10 Ақпан, 2017

«Оң қол» фильміне оң баға берілді

3905 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жазушы Төлен Әбдіктің драмалық-психологиялық жанрда жазылған «Оң қол» әңгімесі оқырман қауымды қазақ әдебиетіндегі жа­ңа­­шылдығымен селт ет­кізген шығарма болатын. Қостанайлық Жәнібек Кәрбозов өткен жы­лы Т.Жүргенов атындағы өнер академия­сын тәмамдарда осы шығарманы экрандауға бел буған екен. Сол еңбегін сәтті аяқтап шығып, дип­лом жұмысын қорғағанда комиссияның жақсы баға­сын алды әрі білім ордасын үздік бітірді. – Төлен Әбдік менің атам Кәкімжанның туыс інісі болады. Көзімді ашқалы үйде де, ауылда да Төлен атам туралы естіп, оның кітаптарын бала күнімізден оқып өстік. Бала кезде «Оң қол» әңгімесінен «қор­қатынбыз». Төлен атам­ның осы шығар­масы­ның желісімен фильм түсіруге автордың өзінен рұқсат сұрадым. Ол кісі қарсы еместігін айтып, батасын берді, бұл арманыма қанат байлағандай болды, – дейді жас режиссер Жәнібек Кәрбозов. Жәнібек фильмде әңгіме мәтінін сол кү­йін­ше алғанымен, ол шы­ғарманың экрандық нұс­қасына ешқандай нұқсан келтірмеген. Режиссер көп ізденістермен өзіндік шешімдер жасауға талпынады. 30 минуттық қысқа метражды фильм көрерменін баурап алады, ойландырады. Жазушы күнделікті тірлікте көз үй­ренбеген оғаштау оқи­ғаны әңгімелей отырып, оқыр­манын Алма арқылы өмірге ынтықтыра түседі. Режиссер де шығарма ав­торының осы ойын дөп баса білген. – Экрандағы «Оң қол­ды» бейжай тамашалау мүмкін емес. Үрей мен үміт қос қанатыңа айналып, тылсым бір әлемге сапар шеккендей әсерге енесің. Бәрі шынайы. Төлен Әбдік осы туындысы арқылы оқырманына ой әлеміндегі жауапкершілігін сездірсе, Жәнібек оған жастыққа тән романтика, режиссерлік шешімін қосқан. Ол қыз бен жігіт арасындағы бейкүнә эпизодтарды сәтті бере білген. Әңгімеде Алманың анасы айтылса, кинода әкесі көрініс табады. Дәрігердің қолындағы «Әке» кітабы да кездейсоқтық емес, тұспал тәрізді. Сол ар­қылы Алманың өліміне кінәлі адамның сұлбасы көрінетіндей, – дейді кино­ның тұсаукесерін көргеннен кейін ой бөліс­кен журналист, ақын Абылай Мауданов. Қазақ киносындағы драмалық-психологиялық жанрдың қарлығашы деуге лайық «Оң қол» бүгінгі күннің күйіп тұрған тақы­рыбының бірі – суицид мәселесін тұспалдап қоя­тындай. Алма неге өз қолының құрбаны болды? Әлде жақсылық бар жерде жамандық жүретіні, адам өз бойындағы жақсы­лықтың емес, жаман­дық­тың құрбаны болатынын айтқысы келді ме? Көрермен ойы сан-саққа кетеді. Қайткенде де режиссер жазушының ойынан шығуға тырысқан. Фильмде дәрігердің рөлін Ғ.Мүсірепов атын­дағы жастар театры­ның актері Әсет Есжан, Ал­маның рөлін Т.Жүр­генов атындағы өнер акаде­мия­сының 3-курс сту­денті Зухра Сайпи ойнайды. Екеуі де шынайылығымен көрерменін сендіре біл­ген. Алманың әкесінің рөлін көрерменге Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінен жақсы таныс Ерболат Тоғызақов алып шықты. Фильмді музыкамен композитор Ұшқын Жамалбек көркемдеді. Айтпақшы, фильмді көр­геннен кейін Төлен аға жас режиссердің талабына ризашылығын білдіріпті. Ал Жәнібек Кәрбозов­тың осыған дейін түсірген қысқа метражды «Боранды түнде» және «Кәусарым» фильмдерін көрермен жы­лы қабылдаған болатын. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