«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Семейде болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі электр қуатының жаңғыруы барысымен танысты, сондай-ақ жаңа жедел жәрдем ауруханасында дәрігерлермен жүздесіп, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған басым бағыттарын талқылады.
Семей қаласындағы өзекті проблемалардың бірі – жылумен қамтамасыз ету мәселесі. Жергілікті энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткендіктен жиі бұзылып, қыс мезгілінде тұрғындарға қиыншылықтар туғызады.
Президенттің тапсырмасы бойынша бұл жерде электр қуатын түбегейлі қайта құру басталып кетті. Қаланың солтүстік жағалауы бөлігіндегі тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттардың 10 пайызын жылумен қамтамасыз ететін №1 жылу-энергетикалық орталығын жаңарту жұмыстары аяқталды десе де болады. Жергілікті тұрғындар жаңартылған жылу-энергетикалық орталығының іске қосылуын асыға күтуде, алайда, ол үшін әлі де миллиардтан астам теңге қаражат қажет. Жобаны аяғына дейін жеткізу үшін өңір басшысы «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрады.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «100 мектеп, 100 аурухана» президенттік бағдарламасының шеңберінде қалада жаңадан салынған медициналық жедел жәрдем ауруханасындағы сәуле ауруына шалдыққан адамдардың мұң-мұқтаждарына ерекше назар аударды. Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың салдарынан аймақтағы онкология ауруының деңгейі жоғары. Алайда, дәл осы уақытқа дейін мұнда заманауи диагностикалық орталық болмаған еді, сондықтан да қатерлі ісік ауруына душар болғандарға басқа қалалар мен әлем елдерінің ауруханаларына барып емделуіне тура келетін, мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді.
Заманауи медициналық жедел жәрдем ауруханасының іске қосылуына байланысты мұндай қажеттіліктің керегі болмай қалды. Алдыңғы қатарлы еуропалық құрал-жабдықтар кешенді диагностиканы жасауға және ең алғашқы кезеңдегі сәуле ауруының белгілерін анықтауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде, емнің тиімділігін арттыра түседі.
Тек қана ауруханалардың техникалық жабдықталуына мемлекет 2,5 миллиардтан астам теңге салды, ал жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. Жыл сайын медициналық жедел жәрдем ауруханасы 30 мыңнан астам адамды қабылдай алады.
Семейдегі дәрігерлермен әңгімелесу кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Президент жария еткен «Үшінші жаңғырудың» бүкіл Қазақстанды қамтитынын және денсаулық сақтау саласының да одан тыс қалмайтынын атап өтті. «Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлінген. Елімізде 1 шілдеден бастап жалпы әлемдік тәжірибенің тиімділігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Біз бұған дайын болып, медициналық қызмет көрсету саласының аясын мейлінше кеңейтуіміз қажет», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Өңірдің медицина қызметкерлері Мұхтар Құл-Мұхаммедке Елбасының Қазақстан халқына Жолдауымен мұқият танысып шыққандарын айтып, Мемлекет басшысы белгілеп берген ел дамуының бағытын толық қолдайтындарын жеткізді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