Қарағанды облысының баспана нарығында баға төмендеп келеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Ұлттық экономика министрлігі статистика департаментінің мәліметтері бойынша, жаңа баспананың бір шаршы метрінің сатылым бағасы 2016 жылдың қараша айымен салыстырғанда 0,3 пайызға арзандап, 247,4 мың теңгені құраған.
«Абаттандырылған баспананы қайта сату құны 0,1 пайызға арзандап, 188,6 мың теңге болған. Ал мұндай баспаналарды жалға алу бағасы өзгеріссіз қалды және шаршы метрі 1278 теңгені құрады», - деді өңірдегі статистика департаментінің баспасөз қызметі. Қарағандыдағы пәтер сатылымы сегментіндегі баға ауытқулары шамалы.
«Уақыт алатын ипотекасыз және өзге де төлем түрлерінсіз, қолма-қол төлеу кезінде қайталама нарықтағы пәтер иелері айтарлықтай арзан бағаға сатады. Яғни, қолма-қол төлем жасаушыларға жеңілдік болады», - деп атап өтті статистика департаменті.
Мониторингтің көрсетуінше, Қарағандының қайталама нарығында үш бөлмелі пәтерді шамамен 11 миллион 474 мың теңгеге алуға болады. Жаңа салынған үйлер - 15 миллион теңгенің айналасында. Екі бөлмелі пәтерлер 8-9 миллион теңгеге бағалануда. Бір бөлмелі пәтерді 5-6 миллион теңгеге алуға болады. Кез келген сатушы саудаласуға, бағаны төмендетуге дайын.