10 Ақпан, 2017

Қостанайда суретші Георгий Соковтың 41-ші көрмесі ашылды

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Суретші  Георгий Соков  өзінің 41-ші рет ашылып отырған көрмесін «Ақ пен қара» деп атапты. Шығармалары тек графика жанрында орындалған.  «Мен үшін қарама-қайшы осы екі түстің өзі көп нәрсе айтатындай көрінеді. Қазір түстің алуан түрін пайдаланып салатын кескіндеме жанры сұранысқа ие екенін білемін. Бірақ өнер деген ұлы ұғымда шектеу болмауы тиіс. Мен «ойымды неге графика жанрымен айтпаймын?»   деді Георгий Михайлович көрменің ашылу салтанатында. Георгий Михайлович Соковтың сөзінше, қазіргі көрмелерде графика сирек ұсынылады, өйткені кез келген заманауи суретші күрделі, әрі көп еңбекті қажет ететін нақыш техникасында жұмыс жасауға бел буа бермейді. Г. Соковтың графикалық туындыларының сюжеттерінде дала салт аттылары, рыцарьлар, авторды толғантатын әдеби кейіпкерлер жиі кездеседі. Суретші туындыларына жоғары орындау мәдениеті, бай қиял, мәнерлілік, ақ пен қара түстердің кереғарлығы тән. Ол мысқылшыл, ашулы, сыршыл бола алады,  оған тұрмыстың және өмірдің асқақ тұстарына қол жеткізу оңай. Салтанатта облыстық мәдениет басқармасының  басшысы Ерлан Қалмақов суретшіні көрменің ашылу салтанатымен құттықтай отырып,  өнер  адамдарының шығармаларында  үндестік болатынын айтты. Ол Мұқағали Мақатаевтың   өлеңін орыс тілінде оқып берді. Сонымен қатар оның шәкірттері, әріптестері және суретшінің талантын құрметтейтін көрермендер жылы лебіздерін айтты. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»