немесе жақыннан «дорбалағаннан», алыстан «арбалаған» тиімді ме?
Сонымен бәрін сырттан тасуға, шекараның арғы бетінен әкелуге үйреніп алдық. Бас кезінде «коммерсантпыз» деп ала дорба көтеріп, базаршылап қаладан ауылға тауар таситын әйел адамдар шығып еді. Енді қарасақ, базардың бәрі шет елдің киім-кешектері. Қазақстандық киім өнімдері некен-саяқ. Бары бар енді, бірақ бағасы удай қымбат. Оның жарнамасы да әлсіз бе, әйтеуір, қалтасы қалыңдар тұп-тура шет елден барып киінеді, қалтасы жұқалар шет елден алынған тауармен киінеді. Мәселен, Өскемен қаласының қарапайым тұрғындары аптасына бір рет Семей базарларына келіп, киініп жатады, өйткені, мұнда киім арзан. Иә, киім ғана емес, азық-түлік те арзан. Соңғы кездері мал шаруашылығы өнімдерін делдалсыз тікелей саудаға шығаратын «Солтүстік» логистикалық орталық сияқты бірнеше базарлар ашылды. Ол Омбы-Майқапшағай автожолы бойында орналасқан. Мұның өзі де қарапайым қала тұрғындарына біршама көмек болды. Көмек болғаннан бұрын, көрші Ресейден келгендер ауыздарының суы құри мақтап-мақтап қазақ малының етін сатып алуда. Оларда мұндай экологиялық таза әрі сапалы, бағасы да арзан өнім жоқ екен. Ет алу үшін Семейге жиі келетін болды ресейліктер. Бірақ сүт ала алмайды, табиғи өнім алыс жолға шыдас бере ме?!
Міне, ойлап қарасақ, кез келген дүниені сырттан әкеле бермей өзімізде өндірсек, құнарлы жеріміз де, техникамыз да, жұмыс күші де бар. Бірақ, бір нәрсе жетіспей отыр. Ол ниет. Өйткені, еліміздегі қалталы азаматтар шет елден әкелген тауарын, азығын, шет елде оқитын баласын насихаттайды. Одан да гөрі артық ақшаларына жер алып, өңдеп, қарапайым халықты жұмыспен, азықпен, киім-кешекпен қамтыса ғой. Дамыған елдердің барлығын фермерлері, яғни ауылы асырап отыр, оларға ас-ауқат айдан түспейді ғой енді дайын күйде. Сондықтан олар да ауылды дамытуға айрықша көңіл бөледі. Елбасымыз аграрлық саланы дамытуға тапсырма беріп отыр. Шынын айту керек, бұрын ауылдарымыз «миллионер ауыл» атанып, өнімі көл-көсір тасып, қаланы асырап жататын. Қаланы емес, Мәскеуді тікелей асырайтын. Семейдің ет-консерві комбинатының өнімдері, ет-шұжықтары сапалы өнім ретінде Мәскеу асып кете баратын. Ет те, сүт те, көкөніс пен жеміс те ауылдан, қала маңындағы саяжайлардан толассыз ағылатын.
– Сол көкөніс, жеміс-жидек беретін саяжайларды 90-ыншы жылдары оңтайландыру кезінде ауылдан үдере көшкен халық басып алды. Ал саяжайлар негізінде тек жеміс-жидек, көкөніс, картоп өсіруге арналған жазғы мекен болғандықтан, қыста тұруға жарамсыз еді. Ал ауылдан келгендер, қыста бізде жарық жоқ, жылу жоқ деп әкімдікті жазғырады. Олар қабырғасы жұқа саяжай үйін жылыту үшін есік алдында өсіп тұрған жеміс-жидек ағаштарын аяусыз сындырып, отын ғып жағып жіберді. Оларға ештеңе дей алмайсың, себебі, арзан тұратындықтан саяжайды сатып алды. Және мүлкін жариялап, жекеменшіктеріне де айналдырып алды, ал бізде осылайша шаруашылықтың қаланы өніммен қамтып тұрған бір саласы тұралап қалды. Әрине, осыдан кейін алма, жидек, өрік, қауын-қарбыз және тағы басқаларын сырттан тасымалдап жейсіз. Ал негізінде оның бәрі Семейде-ақ өсетін, табиғи таза өнімдер еді, денсаулыққа да аса пайдалы, – дейді қаладағы қоғамдық кеңестің төрағасы
Николай Исаев.
