық қаруды таратпау мен қауіпсіздік саласындағы ортақ мүддеге негізделген. Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстан дүние жүзіндегі төртінші ірі ядролық арсеналға ие болып қалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бұл ядро­лық арсе­нал­дың көзі құртылып, осы бағыттағы ынты­мақ­тастығымыз түсіністікпен жалғасуда. 25 жыл ішінде Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы экономикалық қатынастар едәуір кеңейді. Қазақстан экономикасы екпінді дамуда әрі дүние жүзіне ашық. 1993-2013 жылдар аралығында америкалық компаниялар Қазақстанға 42 млрд доллардан астам инвестиция салды. Елдеріміз арасындағы сауда айналымы да жыл санап артып келеді. Қазақстан халқы мен басшылығы экономикасы әртараптанған, көпұлтты және көркейген ел құруда үлкен қадамдар жасады. Қазақстан көпконфессиялы ел болып, түрлі діндер өкілдерінің өзара тату тұрмысын қамтамасыз етті. Мен қазақстандықтарды осы жетістіктерімен құттықтаймын. Алдағы жылдарда берік іргетасы қаланған АҚШ пен Қазақстан ынтымақтастығының жемісін көре беретініме сенімім мол. Дейна РОРАБаКЕР, АҚШ конгресмені  

Өзара сенім  ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен оның халқы 25 жыл бойы қауіп­сіз­дік пен экономика бағыттарындағы көптеген мә­селелер бойынша Америка Құрама Штаттарының сенімді және шынайы досы бола отырып, демократияландыру мен экономикалық даму саласында үлкен қадам жасады. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан АҚШ пен НАТО-ның Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық се­рік­тесі болды. Қазақстан Ауғанстанды қайта қал­пына келтіруге өз үлесін қосуда, мемлекет мыңдаған ауғандық иммигранттар мен бос­қын­дардың білім алуларына қаржы бөліп отыр, сондай-ақ, Қауіпсіздікті қамтамасыз ету ха­лық­ара­лық күштері коалициясының Ауғанстанға жәрдем бе­ру­ге қатысты қызметін ойдағыдай атқаруына жағдай жасап берді. Соңғы 13 жыл ішінде Қазақстан, АҚШ және НАТО қауіпсіздік күштері Орталық Азия даласында бірлескен әскери оқу бағдарламаларын жүзеге асырды. Қазақстан Ұлттық банкі ақпараты бойынша, америкалық компаниялар 2005-2016 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 24 млрд доллар сомасында инвестиция салды. Сонымен бірге, АҚШ-Қазақстан қатынастарының негізі ядролық қаруды таратпау ісіндегі ортақ ұстанымның болуымен сипатталады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан дүние жүзіндегі төртінші ядролық қару арсеналы – 1400 ядролық оқтұмсықтан тұратын қару қоймасына ие болып қалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев барлық 1400 ядролық оқтұмсықтан бас тартып, Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ядролық қарусыздану міндеттемелерін мойнына алды. Сол кезден бері Қазақстан әлем елдерін ядролық қаруды таратпауға шақырып келеді. Жақында Халықаралық атом энергиясы жө­нін­­дегі агенттіктің (МАГАТЭ) қолдауымен бей­біт ядролық энгергияны тұрақты пайдалануды қам­тамасыз ететін дүние жүзіндегі алғаш Төмен байытылған уран банкі Қазақстанда құрылды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздану бағытын жалғастыратынына сенім мол. Бұдан бөлек, Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақты экономикалық дамудың өңірлік хабы ретін­де орнығу жолында ілгерілеп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы арқылы көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан экономикасын әртарап­тан­дыруға ынталы екенін аңғартуда. Осы ретте Қазақстан 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін ұйымдастырады. Ол көмірқышқыл газ шығарылуын қысқарту жағдайында энергияның тұрақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша мемлекеттердің, үкіметтік емес ұйым­дар­дың және корпорациялардың арасында жаһандық үн­қатысуға бағытталған. Экономикалық даму са­ла­сындағы осындай болашағы зор қадамдар тек қазақ­стан­дықтарға ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін аме­рикалық компанияларға да пайдалы болады. Қорыта айтқанда, мен Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын және екі ел арасында берік, жасампаз достық қатынастардың одан әрі жалғасуын асыға күтемін. Элси Л. ХАСТИНГС, АҚШ конгресмені  

Қазақстан – ядролық  қаруды таратпау ісінің көшбасшысы

Америка Құрама Штаттары Қазақстан тәуел­сіз­дігін мойындаған алғашқы елдердің қатарында бол­ды. Сол кезден бастап өзара ынты­мақтастыққа баса назар аударылып келеді. Дегенмен, екі ел қ­а­тынастарының негізгі өзегі әр уақытта ядролық қару­ды таратпау және қауіпсіздік мәселелері болып табылады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан дүние жүзіндегі төртінші ядролық арсеналға және Семейде орналасқан ең ірі сынақ полигонына ие болып қалды. Тәуелсіздіктің алғаш жылдарында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ядролық қарудан бас тартып, Семей ядролық сынақ полигонын жапты. Ядролық оқтұмсықтарды, олардың өнімдерін және инфрақұрылымын түбегейлі жойды. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 5 жылдан соң Ядролық қаруларға жан-жақты тыйым салу шартына қол қойып, оны 2002 жылы ратификациялады. Шарт жер асты, жер үсті және қайсыбір ортада ядролық қару сынағына тыйым салады. Шарт ратификациясы қауіпсіз әлем құру жолында нық қадам болды. Сонымен қатар, ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы ретінде танылған Қазақстан сынақтарға тыйым салу арқылы ядролық қарудан азат әлемге талпыну қажеттілігін түсінеді. Сол себепті, Қазақстан және оның көршілері – Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялады. Қазақстан ядролық қаруды таратпау мақсатында АҚШ-пен ынтымақтастықты кеңейте отырып, осы бағыттағы белсенді іс-әрекеттерін жалғастыруда. Мысалы, елдеріміз ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқыту орталығын құруда. Орталықтың мақсаты Қазақстандағы ядролық қоймалармен жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытуға бағытталған. Қазақстан мен АҚШ арасындағы 25 жылдық тығыз ынтымақтастық ядролық қарусыз тұрақты әлем құруға бағытталған маңызды стратегиялық серіктестіктің іргетасына айналды. Ядролық қа­русыздану мен таратпаудағы Қазақстанның же­тек­шілігін мойындағанымыз маңызды. Қазақстан ха­лықаралық қоғамдастыққа озық үлгі көрсетті. Осы орайда біз жаһандық қауіпсіздік мақсатында Қазақстанның ядролық қару мен материалдардың таратылуын болдырмаудағы белсенділігін одан әрі қолдауымыз қажет. Мен үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғын атап өту – үлкен құрмет. Қазақстан халқы мен Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевқа өзімнің шын көңілден шыққан тілектерімді білдіргім келеді. Джефф ФОРТЕНБЕРРИ, АҚШ конгресмені