19 Қаңтар, 2010

КӨП ҚАНАТТЫ ҒОСМАН

1660 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
“Қос қанат құсқа біткен маған бітсе...” деп әнге қосып армандаушы еді-ау қайран аталарымыз. Өзім қырық жылдай жақсы білетін жағаттас дос, жамалды азамат, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқар­масының бастығы Ғосман Төлеғұлды қос қанатты емес, көп қанатты жандай көретінім бар. Оның қанаттары – қай қияға салса да көтере самғататын адами қасиеттері, білімі мен білігі, ақыл-пара­саты­ның мол­ды­ғы, жан-жақты туабітті дарындылығы дер едім. Жетпісінші жылдардың басында Зеренді аудандық газетінің атағы күллі Көкшетау облысы бойынша дүркіреп тұрды, сол кездегі партиялық тілмен айтқанда, “кадрлар ұстаханасы” аталып, зеренділік журналистер басқа аудандық газеттерге редакторлыққа, облыстық газет­тер мен облыстық партия комитетін­дегі жауапты қызметтерге жиірек барып жататын. Тіпті, республикалық Баспа жөніндегі мемком төрағасының тікелей көмекшісі болып кеткендері де бар. Сол тұстағы орысша газеттегі белді журна­лисі­міз Ғ.Төлеғұлды да біресе аудандық ком­сомол комитеті, біресе аупартком аттай қалап алып кетіп, ол болса, “Ат айналып қазығын табады” дегендей, көңілі сүйген журналистікке бәрібір қоймастан қайтып оралатын. Әуелде орыс тілдіге балап онша жұғы­са қоймаған Ғосманымыз жақынырақ білісе келе, байқасам, қазақшаңыздың түбін түсіріп, бұлбұлша сайрайды екен. Әзілі әдемі, қалжыңы қазақы. Ашық-жарқын мінезімен орыс жігіттері арасын­да да кеудесін биік ұстап, жарығын ша­шып, жарқырап-жайнап жүргеніне біздің де айызымыз қанып, мерейіміз өсіп оты­ра­тын. Журналистикадағы ұлағатты ұста­зы­мыз, мысал жанрында өзіндік орны бар жазушы, редакторымыз Баймұрат аға Азнабаев бас болып Зеренді көлінің қара­ғай­лы жыныс жағасындағы “Орман­шы үйінде” әрбір 5 мамырда Журналис­тер күнін мәре-сәре атап өткенде, Ғосман Төле­ғұлұлының домбырамен ән де сала­тын, күй де шертетін өнерін көріп, ішім одан сайын жыли түскен-ді. Бірақ ол мен ойлағаннан әлдеқайда тереңірек болып шықты. Өлең жазады екен. Қазақтың әдебиетінен де, тарихынан да хабары мол. Аудандық қазақша газетте апта сайын әдебиет бетін беріп жүрген мен Ғ.Төле­ғұл­дың өлеңдерін сұрап алып жария­лайын. Онымен қоймай, әңгіме де жазады екен. “Көнебай сынықшы” деген әңгімесі Көкшетаудың облыстық газетінің бәйге­сін иемденгені есімде. Бір-екі әңгімесі кейінірек “Жұлдыз” журналында да жария­ланды. Жер-жерде халқымыздың айтыс өнері қайтадан жанданып-жаңғыра бастаған жылдарда “Қазақстанның 40 жылдығы” кеңшарында партком хатшысы болып жүрген Ғосекең партия қызметкерімін деп бәлсінбей, үкілі домбырасын қолға алып, айтыскер ақын ретінде де белсеніп шық­ты. Ауданда оза шауып, облыста үш-төрт мәрте жүлдегер танылып, респуб­лика­мыз­ға танымал Баянғали Әлімжанов, Құдай­берлі Мырзабеков сынды айтыс жампоз­дары­мен үзеңгі қағыстыра жыр толғады, сөйтіп, қазағы аздау Зеренді мен Көкше­тауда ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жеке басының үлгісімен де дем-тыныс берді. Біржан сал мен Ақан серінің өнерін жалғаған сол бір серілік дәуреннің белгі­сін­дей, Көбей Сейдеханов қол қойған Қазақстан ақын-жыршылар одағының №88 мүшелік билеті біздің ұқыпты досы­мыздың жеке архивінде әлі сақтаулы тұр. Үкілі домбыра дегеннен шығады-ау, кейін білдік қой, домбыра Ғ.