10 Ақпан, 2017

Жастарға жағдай жасалса, қалаға қарай қашпас еді

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 Оңтүстік Қазақстан облысы Орда­ба­сы ауданының орталығынан бар-жоғы бес шақырым қашықтықта Қажымұқан ауылы бар. Бұл – бұ­рын­ғы Қажымұқан атындағы кең­шар­дың бөлімшесі. Аудан орталығы – Темірланмен жалғасып жатқан ауыл. Атағы жер жарған Қажымұқан Мұ­ңайт­пасовтың кесенесі де осы елді мекен­де. Күш атасының басына алыс-жақыннан тәу етіп келетіндер көп. Бұл екі жүзге жуық түтіні бар айран­дай ұйыған ауыл. Осы ауылдың орта тұ­сын­да клуб бар. Салынғанына да жарты ға­сырдан асып қалды-ау шамасы. Қазір әб­ден тозығы жетті. Айтайын дегенім бұл емес. Клубтың артқы жағында тал-те­рек­пен көмкерілген, көлеңке-саясы мол, ау­қымы кең волейбол алаңы болатын. Шіліңгір шілденің аңқаны кеп­ті­ретін ап­тап ыстығы кезінің өзінде ауыл­дың үлкен-кішісі осы жерден шық­пай­тын. Ағалар мен жастар командалары, оқушылар құрамасы ақ тер, көк тер бо­лып спорт сайыстарына қатысатын. Тіпті кей күндері командалар қатары көп болып, жарысты қас қарайып, көз бай­ланғанша аяқтай алмай, ертеңіне қайта жалғастыратынымыз бар еді. Жан беріп, жан алысқан қызу дода. Бір ұпай үшін шыр-пыр болып қаласың. Алып жатқан жүлдең жоқ, бірақ жарыс үшін жаныңды саласың. Талас-тартысқа толы күндер еді-ау. Бұл – бір. Екінші – сол кезеңде жастар ауыл­дан қалаға қарай ағылған жоқ. Об­лыс орталығы – Шымкент қаласы Қажы­мұ­қан ауылынан бар-жоғы қырық ша­қы­рым қашықтықта. Күндіз-түні көлік қа­тынасы үзілмейді. Соның өзінде қа­лаға барып-келіп жұмыс істеуді қа­ла­ған қатарластарым некен-саяқ болды. Өйткені, олар ауылдың додалы жарыс­тары мен қызықтарынан қалыс қалып ке­тетінін білгендіктен, алысқа ұзаған жоқ­. «Ушы-шуы көп қаладан гөрі күн­діз-түні қызығы таусылмайтын ауылда жүргенім артық» дейтін. Үшінші – ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық деген болмаушы еді. Өйткені, үлкен де, кіші де клубтың ма­ңын­да жүретін. Күндіз – спорт сайыс­тары, кешке – кино, концерт. Театр артистері де жиі келеді, клубтың кіш­кентай сахнасында спектакль қояды. Ма­лын жайғап болған ағайын бала-ша­ғасымен, тайлы-таяғымен клубқа жинала­ды. Естен кетпес қызық дәурен. Төртінші – сол уақытта шаруа­шы­лық­тың кәсіподақ, спорт ұйымдары, оның басшылары бар, оларға алақан жай­май-ақ, волейболдың керек-жа­ра­ғын ортадан ақша шығарып, өзіміз сатып алатынбыз. Алаңды ретке келтіру, құм төсеу жұмыстары да көптің кө­ме­гі­мен, ың-шыңсыз бітетін. Бұл мысалды айтып отырған се­бебіміз – «Қазір жастар ауылда тұ­рақ­та­майды, қалаға қарай қашады» деген әң­гі­ме көп. Бұл – шындық. Көп ауылдарда қа­райып қарттар ғана қалды, жастар жай­лы жер іздеп, басқа жаққа қоныс аударып кетті. Тіпті тіршілігін тоқтатқан ауыл­дар да аз емес. Бұл мәселені «Егемен Қазақстан» газеті ұдайы көте­ріп келеді. Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен, Моң­ғолиямен, Ресеймен шекаралас ауыл­да­рының қаңырап бос қалғаны жайлы жа­найқай мақала шықты. («Шекаралық аудандар: бірі озып, бірі тозып тұр...»,«Егемен Қазақстан», №25, 6 ақпан, 2017 жыл). Ал, егер ауылдарда жағдай жасалса, жастардың жаппай қалаға қарай ағылуы тоқтар еді, азып-тозған ауылдар азаяр еді. Өйткені, қалаға келген жастардың бәрінің бірдей шекесі қызып жүргені шамалы. Көбі базар жағалап, арба сүйреп жүр. Тапқан-таянғаны та­мағынан артылмайды. Олар үшін ауылда жайлы жағдай жасалса, қала асып несі бар? Жағдай дегеніміз не? Біріншіден, жұмыс орны. Нарық жағдайында ауылда жұмыс жоқ деп айтудың өзі ұят. Төрт түлік бақсаң да, жер қазсаң да – жұмыс. Нәпақаңды айыруға болады. Тек көзін тап. Арланба. Екіншіден, ауылдарда да, қаладағыдай керемет болмаса да, елді мекендерге лайық демалыс орындарын ашуды ойластырған жөн. Өйткені, жастардың бір уақыт бас қосып, демалыс сәттерін жақсы өткізетіндей жағдай жасамаса болмайды. Әрине, караоке, кинотеатр секілді кәсіпкерлік түрлерін ашу соншалықты табыс әкеле қоймас. Пайданы ойлаған кәсіпкерлердің мұндай қадамға бара қоймайтыны да белгілі. Бірақ, ауылдарды көркейту мен жастардың туған жерде ту тігуін ойласақ, пайданы екінші орынға ысыра тұруға тура келеді. Тіпті жекешелендіру кезінде жекенің қолына өтіп, кейін қараусыз қалған клубтар мен мәдениет үйлерін жөндеуден өткізіп, ауылдық әкімдіктердің иелігіне берсе, тұрғындардың бас қосатын орнына айналар еді. Оның үстіне қазір жергілікті жердегі салық өздерінде қалатын бол­­ған­дықтан, соның есебінен клуб, кі­тап­хана меңгерушілері секілді жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Осыны да ойластырған абзал. Қалай болғанда да, ауылда жастарға лайықты жағдай жасалса, олар қалаға қарай қашпас еді.

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»