Жарылып кеткен жер, қаңырап қалған бос бесік, сынған шаңырақ – иесіз қалған жер мен шаңырағы ортасына түскен ел... Өліп жатқан балықтар, бесікті шырмап алған сұр жыландар – шетінеген балалар мен елді меңдеген дерт...
Бұл – Арал теңізінің тағдыры айрықша алаңдаушылық туғызып тұрған кезеңдегі экологиялық мәселені, сол аймақты мекен еткен тұрғындардың қасіретін дөп басып көрсете білген суретшінің «Арал тағдыры» атты айрықша туындысы.
«Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқып жүргенде елге барғанымда үш жасар немере қарындасым шетінеп кетті. Біз жақта су көбінесе ащы болатын. Ойнап жүрген бала сондай ащы суды ішіп қойған екен... Сол шетінеп кеткен қарындасыма арнап «Арал тағдыры» деген гобеленді тоқыдым. Кейіннен «Жер-Ана шақырады», «Арал» сериясы деген картиналарымды салдым. Жас кезімде осындай сюреалистік бағытта көп жұмыс істедім», деп түсіндіреді суретші Мұхамбетқали Самратұлы өзінің осы еңбегінің мәнісін.
Әр алуан жанрлы, көп қырлы суретші, түрлі стиль мен техникаларда: қолданбалы-өнер, гобелен, графика, кескіндеме және акварель түрлерімен жұмыс істейтін қылқалам иесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұхамбетқали Дүйсембаев Мемлекеттік Орталық музейінде «Өнер – тұнып тұрған құпия» атты көрмесін өткізді.
О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде 22 жылдан бері оқытушы болып жұмыс істеп келе жатқан суретші М.Дүйсембаев көрмесінде көрер-мендер назарына өзінің жеке коллекциясынан алынған 70-тен астам жұмысын ұсыныпты.
Суретшінің «Тұрар Рысқұлов», «Ахмет Байтұрсынов», «Дінмұхамед Қонаев» атты қазақ зиялыларының портреттік гобелендер сериясынан бастап, өмірдің бір сәттік көріністерін қағазға қапысыз, нәзік сезіммен, шынайы түсіру арқылы ауыл өміріне деген сағыныш сезіміне толы «Балалықты еске алу», «Көрші» атты акварельдік туындылары, сонымен қатар, экология тақырыбындағы «Уақыт трагедиясы», «Экология», «Арал» гобелендері сынды Арал трагедиясына арнаған шығармалары, «Менің Қазақстаным» атты картинасы ешкімді бейжай қалдырмасы анық.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