Төлеғұлдың бала жасынан бергі жан серігі екен. Оның жүрегіндегі нәзік иірімдерді танытар бір ғажап жағдайды айта кетсек, 1969-1971 жылдары Ресейдің Горький (қазіргі Ниж­ний Новгород) және Абакан қалаларында әскери борышын өтей жүріп туған ел-жұртын сағынған жас жігіт өз қолымен ойып шауып, әп-әдемі домбыра жасап алады. Қазағының әндерін айтып, қара­көз­дерді маңайына үйіріп, сағыныш мауқын солай басады. Қарап отырсақ, бұл да кез келгеннің қолынан келе беретін іс емес-ау. Кезінде Ақан сері талай ат шал­дырып, әнге бөлеген ескі Сәберлі, жаңа­ша Әлжан әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы. Содан да болар, әкесі Төлеғұл алтыншы сыныптан кейін баласының “болашағын ойлап”, қолты­ғына қосымша қанат байламақшы болып орыс мектебіне ауыстырса да, талапты жеткін өзінің негізгі қанаты – қазақ тілін жоғалтпады. Түптеп келгенде, оның бағын ашқан да өзінің ана тілі. Өмір Ғосманды ерте есейтті. Мектепті бітіре сала өзі ұнатып түскен Шоқан Уәли­ханов атындағы Көкшетау педагоги­ка­лық институтының физика-математика факультетіндегі оқуын екінші курста үзуге тура келген. Өйткені, әкесі қайтыс бол­ған, ағасы әскерге кеткен. Анасы ауылда жалғыз қалып еді. Еті тірі бозбала бозбас­танбай еңбекке араласты. Әуелде трак­тор­шы, сосын бағаналардың басына өрмелеп байланыс монтері болды. Туған ауылына радио, телефон желісін тартуға қатысты. Өстіп жүріп өмір көрді, тәжірибе тоқыды. Техникаға әлі күнге дейін құмар досы­мыз­дың сондағы үш аяқты “Иж-Юпитер” мотоциклімен Зерендінің тау-тасын шар­лай­тынымыз да, кеңшардың картобын терісуге думандатып баратынымыз да өзінше бір дәурен екен. Шағалалы ауыл шаруашы­лы­ғы техникумында сырттай оқып жүр­генде болашақ жары, бұл күнде тәтті немере-жиендерін сүйгізіп отырған екі қыз, бір ұлының анасы Күлзағиламен танысты. Сондағы аудандық газет ұжы­мы Зерендіден Әлжан ауылына Ғосман Төле­ғұлұлының үйлену тойына жүк мәши­не­сімен барып, айлы түнде әуелете ән шыр­қап қайтқанымыз әсте естен кетер ме. Соның алдында Петя Фидчен­коны үйлендіргенбіз. Ғ.Төлеғұлдан кейінгі кезек бізге келген. Орысшадан ешкімге де оңайлықпен дес бермес досымның бағын ашқан қазақ тілі деуіміздің себебі де жоқ емес. 1991 жылы Компартия құлар шақта партком хатшысы Төлеғұлов жолдасты жебеуші қанатымен көтеріп алып бөлім меңгеру­ші­­лік қызметін ұсынған өзге емес, облыс­тық қазақ тілді “Көкшетау” газеті бола­тын. Осыдан бастап оның дарын-қабілеті барлық қырынан жарқырап көріне бастады. Ұйымдас­тыру­шылық дейсіз бе-ау. Шығармашылық дейсіз бе-ау. Қайсы­сынан болсын қамшы салғызбады. Бұдан кейінгі жиырма жылдық еңбек жолы облыс көлеміндегі жауапты қызметтермен тікелей байланысты. Ал 2004 жылдың сәуірінен дәл бүгінгі таңға дейін облыс­тық тілдерді дамыту басқармасын аса бір байыптылықпен басқарып келеді. Әлбетте, біз қазақ тілді “Көкшетау” газеті Ғосман Төлеғұлұлын көтерді деген сөзді әсте де мансап тұрғысынан айтып тұрған жоқпыз. “Көкшетау” оның азамат­тық толысу, шығармашылық дарынын ашу баспалдақтарына жол ашты. Ең бастысы сол, биліктің бір шетінде жүрген ол халқының кәдесіне жарай білді, ұлттың мұрат-мүддесіне қарлығаш қанатымен су тамызғандай септесуден жазбады. Әсіресе егемендік­тің алғашқы жылдарында тіл майданын­да орыс тілділер дейтіндердің өкілдері­мен толып жатқан мәселелер бойынша талай-талай пікірталастар мен айтыс-тартыстарды бастан өткерді. Мінезі ор­нық­ты, білімі терең, өмірлік тәжірибесі бай, парасаты мол Ғ.