Сөйтіп, біз бүгінде аграрлы ел болсақ та азық-түлік, жеміс-жидек, киім-кешекті өзімізден «дорбалап» тасымай, шекараның арғы бетінен «арбалап» тасып, тәуір коммерсантқа айналдық. Ауыл жастары да ауылда жұмыс болмағаннан кейін қалаға ағылуда. Кейбір деректер бойынша, соңғы 10-15 жылда қалаға көшiп кеткен ауылдықтардың саны 2 миллионға жетiп жығылады екен. Қаңтар айында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Семей қаласына арнайы сапармен келді. Халық қалаулылары қаланың үкіметтік емес ұйымдарымен, Қоғамдық кеңес өкілдерімен, құқық қорғау, сот, прокуратура қызметкерлерімен, әскерилермен, қалалық мәслихат депутаттарымен және қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер өткізіп, «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында қоғамдық қабылдаулар өткізді. Мәселен, депутат Василий Олейниктің қабылдауында болған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Амангелді Жұманов былай деді:
– Қазір ауылда жұмыссыздық. Қалаға жақын орналасқан ауылда тұратын жастар, қыс кезінде жұмыссыз болғандықтан, Семейге келіп, уақытша болсын жұмыс істейді. Соның бәрі отбасын асыраудың қамы ғой. Әсіресе, жас отбасыларына қиын. Жастар да маған келіп айтып жатыр, уақытша тіркеу мәселесі де олар үшін қиынға соғайын деп тұр. Әсіресе, ауыл жастары алаңдаулы. Уақытша жұмысқа келді делік, олар қайда барып уақытша тіркеуге тұрады?
Ауыл халқы үшін мал өсіру маңызды. Сүт-айраныңды сатып алып жатпайсың. Бірақ, ауыл жастары онымен айналысу үшін жеңілдетілген несиеге мал алу керектігін кейде білсе, кейде білмей отырады. Бірақ, жемшөп қымбат, су мәселесі тағы бар. Сондықтан да бұрынғы Кеңес өкіметі тұсындағыдай бірлі-жарым малмен ауылда өмір сүре алмайсың. Не үлкен шаруашылық ашу керек, не жалданып жұмыс істеу керек. Ал шаруа қожалықтары тұрғындарды тек маусымдық жұмыстарға ғана алады екен. Осылайша бүгінгі таңда ауылдық жерлерде мал өсіруге онша мән берілмей отыр. Және бір айта кетер мәселе, мал бағу әдісі де өзгерген. Бұрындары Абай ауданы сияқты қазақ аудандарында малды ауыл сыртына айдап жібереді, кешке тосып алады, болды. Мал өзі жайылып келетін. Ал одан да бұрынырақ, ата-бабамыз малды жаз шықса жайлауға айдап, қыс түссе қыстақта ұстады, тіпті бертін шопан, малшы да осы тәсілді қолданды, отбасымен бірге мал соңында көшіп жүрді. Осылайша жайылым жерлерді үнемі өзгертіп отыратын. Ал қазір ауыл тұрғындары бір-екі сиыр, бес-алты ешкі, он шақты қойын айдап апарып жайып, қайта әкеледі. Бос жібергенге болмайды, мал біреудің жайқала өсіп тұрған шаруа қожалығындағы егістігіне түсіп кетуі мүмкін. Қожалық иесі айқай шығарады. Ұры-қары тағы бар. Осының бәрін есепке алғанда, қашан шіркін, дүниежүзілік деңгейде бәсекеге қабілетті аграрлы ел бола аламыз деп ойлайсың...
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист
Семей