Алматы қаласындағы арнайы экономикалық аймақ – «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде» үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өтті.
Кеңес отырысында «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу қарқыны мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының даму барысы талқыланды. Аталмыш экономикалық аймақ ел Президенті Н.Назарбаевтың 2003 жылғы 18 тамызда шығарған №1166 бұйрығына сай бой көтерген болатын. Мемлекеттің технологиялық әлеуетін арттыру барысында экономиканың жоғары технологиялық ағымын жетілдіріп, Қазақстан экономикасын халықаралық шаруашылық байланыс жүйесіне енгізу, алдыңғы қатарлы технологиялық және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашу, жаңа өнім түрлерін шығару, сондай-ақ инновациялық саланы көтеру үшін инвестиция тарту секілді бірқатар мақсаттарды алға қойған-ды. Үстіміздегі жылдың 13 мамырында өткен «Инновациялық Қазақстан-2020» атты мемлекеттік отырыста Елбасы Н.Назарбаев арнайы экономикалық аймақты дамытудың жаңа ұсыныстарын мақұлдады.
Үйлестіру кеңесінің Алматыдағы отырысына мемлекеттік орган өкілдері, әкімшілік және Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облысынан келген арнайы өндірістік корпорациялардың мамандары қатысты. Жиналған көпшілік алдында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі өкілінің аймақтардағы өнімділік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы есебі тыңдалып, арнайы шақыртылған «Қазфосфат» ЖШС-нің жаңашыл жоспарды жүзеге асыру әдісі мен заманауи басқару технологиясын тәжірибеге енгізіп үлгерген орта бизнес өкілінің талдықорғандық «Қайнар» АҚ аккумулятор зауытының бағдарламасын игеру үлгісі ұсынылды.
Өнімділікті арттырушы арнайы корпорацияларға оңтүстік аймақ бойынша 150 кәсіпорыннан өтініш келіп түскен. Қазір олардың құжаттары ресімделіп жатыр. Алайда, Алматы қаласы мен Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарын қоса есептегенде бұл көрсеткіш әлі де аздық ететініне тоқталған вице-премьер өтініш білдіріп отырған 45 жоба машина жасаумен айналысатын компаниялардың үлесінде екендігін, индустрияландыру картасы аясында іске қосылған машина жасаушы 15 жоба жарты жыл ішінде өнімділік қарқынын 26 пайызға арттырып, еңбек өнімділігі бойынша 60 пайыздық жетістікке жетіп отырғанын, ал құрылыс материалдарын өндіру саласы бойынша өтініш білдірген 28 жоба мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына үлес қосу үшін жасалған оңды қадам екендігін айтып өтті. Сонымен қатар, қорытындыланған көрсеткішке сай Қызылорда және Жамбыл облысы әкімдерінің орынбасарларынан бағдарламаны жүзеге асыруда сылбырлық танытқандары үшін түсінік беруді сұрады.
«Қаржылық шығынды көп талап етпейтін, алайда өнімділікті арттыруда жақсы көрсеткішке қол жеткізетін, сондай-ақ өнімнің құнын жеңілдететін салаларда басқару технологиясын енгізуге көңіл аудару керек» – деді, Ә.Исекешев.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.