Төлеғұл сондай сындарлы шақтарда ұстанымына берік болды, өзінің наным-көзқарасын қор­ғауда табанды күрескерлікпен қатар, жан дүниесінің зор мәдениетін де танытты. Осы ретте біздің досымыз туралы қарсы майданның қас-қабағын білу артық болмас еді. Көкшетауда шығатын тәуелсіз “Курс” газетінде белгілі жазу­шы, публи­цист Виктор Терещук былай деп жазды: “...Тілдер проблемасы жөнін­де басты қарсыластар облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының бастығы Ғосман Төлеғұл­ұлы және мен болып шықтық. Қарсы­ласым, былайша айтқанда, бірден шабуыл­ға көшіп, облыс халқын мемлекет­тік тілді үйренуге тезірек әрі белсендірек икемдеу орайындағы ой­­ларын ортаға салды. Мен болсам айдан анық нәрсені жоққа шығармай, әйткен­мен, осы қар­бала­ста орыс тілінің шетке қағылмауын ізерледім. Сол пікірталас бірнеше сағатқа созылды. Кейіннен газет бетінде жалғас­ты. Пікірталас еркін, ашық, тартысқа толы, тіпті, кей реттерде қытымыр, қатаңырақ болса да, оған қатысудан өз басым шынайы ләззат алдым. Мәселенің маңыздылығынан ғана емес. Оның тағы бір себебі сол, қарсыласымның әншейін сықиған шенеунік емес, өз ісіне адал беріл­ген, өресі биік кәсіпқой екенін бір­ден сезіндім. Ой өрбітуші аса мәдениетті, зиялы адам еді. Пікірталастың ең бір шиеленіскен тұс­тарының өзінде де қарсы­ласым сабырлы, байсалды қалпынан жаңылмады, бірде-бір намысқа тиерлік ауыр сөз айтпады. Ол тек балталаса бұзылмас “темір” дәлелдерді келтірді де отырды. Сонысымен бәрімізді ұстам­дылыққа, мәдениетіміздің үлкен саласы – тіл туралы айтысқанда үлкен мәдениет­тілікке шақырғандай болды. Шынын айтқанда, осы пікірталасты және сондағы қарсыласымды әлі күнге дейін бір жылы сезіммен еске аламын. Сол жекпе-жектен кейін Ғосман Төлеғұлұлы екеуміз жолыққан сайын құшақтасып амандаспай өткен жеріміз жоқ. Мұндай үлкен жүректі адаммен басқаша болуы мүмкін де емес”. Міне, идеялық қарсыласы болған орыс азаматының біздің досқа берген бағасы. Өзін мемлекеттік қызметтегі қазақ ұлтының өкілі ретінде өзгелерге сыйлата білуі, халқының мүддесін көздеген өз пікірімен санастыруы, ұятқа қалдырмас биік өреден көрінуі Ғ.Төлеғұлдың қай деңгейдегі қайраткер үшін де үлгі боларлық өнегесі дер едік. Және де осындай жәйт­тер­дің бәрі Ғосман Төлеғұлұлының мем­ле­кет­тік қызметтегі шенеунік шек­пеніне әсте сыймас қайраткерлік тұлғасы мен азаматтық бітім-болмысын ажарлан­дырып, айшықтай түсетіндей. “Мәдениет қайраткері” және “Қазақ тілінің жана­шыры” төсбелгілерімен марапат­талуы осы сөзіміздің және бір айғағы. Мақаламыздың соңына қарай сары майдай сақтап отырған тағы бір жайға келер болсақ, Алаштың алып жазушысы Мұхтар Мағауин: “Алыс Көкшетауда жат­қан зиялы азамат Ғосман...” деп ілтифаты­на алыпты. Талабы қатты, талғампаз Мұхаңның аузынан сирек шығатын лебіз. Тіпті, ауызша да емес, шығармалар жинағының 11 томының 431-бетінде тасқа басып тұрып айтқан. Атақты жазушының алғысына Ғосман Төлеғұл­ұлы елді елең еткізген “Қазақ тарихының әліппесі” кітабын орыс тіліне тамаша тәржімелеп шыққаны үшін бөленіп еді. Қазақша қанық бояуды, астарлы да ажарлы мағынаны орысша айқын таңбалап жеткізе білген тілектес аудар­машы өз ықыласымен құдай беріп табыла кеткеніне Мұхаңның мейір­лене қуанғанына сол кезде ол кісінің қасында “Жұлдыз” журналында жүрген өзіміз де куә болғанбыз. Қаншама жауапты қызметтер атқара жүргендегі Ғ. Төлеғұлдың бір дара қасиеті – шығармашылықтан бір сәтке қол үзген емес. Қазақша, орысша бірдей жазады. Бұл күнге дейін қазақшадан орысшаға аударған үлкенді-кішілі оннан аса, орысшадан қазақшаға қотарған бес кітабы жарық көрді. Редакторлық еткен, құрастырған кітаптарының бірқаншалығы да біраз сырдан хабардар еткендей. Ол кімдерді аударды десек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қойшығара Салғараұлы, Әлібек Асқар, Дүкенбай Досжан есім­дері­нің алдан шығуының өзі-ақ еңбектің толым­дылығын танытқандай. Сонымен бірге, көкшетаулық қаламгер, марқұм Нұрмұханбет Ысқақовтың “Кене­сары ханның жорықты жолдарымен” атты өте құнды тарихи-танымдық кітабын орыс­шалау­ы да оның ұлттық рухқа адалдығын және бір паш еткендей. “Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады” дегендей, әлемдік ақыл-ой алып­тарын қазақша сөйлетті. Бұлардың ішінде орыс ғалымы К.Циолковский, ағылшын философы Б.Рассель, әлемдік марқасқалар Роберт Оуэн, Карл Клаузе­виц, Артур Шопен­гауэр бар. “Әлемдік саясаттану анто­логиясының” сегізінші томын мұздай қып аударып бергені үшін Ғосманға белгілі баспагер ағамыз, талғам-талабы Мұхтар Мағауиннен артық болмаса, кем емес Нұрмахан Оразбектің де ризашылығы мол көрінді. Ғ.Төлеғұл айтады: “Жалпы, орыс тіліне аударудағы басты мақсатым – егемендіктің алғашқы жылдарында қаулап жарық көре бастаған қазақ тарихын, оның бұған дейін беймәлім болып келген аса көп ақтаңдақ­тарын, қазақи өр рухты төлтума мәдениетті көрсететін тамаша кітаптарды орыс тілді оқырманға жеткізу болды. Мұны өмірлік мұратыма бала­дым”. Олай болса, біздің досымыз мұра­тына жетті деп есептейміз. 1991 жылы Көкшетауда Абылай ханның 280 жылдығы өткізілейін деп жатқанда осынау ұлы тұлға туралы көрнек­ті тарихшы Рамазан Сүлей­меновтің көлем­ді еңбегін орыс тіліне тезінен тәржімелеп, облыстық “Степной маяк” газетінің табаны күректей он нөмірі­не жариялатып еді. Осылай басталған өмір­лік мұраттың бас­тау-бұлағы бірте-бірте кеңейе берген. 2008 жылғы қарашаның соңғы күндерінде “Егемен Қазақстанда” Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың “Елбасы” атты айтулы мақаласы жарық көрді. Келесі күні “Казах­станская правда” дүйсенбіге қара­мастан арнайы нөмір шы­ға­рып, жаңағы мақала­ның орысшасын “Лид­ер нации” деген атпен үлкен екі бет етіп берді. Осыны сонау Көкшетауда оты­рып ұзақты күн орысшаға аударып, Астана­ға “электрон­ды поштамен” жеткізіп берген де Ғосман Төлеғұлұлы болатын. Абылай ханнан тартып, Кенесары ханға жалғаған, одан қазақтың арғы-бергі тарихын адақтай келіп, бүгінгі ел Президентінің толағай еңбегін орыс тілді оқырманға жарқыратып жеткізуге септескен, біздің ғана емес, “Егемен Қазақ­станның” да абзал досы, ті­лек­тесі Ғ.Төлеғұлды өзінің осындай өмір­шең қанаттары биік мұрат­тарына самғата бергей. Қорғанбек АМАНЖОЛ.